Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша аймақтар арасында республика көлемінде алдыңғы қатарда екенін жақсы білеміз. Үкімет отырысында айтылған жаңалық Сыр жұртшылығын бір қуантып тастады. Әйтсе де Алашқа ана атанған Сыр өңірі мұндай нәтижелі көрсеткішке қалай жетті? Бұл ретте атқарылған жұмыс, тартылған инвестиция, өндіріс, құрылыс, инфрақұрылым сынды тағысын тағыатап өтерлік тындырымды тірлік жетіп-артылады. Бұл қатарға аймақтың бюджеті де қосылатыны жасырын емес. Өйткені жұмыс істеу үшін де ақша қажет деген қағида тағы бар. Орайы келгенде Қызылорда облысының бюджеті жайлы сөз қозғағанды жөн санадық. Ақпаратымыз шынайы шығуы үшін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ел алдында айтқан сөзі мен аудан басшыларының Қызылорда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алға тартқан деректерін, қалалық аудандық мәслихат сессияларында келтірілген сандарды және аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте негізге алынған мәліметтерді шолып шығатын боламыз.

Қызылорда облысының бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді

Аймақтың бюджеті 650 млрд теңгеге жеткенін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Наурыз мерекесі қарсаңында ел алдына шығып сөйлеген құттықтау сөзінде айтып өтті. Облыс басшысының сөзінше, қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында алғашқы орынды иелендік.

– Тамыры терең, тарихы кенен Алаштың анасы – қасиетті Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды даму жолына түсті. Қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында алғашқы орынды иелендік. Биылғы бюджетіміз 650 млрд теңге болып бекітілді. Бұл ауқымды қаражат халықтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуда. Сырбойылықтардың 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл осы бағытта 14 жоба жүзеге асырылады. Өңіріміз күн санап көркейіп, қала мен ауылдардың ажарын айшықтайтын зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеруде. Алдымызда айқын міндеттер, оларды жүзеге асыруға құрылған жүйелі жоспарымыз бар, – деді аймақ басшысы.

 

Қызылорда: қала бюджеті 74,7 млрд теңгеден асты

Өткен жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қызылорда қаласының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 108,7% орындалып, 232,9 млрд теңгені құрады. Бюджет 98,5% игерілді.

Қаланың өз кірісі 2022 жылы 16,7 млрд теңге болса, 2023 жылы 6,7 млрд теңгеге өсті.

2022 жылдың басында қала бюджеті 51,7 млрд теңге болса, екі жылда облыстың бас шаһарына бөлінген қаржы екі есе өскен. Өткен жылды Қызылорда қаласы 95,2 млрд теңгемен қорытындылағанын айта кеткен дұрыс.

Негізі Қызылорда қаласының бюджеті 2024 жылға 58,2 млрд теңге болып бекітілді. Қала бюджетінің құрамында 40,4 %, немесе 23,5 млрд теңге трансферттер, өз кірістері – 37,7 % (21,9 млрд теңге), субвенция – 15,6 % (9,1 млрд теңге), несиелер – 6,3 % (3,7 млрд теңге). Даму бюджеті 16,1 млрд теңгені құрады.

Жыл басынан бері Қызылорда қаласының бекітілген бюджетінде жалпы құны 31,9 млрд теңгені құрайтын 92 жобаға қаржы, оның ішінде Ұлттық қордан 4,4 млрд теңге, республикалық бюджеттен 6,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 21,4 млрд теңге бөлінді.

Арал ауданының бюджеті артқан

Қолда бар деректерге жүгінсек, биыл Арал ауданының бюджеті көбейген. Өткен жылмен салыстырғанда 770 млн теңгеден астам қаржыға артып отыр. Нақтырақ айтқанда, Арал ауданының биылғы бюджеті 15 млрд теңгеден асады.

Мақалаға арқау еткен ақпаратты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Арал ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте айтылған мәліметтерден алып отырмыз. 

– Өткен жылы Қызылорда қаласы мен аудандар бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 24,3 млрд теңгені немесе 148% құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділіктің төмендегені байқалады.  Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд теңге болса, 2023 жылы 3,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Осы жиында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев алдағы уақытта жүзеге асатын және ұсынылған жобалар жөнінде баяндаған болатын. Аманжол Сақыпұлы айтқан мәліметтерді алға тартсақ, аудан бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 15,2 млрд теңге болып бекітілген.  Ол өткен жылмен салыстырғанда 770,1 млн теңгеге артық немесе 105,3% құрайды.

Қазалыда бюджет кірісі артқан

Қазалыда да ауыз толтырып айтарлық нәтижелі жұмыс аз емес. Аудан әкіміндегілер 2023 жылы көздеген мақсат-міндеттер жүзеге асты деп толық айта аламыз деп отыр. Өйткені 2023 жылға аудан бюджетінің кірістері 10,9 млрд теңге болып бекітілді. Ал жыл соңында 13,4 млрд теңгеге нақтыланып, 13,6 млрд теңгеге немесе 101,3 пайызға орындалды. Оның ішінде өз кірістері2,6 млрд теңге болса, субвенция көлемі 5,4 млрд теңге, ағымдағы нысаналы трансферттер 2,7 млрд теңге, нысаналы даму трансферттері 2,9 млрд теңге болған.

Қолда бар деректерге қарағанда, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қазалы ауданының өсу динамикасы тұрақты келе жатыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 22,5 млрд теңгені құрап, 107,5% болды, бюджет қаражатына тәуелділік төмендеген. Бюджет қаржысы 99,9% игерілген. Тағы бір атап өтерлігі, Қазалы аудандар бөлінісінде 2-орынға тұрақтады. Өз кірісі 2022 жылы 2,1 млрд теңге болса, 2023 жылы 2,6 млрд теңгеге өскен. Бұл ауданның 2024 жылғы бюджеті 11,1 млрд теңге, оның 2,6 млрд теңгесі – өз кірістері, қалған 8,5 млрд теңгесі – субвенция және трансферттер. Қазалылықтардың өмір сүру сапасын арттырып, қолайлы орта қалыптастыру үшін биыл 17 нысанның құрылысы жаңадан басталады. Бұл жобаларға 2,3 млрд теңге қаржы бөлінді.

Қармақшының биылғы бюджеті 15 млрд теңгеге жуықтаған


Қорқыт баба мәңгілік байыз тапқан Қармақшы ауданында 2024 жылға аудан бюджеті 14 млрд 617 млн теңге болып бекітілген. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2023 жыл 11 млрд 369 млн теңге болған екен.  

Биылғы бюджет өткен жылғыдан 28,5 пайызға немесе 3 млрд 248 млн теңгеге артып отыр. Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбековтің Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингтегі сөзіне сүйенсек,  бюджет кірісі артқан.


– Ауданның өз кірістеріміз 2024 жылға  2 млрд 111млн теңге болса, 2023 жылдың бекітілген кірістер жоспарымен салыстырғанда (2023 жылы – 1 млрд. 920 млн теңге)191 млн теңгеге немесе 10 пайызға артты. 2023 жылмен салыстырғанда республикалық және облыстық бюджеттен келген трансферттер көлемі (4 млрд 64 млн теңге) 1 млрд 550 млн теңгеге артты. Жалпы 2024 жылы трансферттер көлемі  5 млрд 615 млн теңгені құрады. 2023 жылы аудандық бюджеттен қажеттілігіне қарай елді мекендерді көркейту мен абаттандыру мақсатында 437 млн теңге қосымша бағытталған болса, 2024 жылы бұлкөрсеткіш 2 есеге артық жоспарланып, 919 млн теңге бағытталды, – деді Қармақшы ауданының әкімі.
 

Жалпы Қармақшы ауданы бойынша 2024 жылдың1 қаңтарына түсімдер болжамы 12 млрд 373 млн теңгенің орнына 12 млрд496 млн теңгеге атқарылып, 101 пайызды құраған.

Жалағаш: трансферттер 3,5 млрд теңгеге жеткен

Ақ күріштің Қостанайы атанған Жалағашта да 2023 жылы бюджетті игеру жұмыстары қарқынды жүрген. Деректерге қарағанда, Жалағаш ауданының бюджеті өткен жылы 10,8 млрд теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылған. Мамандар өз кірістері 100,7 пайызды құрап, 1,9 млрд теңгеге орындалды деп отыр.

Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингтегі сөзіне сүйенсек,  бекітілген бюджеттің ішіндегі субвенция көлемі 4,1 млрд теңге болып отыр.

– 2024 жылға бекітілген аудан бюджеті 10,2 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде, жергілікті кірістер болжамы 2,2 млрд теңге, субвенция 4,1 млрд теңге, трансферттер 3,5 млрд теңге, бюджеттік кредиттер 0,4 млрд теңге, – деп атап өткен Жалағаш ауданының әкімі.

Сырдария ауданының даму динамикасы тұрақты

Облыс орталығына ең жақын ауданның бірі ретінде Сырдарияны атап өтуге болады. Өңір өзегі болып саналатын өзенмен аттас ауданның өсу динамикасын мамандар тұрақты деңгейде сақталған деп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 65,5 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатының игерілуі 99,5%-ға орындалып, аудандар бөлінісінде 4-орынға тұрақтаған. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 4,7 млрд теңге болса, 2023 жылы 5,2 млрд теңгеге өскен. 

Трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда Сырдария ауданының 2024 жылғы бюджеті 11,1 млрд теңге болып бекітілген . Өткен жылы 10 млрд теңге болатын. Бюджеттің өз кірістері 42,8 пайыз немесе 4,7 млрд теңге, даму бюджеті 2024 жылға 3,5 млрд теңге болса, облыстық басқармаларға қаралған қаржымен қоса алғанда 5 млрд теңге екенін айта кетейік.

Шиелі: бюджет шығысы 99,8 пайызға игерілді

Жеті әулиеге мекен болған Шиелі ауданының2024 жылғы бюджеті несиелерді қоса есептегенде 14 млрд 977 млн теңге көлемінде бекітілген. Оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 229 млн теңгені құрайды. Өткен  жылдың басында аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 10 млрд 754 млн  теңге көлемінде бекітілді, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 166 млн теңге болды.

Тағы бір айта кетерлігі, 2024 жылғы 1 қаңтарға түзетілген бюджет несиелерді қоса есептегенде 16 млрд 457 млн теңге көлемінде бекітілген екен. 
2023 жылға жоспарланған аудан бюджетінің шығысы99,8 пайызға игерілді. 

Жаңақорған: Өткен жылы аудан бюджетінің кірістері 1 млрд теңгеге дейін артты

Қызылорда облысының оңтүстіктегі қақпасы саналатын, Түркістанмен шектесіп жатқан Жаңақорған ауданының бюджеті 16,1 млрд теңге болып бекітілген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 5,4 млрд, облыстық бюджеттен 1,2 млрд, субвенция 4,9 млрд, ауданның өз кірісі – 3,8 млрд теңге. 
2023 жылғы бекітілген Жаңақорған ауданының бюджеті   3 млрд 354 млн теңгені құраған болатын. Өткен жылы аудан бюджетінің кірістері 1 млрд теңгеге дейін артты. Оның ішінде,  салықтық түсімдердің жоспары 3 млрд 950 млн 985 мың теңгенің орнына 4 млрд 365 млн 331,6 мың теңге түскен.

414 млн 346,6 мың теңге артық түсім болып 110,5 пайыз. Салыққа жатпайтын түсімдер 570 млн 397,9 млн теңгені құрап, 4 есеге жуық артық түсті. 
Біз бұл мақаламызға облыстағы бюджет жайын ғана арқау еттік. Әйтпесе Сыр өңірінде ауыз толтырып айтарлық нәтижелі жұмыс жеткілікті. Аймақтың дәл қазіргі көрінісінен Қызылорданың үлкен құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады. Инвестиция тартуда да толымды жұмыстар аз емес.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ  
Фото: gov.kz

Тағы да оқыңыз: