«Даму» – кәсіпкердің «арқасүйері» (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

«Даму» – кәсіпкердің «арқасүйері» (ФОТО)

29.10.2020, 10:20

290 1

Kyzylorda-news.kz. Даму қоры істің көзін тауып, бизнес бастаған кәсіпкерлердің алғашқы «арқасүйері». Халыққа тиімді, сұранысқа ие кәсіпті қолдауға дайын тұрар аталған қор елімізде 20 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Бүгінде мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған қордың арқасында бизнесін өрге дөңгелеткен кәсіпкерлер өте көп. Аталған қор тарапынан түрлі жобалар қолға алынып, ел игілігіне жүзеге асып келеді.  

Биылғы жылы Кәсіпкерлікті несиелендіруді қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Қызылорда облысының кәсіпорындарына несие сомасы 4 млрд теңгені құрайтын 136 жоба бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетті. Несиелерді кепілдендіру бойынша 3 млрд теңгеге 104 жоба қолға алынды.

2001 жылдан бері кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып келе жатқан «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша атқарылған жұмыстарын ақпараттандыру мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.

Баспасөз турының алғашқы нысаны қор тарапынан қолдау тауып, қазіргі уақытта Қызылорда облысында ірі кәсіпорынға айналған»Dalatex» ЖШС тігін фабрикасы болды.

«Dalatex» ЖШС компаниясының негізін қалаушы Ділмұхамед Әбизов тоқыма өнімдерін өндірумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінгі таңда кәсіпкер ерлер жейдесін тігіп, республиканың барлық аймағына өз өнімін таратуа. Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы кезінде тігін цехы бетперде тігуді қолға алып, тәулігіне 10 000 дана маска шығарып, өнімдерді жергілікті жұмыс орындарына таратты. Сондай-ақ Сыр өңірінен шыққан маска өзге аймақтарға да жеткізілді.

Екі айдан астам уақыт бетперде тіккен кәсіпорын қазіргі таңда мұнайшыларға арналған арнайы жұмыс киімін тігу үстінде. «ҚазГермұнай» ЖШС-нің тапсырысына сәйкес, 400-ден аса арнайы киімнің қыс және жаз мезгіліне арналған түрлері тігіледі.  

«Қазіргі таңда жергілікті мұнай компаниясының тапсырмасына сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Цехта 55-ке жуық мамандар жұмыс істейді. Оның 40-ы тігінші мамандар. Цех алғашқыда ерлер жидесін тігіп бастап, қазіргі күні арнайы киімдер мен күштік құрылымдардың тапсырысына сәйкес, форма түгуді де жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар былтырғы жылы облыс әкімінің тапсырмасына орай аймақтағы бірінші сынып оқушыларына арналған мектеп формасын тігіп, оларды қамтамасыз еттік», – дейді  тігін цехының атқарушы директоры Нұргүл Қосаева.

Цех басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті алғаш бастаған жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жылдық 14 пайызбен 51 млн теңге несие алған. Оның 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялаған.

«Бастапқы кезде кәсіпкерлікті дамытуға несие алынды. Қазіргі таңда кәсіпорынның өз қаражаты есебіне кәсіп алға басуда», – деді Нұргүл Қосаева.

Цехтағы тігіншілердің ең төменгі жалақасы 80 000 теңге. Тігіншілер мұнда жасаған еңбегіне қарай жалақы алады. Мәселен, қолы жылдам, тапсырысты тез бітірген тігіншілер 200 мыңға дейін айлық алады.

«Dalatex» тігін цехына 2016 жылдың тамыз айынан бастап жұмысқа қабылдандым. Сол уақыттан бері үздіксіз жұмыс істеп келемін. Алғашықада ерлер жидесін тіктік, қазір арнайы мамандардың қыстық жаздық кимдерін тігудеміз. Жалақыны уақытылы аламыз. Өзім бір күнде екі үш арнайы киім тігіп өткіземін. Себебі бұл киімнің әрбір детальдарына дейін өзіміз пішіп, құрастырып, тігіп шығамыз. Сондықтан біраз уақыт оның қалтасын, бауларын жинауға кетеді», – деді цех тігіншісі Майра Асылбекқызы.

Тігін цехында ерлер жидесі көтерме бағамен 3000 теңгеден басталады. Өнімдер Қазақстанның барлық аймағына таралып, Ресейге экспортталады.

Баспасөз турының келесі бағыты «Жан-Арай» ЖШС күріш өсіру кәсіпорны болды.

«Жан-Арай» ЖШС 2015 жылы іске қосылды. Компанияның негізгі қызметі серіктестік пен шаруа қожалықтарының фьючерстік келісімшарттары бойынша қаржыландыру, сондай-ақ күрішті жинау және өңдеу болып табылады.

Компания қазіргі уақытта облыстың алдыңғы қатарлы күріш өсіру құрылымдарының қатарына кіреді.

Серіктестік «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болып, 300 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Жылдық мөлшерлемесі 14 пайызды құрайтын несиенің 4,2 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Он гектар аумақты алып жатқан серіктестіктің күріш ақтау зауыты, қоймасы, зертхана, макарон цехы және мейрамханасы бар.

Жан Арайдан ақталған күріш республиканың көршілес елдеріне экспортталады. Қазіргі таңда Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне серіктестік өнімі жеткізілуде.

Серіктестіктің директоры Мұрат Айменовтың айтуынша құрама жем зауыты неміс технологиясы бойынша жұмыс жасайды.

«Құрама жем зауытының құрылыс монтаж жұмыстарына 375 млн теңге жұмсалды. Греманиядан әкелінген құрылғы 250 млн теңгені құрады. Күріш ақтау зауытының құрал-жабдықтары 600 млн теңгені құрады. Жуырда өз тойханамызды аяқтадық. Мұнда қонақ үй, хостелдер, конференция зал да бар», – дейді серіктестік директоры Мұрат Айменов.

«Жан Арай» ЖШС алдағы уақытта жылыжай өндірісмен де айналысатын болады. Төрт гектар аумаққа жоспарланған жылыжай құрылысының жоба сметалық құжаттары дайындалуда.

«Дәл қазіргі уақытта жылыжайдың жоба сметалық құжаттары дайындалуда. Нақты қаржысы белгіленген жоқ. Дегенмен, бұл кәсіпке біздің жобамыз бойынша 800-900 млн теңге қажет», – дейді директор.

Құрама жем зауыты тәулігіне 80 тонна жем шығарады. Ал күріш ақтау зауытының қуаттылығы тәулігіне 150 тоннаны құрайды. Егін науқанының енді аяқталуына байланысты құрама жем ақтау зауытының жұмысы уақытша тоқтап тұр.

Баспасөз турының соңғы аялдамасы «Сапа К» жеке кәсіпкерлігінің «QOLONER» ұлттық киім және кәдесыйлар өндіру цехы болды. Ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарын және кәдесый өндірумен айналысатын цех «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болған.

Өткен жылы цехтың жұмысын кеңейту мақсатында кәсіпкер Аида Керімқұлова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жылдық 15%-дан 19 млн теңге несие алуға өтінім берген. Мемлекеттің көмегіне ие болған кәсіпкер кесте тігу құрылғысы мен қосымша жабдық сатып алды. «Даму» қоры цехты дамытуға алынған несиенің жылдық 9% субсидиялауды ұсынып, қалған 6% кәсіпкер өзі төлейді.

Қазіргі таңда цех ұлттық нақыштағы киімдер тігуде. Сонымен қатар түрлі стильде бетперде тігуді де жалғастырып келеді.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Суреттер автордыкі

1

Пікір қалдыру