Kyzylorda-news.kz Баламалы электр қуатын үнемдеуге талпынған дамыған елдердің көбі күн мен желден энергия өндіруге ден қоюда. Әлемде күннен электр энергиясын өндіруден Жапония алда тұр. Күншығыс елінде өндірілген күн энергиясының 90 пайызы тұрғын үйлерде пайдаланады екен. Бұл ретте Германияның тәжірбиесі де жеткілікті. XXI ғасырда баламалы электр энергиясын өндіруге басты міндеттің бірі.

Сыр өңірі баламалы қуат көздерін өндіруді басшылыққа алған аймақтың бірі. Бұған облыстың географиялық желді белдеуде орналасуы артықшылық береді. Екінші жағынан, күн көзі жақсы түседі. Синоптиктердің сөзінше, жылдың төрт мезгілінде Қызылорда облысында аспан ашық болады. Яғни, күннің орташа жылдық ұзақтығы 3 мың сағаттан артық. Бұл – күн және жел электр станцияларын салу және дамытуда үлкен мүмкіндік. Түптеп келгенде, мұның барлығы «жасыл» экономикаға оң әсерін тигізері анық. Сондықтан, оныншы рет өткен «Байқоңыр Инвест» форумында «жасыл энергияның» мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды.

Қазір әлем елдері дәстүрлі энергия көздері – газ, мұнай, көмірден бас тартып, олардың орнын жел, су, күн алмастыруда. Форумға Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Англия, Швейцария және т.б. елдерден арнайы келген мамандар мен ғалымдар қатысты. Себебі бұл елдерде жасыл энергияны өндірудің озық үлгісі бар.

 – Франция 2030 жылға дейін жалпы тұтынатын энергия көлемінің 32 процентін баламалы қуат көздерінен алуды көздеп отыр. Елімізде шағын және орта кәсіпорындар, ірі компаниялар барлық салада осындай жобаларды жүзеге асыра бастады. Ендігі жерде Қызылорда облысының экономикасын дамытуға үлес қосатынымыз қуантады, – деді Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ.

«Жасыл экономика – өңір дамуының жаңа бағыты» тақырыбында өткен форумға 14 елден келген делегация және отандық инвесторлар Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі ауданында 4 күн электр станциясын салуға ынта білдірді. Демек, келесі жылы өңірде жалпы қуаты 170 МВт болатын 4 күн электр станциясының құрылысы басталады. Қуаты 60 және 10 МВт болатын Қызылорда қаласының сол жағалауында және Жаңақорған ауданында «HydroEnergy» АҚ (Болгария), Жалағаш ауданында қуаты 30 МВт – «Total Eren» (Франция) компаниясы, Шиелі ауданында қуаты 70 МВт – «Samruk Kazyna – United Green» компаниясы және «Авелар Солар Технолоджи» ЖШҚ (Ресей) күн электр станциясын салатын болады.

Осы орайда айта кететіні, Жаңақорған күннен қуат көзін алуды жолға қойған бірден-бір аудан. Әсіресе, шопандар мен өндіріс ошақтары күн көзін тиімді пайдалана бастады. Бұл жолы да осындай игілікті іске дем беріп отырған шаруаларды сөзге қоссақ. Мәселен, шопандар қазір жер астынан су шығару, тұрмыстық қажеттілік үшін күн панельдерін пайдаланып келеді. Байкенже, Жайылма, Қыраш және басқа да таулы және жайылымдық аймақтарда күннен қуат алатын құрылғылар соның дәлелі. «Жасыл» энергияға жүгінген жергілікті шаруашылықтардың басым бөлігі бау-бақша егіп, мал басын көбейтумен айналысады. Бұл диқандар мен шопандарды электр қуатын алу үшін тонналап жанар-жағармай тұтынудан сақтайтыны шүбәсіз.

Енді өндіріс мекемелеріне ойыссақ. Мәселен, Жаңақорғанда «СКЗ-U» ЖШС күн мен желден тоқ көзін алу бойынша іргелі жұмыс жасауда. Зауыт күкірт қышқылымен бірге электр энергиясын шығарып келеді. 2013 жылы сағатына 420 кВт энергия өндіретін күн электр станциясын іске қосты. Серіктестіктің жұмысшылар қалашығы бүгінде толықтай станция өнімінің есебінен жарықтандырылып отыр.

– 2013 жылы фотоэлектрлік модульдер сатып алу жөнінде шешім қабылданып, 1 гектар жерге арнайы панелдер орнасластыруды қолға алдық. Құрылыстың бас мердігері – «HighTechprojectgroup» ЖШС. Қазіргі таңда 60 фотоэлектрлік панель жұмыс жасауда. Әрқайсысының қуаты – 230 Вт.Vpm, жарау мерзімі 25 жылды құрайды. Олардан алынатын тоқ көзінің қуаты зауытты толықтай қамтамасыз ете алады, – деді жауапты маман Әділ Увашев.

Сыр өңірінде атқарылар ауқымды істердің тетігі осындай. Ендігі кезекте «жасылдану» жүйесіне жауапкершілікпен қарап, баламалы қуат көздерін тиімді пайдалана білу керек. Себебі, күн мен желден қуат алу қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Оны Жаңақорғанда орналасқан өндіріс ошақтары мен шопандардың күнделікті тіршілігінен көруге болады.

 Қазақстанда дәстүрлі емес энергия көздерін дамытуға мүдделі. Бұл тұрғыда ғалымдар мен өнертапқыштардың баламалы энергия өндіру саласындағы еңбегі керек-ақ. Сондай өнертапқыштың бірі №110 мектеп-лицейдің оқушысы Рамазан Бектас.

 – Жел энергетикасы – жел энергиясын механикалық, жылу мен электр энергиясына түрлендірудің теориялық негіздерін, әдістері мен техникалық құралдарын жасаумен айналысатын жаңартылатын энергетика саласы. Халық шаруашылығына ұтымды пайдалану мүмкіндіктер туғызады. Бұл жұмыстың нәтижесі басқа энергия көздеріне қарағанда экологиялық және экономикалық артықшылықтары бар. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтарында су және жел электр станциясын біріктіріп электр энергиясын өндіру тиімді. Қыс айларында жел күші көбейсе, жазда азаяды, ал су керісінше. Осылай энергия өндіруді біршама тұрақтандыруға болады, – деді жас өнертапқыш.

          Ал, осы бағытта өнертапқыштың өзіндік ұсынысы бар.

        – Жел қондырғысын орнату орнату керек. Біріншіден, бізге тұтынатын энергияның мөлшерін есептеп және жерге орташа соғатын желдің жылдамдығын білуіміз керек, екіншіден жел қондырғысын орнататын жерді міндетті түрде таңдау керек. Ашық ландшафтағы төбе және Қаратау жотасы жел қондырғысын орнату үшін тамаша орын болып есептеледі. Төбеде жел жылдамдығы жазық тегіс жерге қарағанда ылғида жоғары. Егер екі арасы мұнараның биіктігі кем дегенде бес есе артық болу керек, олай болмағанда жұмыс істегенде бір-біріне кедергі жасайды. Жылдамдық артқан сайын, ауа ағысының сипаты өзгере түседі. Ауа қабаттары бірімен-бірі ретсіз араласып кетеді, үйірім пайда болады. Жел қуаты оның жылдамдығының кубына тура пропоционал. Мысалы, жерден 30 метр биіктікте орнатылған турбина жылдамдықтарының айырмашылығы 100% болады, – деді Р.Бектас.

 

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

Тағы да оқыңыз: