Kyzylorda-news.kz. Биыл Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын қалыптасқан. Мәселен аудан бюджеті бірінші жартыжылдықта 102,9 пайызды құрап, барлық шығыс жоспары 100 пайызға орындалды. Ал өнеркәсіп саласының кәсіпорындары 1 млрд.659 млн теңгенің өнімін өндірді. Тиісінше, бұл көрсеткіш ауданның микроэкономика саласында өсім қалыптасқанын білдіреді.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов БАҚ өкілдеріне атқарылған жұмыстарды тізбектеді.

Қармақшы ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласы жанданып келеді. Атап айтсақ, кәсіпкерлік нысандары – 3321 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 99,4 пайызға артқан. Оның үш мыңға жуығы тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамытуға басымдық берілді. Солардың бірі – индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба – «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы. Бұл жоба жыл аяғына дейін іске қосылып, өндірісте 200 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Екінші жоба – «Тұрған тамы» шаруа қожалығының балық өңдеу цехы да биыл іске қосылмақ. Ал аудандағы индустриялық аймақтың жалпы ауданы 15 гектарды құрайды. Мұнда өндіріс орындарын дамытуға кәсіпорындарға жер телімдері берілген. Қазіргі таңда «МИР-2001» ЖШС бетон бұйымдарын өндіру өндірісі жұмыс істеуде. Онда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылғанымен, маусымдық жұмыстарға 35 адамға дейін тартылған, – деді аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов.

Жалпы ауданда ішкі нарықты толық қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсатуда бірқатар шаралар қарастырылған.

Тағы да оқыңыз: