Kyzylorda-news.kz  Осыдан тура отыз жыл бұрын Ресей мен Қазақстан арасында келісім орнады. Оның негізінде көршіміз Байқоңырды 20 жылға жалға алған болатын. Кейін мерзімді ұзартып, қазынаға қаржы құйылғанымен, «жұлдызды қалашықтың» халқы әлеуметтік-экономикалық мәселенің шырмауында қалды. Оған қалашықтағы әкімшілік құзыреттің алуандығы, қаржыландыру мен аймақтық бөлініс кемшілігі себеп болғаны жасырын емес. Тіпті Байқоңырда көптеген әлеуметтік бағдарламаның  жүзеге аспауының сыры да осында жатыр.

Араға отыз жыл салып олқылық оңалған секілді. Бүгінде мұндағы идеологиялық жоспар, білім беру ісі мен әлеуметтік қолдауда ілгерілеу бар. Бастысы, әр салада отандық модельдің қолданысқа енгізілуі, ұлттық бірегейлікке жасалған қадам қуантады. Әлеуметтік мәселелердің шешімі де өз алдына бөлек әңгіме. Орайы келгенде Байқоңырдағы басты өзгерістерді ретімен тарқатып көрейік.

Қос валюта және келешек үшін күрес

Статистикаға сүйенсек, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты мекемелер мен ұйымдарда орташа айлық табыс 33 675 рубль, яғни 168 375 теңге. Бұл елдегі көрсеткіштен 66 мың теңгеге артық. Алайда мұның экономикалық әлеуетті көтеруге пайдасы тиіп отыр деп айта алмас едік. Себебі, байқоңырлықтар теңгемен қатар рубльді қолданады. Әсіресе, сауданың басым бөлігі көрші елдің валютасымен жүрсе, дүкен мен базарда айырбастау бағамы республиканың басқа қалаларындағы айырбастау пункттеріне қарағанда тиімсіз. Тұрғындар теңгені көбінесе жақын маңдағы «Төретам» және «Ақай» ауылдарынан сауда жасауға жұмсайтыны сондықтан.

Міне, айтылмай келген экономикалық күрмеудің бірі – осы. Содан болар, Қазақстан тарапы қалашықтағы отандастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасап, ұлттық валютаның беделін арттыруға күш салуда. Мысалы, жуырда кәсіпкерлік нысандарын ашу үшін жалдан шығарылған 9 нысанды инвесторларға беру процесі аяқталмақ. Жоба сәтті аяқталса, 300-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Бүгінде қаланың өзекті мәселесі – өндіріс орнының болмауы, кәсіпкерлердің керекті жәрдемге қол жеткізе алмауы жаңа жұмыс орнын құруға кедергі келтіруде. Мәселені шешу мақсатында үкіметаралық отырыс жиі өтіп, нәтижесінде «Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасы» жарық көрді. Жоба аясында кәсіпкерлерді қолдау, туризмді дамытуға бағытталған бірқатар қадам жасалғанын байқауға болады.

Қалада жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде көрсетіледі. Өткен жылы тұрақты жұмыс орындарына 435 адам жұмысқа орналастырылған. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 50 тұрғынға 69 миллион теңге сомасына өтеусіз грант берілген. Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімдігімен «Байқоңыр» кешенінің жалдан шығарылған нысандар негізінде кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде.

Бір жылда 50-ге жуық кәсіпкерге қолдау білдіру тегін емес. Қазір қала экономикасы әртараптануды қажет етуде. Себебі тұрғындарының көбі ғарыш айлағында жұмыс істейді. Негізгі табыс көзі де айлаққа байланған. Мұндай теңсіздік ерте ме, кеш пе жұмыссыздық динамикасының кейін кетуіне әкеледі. Сондықтан Қазақстан тарапының қаладағы орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға жанталасуы келешек үшін күрес десек болатындай. Кәсіпкерлер де қажетін түсініп, қайтарым қаржыны мал шаруашылығы, шаштараз қызметі, шағын типография ашу, жартылай фабрикат өнімдерін дайындау секілді бағыттарды дамытуға алған.

Қалың қазақ ортасында отырса да Байқоңырдағы азық-түлік бағасында алшақтық бар. Бұған қалаға кіріп-шығу қиындығы, тексеріс ұзақтығы себеп болса керек. Тұрғындар шаһардан шығып, «Төретам» кенті мен «Ақай» ауылына барып арзан азық-түлік алуға мәжбүр. Бір қарағанда болмашы қиындық көрінгенімен, аталған мәселе азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етіп отыр. Осыны ескерген Қазақстан тарапы баға саясатын бір жүйеге келтіру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Байқоңыр қаласының аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуді жиілеткен. Өткен жылдың өзінде Арал және Қармақшы аудандарының шаруа қожалықтары мен «Байқоңыр» ӘКК бірлесіп бірнеше жәрмеңке ұйымдастырды. Шарада 150 тоннаға жуық өнім нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан сатылған.

Қарқын: құрылыс, қолдау, қаражат

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін қатынас қолайлы болуы шарт. Осы ұстаныммен алсақ, қадағалауы қатаң Байқоңырға кіріп-шығу тексерісі біршама кедергі-тұғын. Жақын маңдағы ағайынның өзі қаладағы туысына бару үшін күні бұрын тіркелуге мәжбүр болғанын білеміз. Міне, осы мәселе өткен жылы шешім тапты. Атқарушы билік, әсіресе аймақ басшысының араласуымен Қазақстан азаматтарына Байқоңыр қаласына кіріп-шығу жеңілдеді.

Әрине, алмақтың да салмағы бар. Біздің тарап әлеуметтік міндеттемені арттырып, түрлі бағытта жобаларды жүзеге асыруды үдетті. Мәселен, бюджет есебінен инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру нысандары мен тұрғын үй құрылысын жүргізу, «көгілдір отынмен» қамту секілді маңызды қадам жалғасын тапты. Жат жерге жасалған жақсылық емес, өз жеріміз бен халқымызға көрсетілген көмек екенін ескерсек, қуантарлық өзгеріс.

Сөзіміз салмақты болуы үшін нақты дерекке көз салайық. Байқоңыр қаласының Бас жоспарына сәйкес биыл бес тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бірінші тоқсанда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін одан әрі жаңғырту басталмақ. Сондай-ақ әлеуметтік, оның ішінде білім беру және спорт нысандарын салу мәселесі пысықталуда. Мұнан бөлек, Байқоңыр қаласы жастарын қолдаудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары аясында олардың білім алуы, табысты әлеуметтенуі үшін бірлескен жұмыс қолға алынған. Мәселен, былтыр «жұлдызды қалашықта» облыстық жастар слеті өтсе, байқоңырлықтар Қызылорда қаласына экскурсия жасап, мәдени-бұқаралық, спорттық және патриоттық іс-шараларға қатысты. 

Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отандық БАҚ-қа берген мәліметінде қай салада қолдау жасалатынын айтқан болатын. Аймақ басшысы Байқоңырда туризм әлеуетін пайдалану ісі жанданатынын да жеткізген.

– Қалада инфрақұрылым тозған. Сол үшін Үкіметпен бірлесіп, кәріз жүйесін жаңартып жатырмыз. Туристер көп келеді. Соларға жағдай жасау мақсатында инвесторларды апарып, қонақүй салудамыз. Қала әкімшілігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Ол 2-3 айда маған келіп, қаладағы жағдайды баяндайды. Өзім де барып тұрамын, – деді облыс әкімі.

Расында, соңғы жылдары қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы айтарлықтай қарқын алды. Мәселен, Байқоңыр қаласында 30 жылда алғаш рет мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй салынды. «Нұрлы жер» жобасы арқылы бой көтерген 5 тұрғын үйге қала тұрғындары, Қазақстан азаматтары қоныстанған еді. Игі іс жалғасын тауып, 2021 жылдан бастап Байқоңыр қаласының 7 «А» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елу пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобаның  жалпы құны – 3,7 млрд теңге.

Жалпы қазір Байқоңыр қаласында 351 көпқабатты  үй бар. Солардың 70 пайызының тозығы жеткен. Олай болмай қайтсін, алды пайдалануға берілгеніне 70 жылға жуықтаған. Апатты үйлердің көбеюіне де осы фактор әсер етуде. Сондықтан жаңа үйдің бой көтеруі қаланың келешегіне жасалған тиімді инвестицияға айналары сөзсіз.

Байқоңырдың жанды жері – коммуналдық мәселе. Еларалық келісімге сәйкес, коммуналдық желілер облыс меншігіне алынған. «Байқоңыр қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде 11,4 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылса, 2024-2026 жылдары бұл бағыттағы жұмысқа 12 млрд теңге бөлу көзделген.

Бұдан бөлек, өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен қаладағы тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жүргізілген. Арнайы жұмыс тобы Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлесіп, инфрақұрылым жүйелерін жетілдірудің тетіктерін қарастырған.

Мәселен, «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес барлық көппәтерлі тұрғын үйді газдандыру жүргізілген. Бұл өз кезегінде табиғи газдың қолданыстағы тарифін 16 есеге төмендетіп, облыс көрсеткішімен теңестірді. Қаланың газбен жабдықтаушы ұйымы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бөлімі табиғи газ тарифін халық үшін – 16,3 тг/м3, кәсіпорын үшін 18,3 тг/м3 көлемінде бекіткен.

Қаланың жылу-электр станциясы қымбат мазутпен жұмыс істейді. Бұл тарифтерге қатты әсер етеді. Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласының әкімшілігі «Байконурэнерго» ӨЭБ МУК жылу-электр станциясын мазуттың негізгі отынынан табиғи газға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде. ЖЭС-ті газдандыру бойынша барлық жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. ЖЭС-ті табиғи газға ауыстыру қала мен ғарыш айлағын ЖЭС-те өндірілген арзан жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, өйткені ыстық су өндіру және табиғи газды пайдалану арқылы жылумен жабдықтау құны мазутты пайдаланудан әлдеқайда арзан.

Қазақстан қаржы құйған саланың бірі – денсаулық сақтау бағыты. Мұнда 2016 жылдан бері жұмыс істейтін Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы бар. Өткен жылы аурухана жанынан гемодиализ орталығы ашылды. Бүгінде медициналық нысанның материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаржы бөлініп, жұмыс жүруде.

Білім беру бәсекесі

Байқоңыр қаласында 16 балабақша бар. Соның тек үшеуі қазақстандық білім стандарттарымен жұмыс істейді. Демек отандық жүйеде тәрбиелейтін бөбекжай аз деген сөз. Қала балабақшаларын толық реформалау әзірге мүмкін емес. Тек әлсін-әлсін жасалған қадамға иек артудан басқа амал жоқ. Қазақстан тарапы да мәселенің маңызын түсініп, бюджет есебінен бөбекжай салуды бастауда. Соның нәтижесін биыл да байқадық. Жыл басында «жұлдызды қалашықта» екі балабақша ашылып, ел игілігіне берілді. Ал жыл ортасына дейін тағы бір балабақша қазақстандық білім стандартына өтеді.

Қала 2 балабақшамен толықты. Оның біреуі 240 орынға арналған мемлекеттік балабақша болса, екіншісі – 120 орынға жоспарланған жеке балабақша. Жалпы Байқоңыр қаласында Ресей Федерациясының тарапында болған балабақшаларды қазір Қазақстан тарапына алып, отандық білім беру стандартына сәйкес оқытуға мүмкіншілік туып отыр. Бұл жұмыс әлі жалғасады. Осылайша, жыл соңына қарай мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек мәселесі шешімін таппақ.

Байқоңырлықтардың сөзінше, Ресей тарапы инфрақұрылым, нысандарды жаңарту ісіне салғырт. Мысалы, Ресей меншігі болған балабақшалардың жағдайы нашар. Тек Қазақстан меншігіне алғасын оларды күрделі жөндеуден өткізіп, қазақтілді балабақшаларды ашуды жандандырған. Бұл жағдай мектептердің ахуалына да қатысты болып отыр.

– Мемлекет басшысының қолдауымен өңірде жалпы құны 98 млрд теңгені құрайтын 21 жайлы мектептің құрылысы басталды. Біреуін Байқоңырдан саламыз. Мектеп қазақ тілінде білім беретін болады. Ол қалада азаматтарымыз көп. Қазір 600 балаға арналған қазақтілді мектеп жұмыс істеп тұр. Қазақша да, орысша да білім алуға ешқандай кедергі жоқ, – деген болатын облыс әкімі.

Байқоңырдағы білім беру жүйесі біртіндеп отандық жүйеге жақындауда. Оған салынған мектеп саны ғана емес, ЖОО-ға талаптары, қосымша білім жүйесі көп септігін тигізуде. Мысалы, «Қазақстан тарихы» – ҰБТ-да міндетті пән. Осыны есепке алып, Байқоңыр қаласында орналасқан РФ орта мектептерінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша факультативтік сабақтар ұйымдастыру  туралы келісімге қол жеткен болатын. Қазіргі таңда М.Янгель атындағы №7 орта мектепте осы пәндер факультатив ретінде оқытылуда. Басқа мектептерге аталған пәндерді оқыту бойынша облыстық білім басқармасы жұмыс жүргізуде.

ЖОО-ға түсу талабын айтып қалдық, өткен жылдың сәуір айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облысқа жұмыс сапарымен келген болатын. Байқоңырдағы түлектердің әлеуетін, халықтың өтініш-тілегін ескерген министр жүйелі жоба жүзеге асатынын айтқан. Нәтижесінде «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасы» бекітіліп, 30-ға жуық іс-шара жоспарланған. Мұның барлығы оқушылардың қазақстандық ЖОО түсуін ынталандыратыны анық. Олай дейтініміз, Байқоңырда ресейлік ЖОО филиалдары бар. Түлектердің көбі алысқа аттанбай, сол жақта білім алуды қалайды. Бүгінде Мәскеу авиация институтының филиалы, Челомей халықаралық ғарыш мектеп-лицейі жұмыс істеп тұр. Білім бәсекесін қыздыратын себептің бірі де осыдан шығады.

Қазақшаланған қала

Бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде Байқоңырға қатысты жағымды жаңалық тарады. Мәліметте қаладағы бірқатар көшеге қазақша атау берілгені сүйіншіленіпті. Кейін ақпаратты ресми органдар растап, бұл шешімге Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин қол қойғанын айтқан болатын.

Осылайша Авиационный көшесі даңқты әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы, Гостиничный проезд көшесі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова, Внутриквартальный проезд көшесі Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Сондай-ақ аталған шаһардағы Набережная көшесі Қорқыт ата атындағы жағалау болып өзгерді.

Мұндай игілікті шара бұдан бұрын да жүзеге асқан еді. Атап айтқанда, қазірге дейін қала тұрғындары Абай даңғылы, Жанқожа батыр көшесімен қауышты. Оған қоса тағы бір көше аты Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмырза Жармановтың құрметіне қойылған болатын.

Байқасақ, қазақшалау тенденциясы жалғасын тауыпты. Байқоңыр қаласы көшелеріндегі көрнекі құралдар, жарнамалық және хабарламалық билбордтар қазақшаланбақ. Бұл да – үкіметаралық комиссияда шешілген мәселенің бірі. Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелері де кең көлемде тойлануға көшкен.

Байқоңырдағы көше атауы мен жарнамалардың қазақшалануы маңызды. Себебі, мұндай қадам Отанымыз Қазақстан екенін, осы мемлекеттің азаматы екенімізді сезіндіреді. Кейінгі ұрпаққа да рух беріп, алға сеніммен қарауына көмектеседі деп ойлаймын. Жаңалықты естігенде көршілер де сүйінші сұрап, бір жасап қалғанымызды қалай жасырайық?! – деді Байқоңыр қаласының тұрғыны Әли Берікұлы.

Туризм әлеуеті

Байқоңырды ғарыш, туризмсіз елестету мүмкін емес. Бұл – имидж ғана емес, табыс көзі. Сондықтан қаланың тыныс-тіршілігін насихаттау, туризм әлеуетін әспеттеу әлі де көмекке мұқтаж. Осы мақсатта өткен жылы қалада «Қызылорда» телеарнасының корреспонденттік пункті ашылды. Ендігі кезекте Байқоңыр қаласындағы маңызды оқиғалар мен өткізіліп жатқан іс-шаралар облыс көлемінде насихаттала береді.

Облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысы «Байқоңыр қаласының жастарын қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітті. Кешенді жоспар аясында жыл  көлемінде бірлескен мәдени-көпшілік, спорттық шаралар өткізіледі. Тұрақты түрде облыс жастарын зымыран ұшырылымына және ғарыш айлағына экскурсияға әкелу, Байқоңыр қаласы жастарын Қызылорда қаласына экскурсияға апару және тәжірибе алмасу бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде.

Жалпы Байқоңырда туризм әлеуеті жоғары. Мысалы, мұнда тұңғыш ғарышкерге арналған ескерткіш және «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұйымдастырушылардың бірі Сергей Королевке арналған экспозиция, ғарыш айлағы тарихы музейі бар. Осының бәрі дұрыс пайдаланылса, турист тартудың тиімді әдісіне айналары анық. Ғарыш айлағы тарихы музейінде 15 мыңнан астам экспонат жинақталған. Мұнда космонавтиканың тарихы және осы саланы құрған, «Байқоңырды» ғарыштық бағдарламаларды әзірлеуге қатысқан адамдар туралы көп мәлімет білуге болады.

Рас, мұндай турлардың бағасы кейде тым қымбат сияқты көрінсе де, жыл сайын келетін туристер саны ғарыш айлағына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, Халықаралық ғарыш айлағына экспедициялар жөнелтілетін күндері қалада қонақ саны артады. Кафелер мен мейрамханалар, қонақүйлер лық толы екенін байқаймыз.

P.S. Қала келешегі үшін жасалған жұмыстың бір парасын айттық. Алда атқарылар шаруа қыруар. Тек жүйелі жалғасын тауып, керекті бағытқа жол сілтенсе болғаны. Оның үстіне, туризм көрсеткішін көтеруге қол жетсе, шығынымыз анағұрлым азаяры анық. Демек, Байқоңыр – қаржы әкелуге қауқарлы қала.

Ерсін ШАМШАДИН

Фото: «Сыр бойы»

Тағы да оқыңыз: