Kyzylorda-news.kz  Өткен жылы облыс бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына 3 миллиард теңге қаржы қаралған. Ауыл тұрғындары жоба аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіптерін кеңейтетіндеріне ерекше қуанып отыр.

«Ауыл аманаты» жобасы – ауылды дамытудың кепілі. Бұл жергілікті жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тұрақталуына бағытталған. Бұл жобаға тек ауыл тұрғындары, оның ішінде жұмыссыз азаматтар, өз-өзін жұмыспен қамтушылар, кәсібін енді бастағандар мен кәсіп иелері қатыса алады. Негізгі талаптар – осы. Несие берілген соң арнайы каникул да қарастырылған. Бұл бизнесті – дамытып алуға берілген жақсы мүмкіндік.

 Жалпы бағдарлама 5 бағыт бойынша қаржыландырылады. Атап айтқанда, өңдеу, егін шаруашылығы, кооперативтерді дамыту, мал және басқа да бағыттағы бизнес жобалар қамтылған. Оның ішінде 600 жобаға несие беру жоспарланып, 636 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Сенім білдірген өкіл ретінде мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес «Байқоңыр» ӘКК» АҚ анықталып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша микрокредиттер алуға құжат қабылдау 20 шілдеде басталды. Бүгінгі таңда әкімдіктерден қаржыландыруға 2,8 млрд теңгені құрайтын 316 жобаның құжаты тапсырылып, несие комитеті 1026,5 млн теңгеге 130 жобаны мақұлдады,  24 жоба бойынша 153,9 млн теңге несие берілді. Жалпы барлық аудандар және Қызылорда қаласы бойынша ауылдарды қамту мақсатында қаралған қаржы халық санына қарай тең бөлініп, әр ауданға өз лимиті қарастырылды. «Ауыл аманаты» жобасын өңірдің ерекшелігіне қарай тиімді және сапалы іске асыру мақсатында басымдық өндірістік жобаларға берілуде. Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылықтардың ынтасы өңдеуге, оның ішінде шағын цехтар, жылыжай өндірісін, омарта, балық және құс шаруашылығын дамытуға бағытталуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Исабергенова.

Ауылдағы ағайын банктен несие алуда көп кедергіге тап болатын. Себебі кепілге қоятын мүлкі жоқ не талапқа сай емес. Ал «Ауыл аманатының» басқалардан ерекшелігі әр қатысушының жағдайы, қаржылық мүмкіндігі жеке қаралады.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде бастау алды. Жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында жан-жақты насихаттап, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы мобильді топ құрылып, еліміздің барлық өңірлерін аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауыл тұрғындары да қамтылды. Бүгінгі күні кәсіп ашуға бел буған  ауыл тұрғындары қажетті құрал-жабдықтарын алуда. 

«Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастауға ниет еткен азаматтардың несие өтінімдерін қарау мақсатында бүгінгі күні өңірде «amanat» партиясы облыстық филиалы, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ және түрлі сала мамандарынан арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасауда.

 Комиссия отырыстарына 120-дан астам жоба ұсынылып, қаржыландырудың оң шешімі қабылданғаннан кейін тексерілетін болады. Сондай-ақ тәуелсіз бағалау туралы есептері сұратылып, мүліктері кепілге тіркелген соң, қаржыландыру жұмыстары жасалады. Ерекше айта кететін жайт, бағдарлама басталған сәттен алаяқтыққа жол берген бірқатар азамат кездесті. Осы орайда, бағдарламаға қатысушылардың тек ресми ақпаратқа жүгінуін сұраймыз, сонымен қатар бізге немесе «amanat» партияcының өңірдегі филиалдарына барып, нақты ақпарат пен кеңес алуына болады, – дейді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарушы директоры Мадали Әлішерұлы.

Бағдарлама ең әуелі халық табысын арттыруға бағытталып отыр. Ауыл тұрғындары бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар өз кәсібін бастауға немесе шағын кәсіптерін кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына сенімді.

Фото: Сыр бойы 

Тағы да оқыңыз: