Kyzylorda-news.kz. Былтыр Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлік 5 үй пайдалануға берілді. Бұл соңғы 30 жылда алғаш рет орын алған игі іс болды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов есепті кездесуде айтты.
«Байқоңыр қаласында тұрып жатқан азаматтарымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ерекше назарда. Былтыр 50 пәтерлі 5 тұрғын күй пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 үйдің құрылысын бастағалы отырмыз. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленуде», – дейді аймақ басшысы.
Сонымен қатар өткен жылдың қазан айында қаланың барлық көппәтерлі үйлерін (20427 пәтер) табиғи газға көшіру аяқталған. Бұл іс тұрғындар үшін газ төлемін 16 есеге төмендетуге мүмкіндік туғызды.
«Жылу тарифтерін төмендету мақсатында Байқоңыр қаласының жылу-электр станциясын қайта құру мәселесін Ресей тарапымен талқылап жатырмыз», – дейді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселесі пысықталуда.