Kyzylorda-news.kz.   Өткен жылы еліміздегі экономикалық даму мен қалыптасқан саяси тұрақтылықтың арқасында Жалағаш ауданы үшін ірі серпінді жобалардың жүзеге асуымен табысты жыл болып, киелі Жалағаш жерінде толайым тірліктер атқарылды. 

Жалағаш ауданында ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асуда. Олардың негізгілері туралы кеңірек тоқталсақ.

Өткен жылдың 28 сәуірінде Жалағаш ауданының әкімі болып тағайындалғаннан кейін ауданға қарасты барлық елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселені тыңдап, мәселелердің оң шешілуіне жұмыстар жүргізілді. 

Кейін мұның бәрі ауданның даму жоспарында қамтылып, қарапайым халықтың түйткілді мәселелері қаперге алынды. 

Соңғы бір жылда елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ден қойып, көркейту-абаттандыру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, ауылдық округтерде ішкі көшелердің сапасына ерекше мән беріліп, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.

Атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған. 

Ауданның 2022 жылғы бюджеті 11 млрд 662 млн теңге болып бекітілсе, қосымша бөлінген нысаналы трансферттер арқылы оның көлемі 14 млрд 291 млн теңгеге жетті. Ал ауданның жалпы түсімдері 14,1 млрд теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға, яғни 40,5 млн теңгеге артық орындалған.

Оның ішінде, ауданның өз кірістері 1 млрд 979 млн теңгені құрап, жылдық жоспар 100,8 пайызға, яғни 15,4 млн теңгеге артық орындалған. Шығыстар жоспары 14 млрд 275 млн теңгеге орындалып, үнемделген қаржыларды қосқанда 99,9 пайызды құрады. 

Былтыр ауданда ауыз су желілерін жүргізу мен жабдықтау, көпірлер мен жол жөндеу, әлеуметтік нысандар құрылысы, газдандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, абаттандыру жұмыстарын атқаруға бюджеттен 2 млрд 659 млн теңге бөлініп, 30 жоба жүзеге асты. 

Оның ішінде ауыз су желілерін кеңейтуге, құрылысын бастауға 1 млрд 23 млн теңге бөлінді. 

Тиісті қаражатқа Мәдениет, Аққұм елді мекендерінде су тарату жүйесін кеңейту, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің және сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы басталған болатын. Биыл құрылыс жұмыстарын аяқтауға 39,5 млн теңге бөлінді.

Халықпен кездесулерде жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелер жиі көтерілген болатын. 

Былтыр жалпы құны 760,9 млн теңгеге аудандағы 4 елді мекеннің  16 көшесіне күрделі жөндеу жүргізілді. 

Еңбек ауылында 3 көше, Мырзабай ахун ауылында 2 көше, Жаңадария ауылында 1 көше, Аққыр ауылында 1 көше және М.Шәменов ауылында 9 көше, аудан орталығы Жалағаш кентінде 2 көше жөнделіп, ел игілігіне берілді. Көпірлерді жөндеу жұмыстарына келсек, Есет батыр ауылы бағытындағы оңтүстік коллектор көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр ауылына кіреберіс автомобиль жолының 6,3 шақырымы жөндеуден өткізіліп, Жаңадария бағытындағы автомобиль жолының 4,5 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді.

Ауданға көгілдір отын келгелі тұрмыста газ тұтынатын жергілікті тұрғындар қатары артты. Мұнан бөлек әлеуметтік нысандарды да көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, былтыр 6 бюджеттік және әлеуметтік нысанның жылу жүйелері көгілдір отынға ауысып, бұл мақсатта 135,7 млн теңге қаралды.

Жалағашта электр желілерін дамыту және жарықтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны 286,2 млн теңгеге М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолы, Жалағаш кенті, Қаракеткен, Аламесек, Аққұм елді мекендерінің ішкі көшелерін жарықтандыру, «Ақтерек» учаскесін электр желілерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. 

Абаттандыру жұмыстарына келсек, 42,7 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі балалар ойын алаңын қайта жаңғырту, орталық алаңды абаттандыру, Бұқарбай батыр, Аққыр, Аламесек, Мырзабай ахун елді мекендерінде спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ, былтыр 3 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге 304,6 млн теңге қаржы бөлініп, Жалағаш кентінен 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, Таң ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Бүгінде аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. 

Жалпы ауданда демеушілер тарту арқылы жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, былтыр демеушілер есебінен 5 елді мекенде жалпы құны 42 млн теңгені құрайтын 6 балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. 

«Сәт Сервис» ЖШС-ның демеушілігімен 12 млн теңгеге кент орталығындағы Қазыбек би көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын жаңалау жұмыстары жүргізілсе, тұрмысы төмен отбасылардың үйін көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілді. 

Ақсу, Қаракеткен, Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов, Есет батыр елді мекендеріндегі тұрғын үй секторларының электр желілерін жүргізуге, аудан орталығындағы 2 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттары демеушілер есебінен жүргізіліп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. 

Ауданның мәдени-рухани өмірінде де айтулы жаңалықтар орын алып, көптеген мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Аудан диханшыларының «Алтын дән - 2022» мерекесі кең көлемде тойланып, еңбек озаттары мен Жалағаш ауданының «Құрметті азаматтары» марапатталып, республикалық ақындар айтысы өткізілді.

2022 жылы аудан спортшылары түрлі жарыстарға қатысып, республикалық, Әлем және Азия чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. 8 спортшы «спорт шебері», 54 спортшы «спорт шеберіне үміткер» нормативтерін орындаған. 

«Алтын күз  2022» облыстық 35 ауыл спортшыларының спартакиадасында Жалағаш ауданының спортшылары командалық есепте 3 орынды жеңіп алып, ауданның спорт тарихына жаңалық енгізді.

Бұдан бөлек, 2022 жылдың қорытындысымен Жалағаш ауданы өзінің спорттық жетістіктерімен облыстық рейтинг бойынша 3 орынды иеленді.

Биыл да аудан экономикасын әртараптандыруда, елдің талап-тілегінен туындаған мәселелердің шешіміне жұмыс жасауда, салықтық түсімдерді орындауда, кәсіпкерлік саласын дамытуда бірқатар жобалар жүзеге асады деп күтілуде. 

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстардың алды басталып кетті.  

2023 жылы ауданның бекітілген бюджет көлемі 8 млрд 755 млн теңгені құраған. Жыл басынан түзету енгізудің нәтижесінде оның көлемі 9 млрд 765 млн теңгеге жетті. Оның ішінде субвенция көлемі 3 млрд 777 млн теңгені құраса, ауданның жергілікті кірістер көлемі 1 млрд 907 млн, ағымдағы нысаналы трансферт 2 млрд 703 млн, даму трансферттері 1 млрд 390 млн теңге. 

Биыл әлеуметтік сала мамандарына тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 139,7 млн теңге бюджеттік несие бөлінді. Ал аудан бюджетінің шығысында бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып отыр. Халықты жұмыспен қамту шараларына және әлеуметтік төлемдеріне аудан бюджетінің 33,2 пайызы бағытталған.

Былтыр шілде айында Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспары әзірленді. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 137 жоба енгізілген болатын. Оның ішінде биылғы жылы іске асырылуы тиіс 49 жоба бар болса, бүгінде жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 30 жобасы басталды. 

Атап айтсақ, Жаңадария бағытындағы автомобиль жолының жөндеу жұмыстарын аяқтауға 196 млн теңге, Аққыр бағытындағы автомобиль жолын күрделі жөндеуге 664 млн теңге, Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге 76,6 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мұнан бөлек «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кентінде 1 көшенің, Еңбек ауылында 3 көшенің, Бұқарбай  батыр елді мекенінде 3 көшенің, М.Шәменов елді мекенінде 1 көшенің жөндеу жұмыстарына 558,9 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қаралған 740,3 млн теңгеге Дәуімбай елді мекеніндегі 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Сондай-ақ, Жаңаталап пен Қаракеткен елді мекендеріне аяқ су мәселесі тұрғындардың бау-бақша егуіне кедергі болуы осыған дейін бірнеше рет қозғалып келген болатын. 

Аталған мәселе биыл шешімін тапты. Себебі 2 елді мекенде техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарын жүргізуге 82,6 млн теңге қаржы қаралды.

Былтырғы жылы халықпен кездесулер барысында Мырзабай ахун мен Аламесек ауылдық округтерінде ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселені тұрғындар көтерген болатын. Медициналық нысанның жай-күйімен танысып, елге емдік шаралар көрсетуге қолайсыз екенін ескерілді. Биылғы жылы Мырзабай ахун ауылында жалпы құны 431 млн теңгеге, Есет батыр елді мекенінде 410,1 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория құрылысы салынады. 

Ауданда әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру жұмыстары жалғасын табады. Яғни, жалпы құны 35,4 млн теңгеге «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттары газға қосылмақ. Бұдан бөлек облыстық бюджеттің нақтылау нәтижесімен Ақсу, М.Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40 млн теңге, аудан орталығында орналасқан №123 және №246 мектептерінің жылу жүйелерін газға ауыстыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 7,1 млн теңге бөлінді.

Аудандағы өзекті мәселелердің бірі - Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы болатын. Олай дейтініміз, Дәуімбайдағы тұрғындардың кент орталығына қатынауында айтарлықтай кедергі бар. 

Кенттің қос бетін бөліп тұрған теміржолды кесіп өту тұрғындар үшін аса қауіпті. Бұл мәселе жергілікті халық тарапынан бірнеше рет көтерілген еді. Биыл бұл мәселе де шешімін тауып, облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа көпір құрылысы басталатын болады.

Ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да биыл бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Оған жалпы құны 946,6 млн теңге қаралған. Бұл қаржыға «Ақтерек» учаскесіндегі сумен, газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Ақсу, Қаракеткен елді мекендеріндегі электр желілерінің құрылысын жүргізу үшін мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. 

Ұлттық қор есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алуға 480 млн теңге бөлінді. 

Ауданның елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіледі. Ол үшін биыл жалпы құны 113,8 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асады. 

Оның ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай Мақпалкөл ауылдық округіндегі қайраткер атындағы саябақты абаттандыру жұмыстары бар. Бұл мақсатқа 67 млн теңге қаралған. 

Сондай-ақ Таң, Мақпалкөл, Далдабай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Елді мекендерде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілетін болады. 

Сонымен қатар, аудан бюджет есебінен 10 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 40,0 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Елді мекендерде тұрғындармен кездесу барысында көтерілген ұсыныстарды шешу мақсатында жалпы құны 13,9 млрд. теңгені құрайтын 36 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық салалық басқармаларға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Оның ішінде Республикалық бюджеттің нақтылауында құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба қаралуда.

Бұдан бөлек облыстық және аудандық бюджет есебінен 110,9 млн. теңге қаржыға 19 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. 

Бұл жобалар, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуге, көпір құрылысына, ауыз су желілерін кеңейтуге, елді мекендердің көшелерін жарықтандыруға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және мәдениет нысандарының құрылыстарын жүргізуге мен күрделі жөндеуге бағытталған.

Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде өсім бар. Бір жылда облыс бойынша Жалағаштың барлық салада алдыңғы қатардан көрінді. 

Мәселен, өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың қорытындысымен 66,7 пайызға өсіп, 24,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл І тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнідірілген өнім көлемі 8 есеге артып, 9,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен былтыр 100,1 пайызға артып, 9,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 3,6 есеге артып, 3,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 

Жалағашта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі былтыр 15 пайызға артып, 11 млрд 839 млн теңгені құраса, биыл алғашқы тоқсанда 6,2 есеге артып, 4,7 млрд теңге инвестиция тартылған. 

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемінде де өсім жоқ емес. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың қорытындысымен 26,3 млрд теңгеге орындалды. Ал 2023 жылдың 3 айында 1,6 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан. 

Былтыр Жалағашта 19 716 шаршы метрді құрайтын 136 тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл 3 айда тағы 4037 шаршы метрді құрайтын 21 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға өсім бар.

Бөлшек сауда көлемінің айналымы бойынша да жетістік жоқ емес. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 млрд 345,2 млн теңгені құрады. 

Осылайша меже 2,4 пайызға артса, биыл 3 айда 714,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда 100,9 пайызды құрады. 

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 5 млрд 577 млн теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға артқан. Ал биыл 3 айда 1,3 млрд теңгеге орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артқан.

Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту және кәсіп бастаймын деген азаматтарды қолдау шаралары жалғасуда. 

Былтыр ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ке жеткен. 

Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 23,8 пайызға артқан. Биыл 3 айда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3189 бірлікті құрады. Бүгінде оның 96 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28,4 пайызға артқан.

Жалағаш ауданында бұл саланың тың серпін алуы өңірдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға қолғабыс болып отыр. Мәселен, ауданда бүгінде жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарда 4 643 адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастағандар, жұмыс жасап тұрған кәсібін әрі қарай дамытуға талаптанған азаматтардың өткен жылы 446 жобасы 3 млрд 212,9 млн теңгеге қаржылай қолдау тапты. 

Нәтижесінде 462 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 3 айда 54 жоба 840 млн теңге қаржылай қолдау тауыпты.

Былтыр ауданда «СТ-KZ» сертификатына сәйкес антифриз өндірісі қолға алынған. Жоба құны - 15 млн теңге. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 5 млн теңге қайтарымсыз грант және   6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, тәулігіне 1000 литр антифриз өндіріп, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Жалпы құны 102 млн теңгені құрайтын «ID Senim» ЖШС-ның гемодиализ орталығы ашылып, 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орталықтың негізгі қызметі диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қамтиды және бүйрек ауруын емдеуге негізделген.

Биыл «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында «Сыздық» шаруа қожалығының тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыты өз жұмысын бастады. 

Зауыт құрылысына мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 2,5 гектар жер телімі табысталған. Қазіргі таңда цехта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар,  быраз жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-нің мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, жұмысын бастады. Қазіргі таңда зауытта 20 адам  жұмыс жасауда. Алдағы уақытта қосымша 40 адам жұмысқа алынатын болады. 

Ауданда сауда-саттық делдалдығын төмендету үшін әрбір елді мекеннен қосымша жылыжай кешендерін салу көзделіп отыр. 

Бұдан бөлек, ауданның барлық елді мекендерінен картоп, бақша дақылдарын орналастыруға жаңадан 500 гектар жер дайындалып, тұрғындарға берілетін болады. Бұл жерлерді дайындау шаруа қожалықтарының демеушілігімен жүргізілмек. 

Сондай-ақ, аудан шаруашылықтары биылғы жылы 149 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр.

Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

 

 

 

Тағы да оқыңыз: