Kyzylorda-news.kz.  Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында арқау еткен «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыптары еңбек адамының әркез құрметке ие болуы керектігін баса айтты. «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деді мемлекет басшысы. Бүгінгі кейіпкеріміз Асқар Алиакбаров – нағыз еңбек адамы. Жастық шағынан кәсіпке адалдық танытып, бүгінгі күні өзінен кейінгі жастарға үлгі болып жүрген азаматпен әңгімелесуді жөн тапқан едік.

    Белгілі бір жазбаға жазылған пікірлері қатарын қарап отырып «Асекеңе «облыстың бас агрономы» деп бағасын ертерек беріп қойғанбыз. Ол атақ – өзінің адамгершілік болмысы мен еңбекқорлығы және өз кәсібінің шеберлігі үшін халықтың берген атағы» деп жазыпты әлеуметтік желі қолданушысы, Асқардың сыйлас ағаларының бірі Орынбасар Төлепов. Одан арғы сұрақ-жауап өзара кейіпкерімізбен жалғасын тапты.

    – 2004 жылы А.Тоқмағамбетов ауылындағы орта мектепті тәмәмдағаннан соң арман қуып еліміздің бас қаласына аттандым. Сыр елінің басты байлығы ауылшаруашылығы дақылдары екені  баршамызға белгілі. Әрі әкемнің өмір өрнегін көріп өскен менің осы саланы зерттеуге деген қызығушылығым өте жоғары болды. Сөйтіп 2004-2008 жылдары аралығында Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде білім алып, «Топырақтанушы Агрохимик» мамандығын игеріп шықтым. Мамандық бойынша жұмысымды 2009 жылы «Мағжан және К» ЖШС-де агроном болып бастадым. 2010 жылы Ресей Федерациясы, Краснодар өлкесі, Красноармейский ауданында, Майстренко атындағы күріш совхозында тәжірибе жинақтаушы болып 6 ай білімімді шыңдап, біраз тәжірбие жинақтап қайттым. Сол тәжірбиемді өндіріске енгізіп қызметімді одан әрі қарай «Мағжан және К» ЖШС-де жалғастырдым. 2011 жылы тұқымшы агрономы болып серіктестікте тұқым шаруашылығын дамытуға кірістік. Онан соң 2013-2015 жылдары Краснодар қаласындағы Кубань мемлекеттік аграрлық университетінде «Топырақтану Агрохимия» мамандығы бойынша магистратурада білім алдым, – дейді білікті маман.

    Асқар Пернебекұлы оқуын ойдағыдай тәмамдап, содан бері сол салада қалтқысыз қызмет етіп, әр жылдары егіннің бітік шығып, халық ырысының кеңеюіне ықпал етіп келеді. Білімі мен білігі қатар тоғысқан маман қазіргі таңда «Абзал және К» толық серіктестігінде директордың ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін асқан абыроймен атқарып келеді. Асқар Алиакбаровты Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің төл шәкірті десек те болады. Бұрында оқуды енді тәмамдаған жас маманды Абзал ағамыз еңбекке баулыған екен. Ағаның қамқорлығы мен берген тәліміне әркез алғысын айтып отыратын Асқар өзінің осы саланы еркін меңгеріп, абыройлы маман атанып жүргені Сыр өңіріне ғана емес, сонымен қоса республикаға танымал тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегі әркез өлшеусіз екенін айтады.

    – Абзал Жұмашұлы менің өмірімнен ойып алар орны бар үлкен нар тұлғалы азаматтардың бірі де бірегейі. 2009 жылы мен Күріш Ғылыми зерттеу институтында лаборант болып жұмыс жасайтын едім. Өзімнің ғылымға бейімім болғанымен, зерттеудің үлкен жауапкершілікке негізделген майда-шүйде  жұмыстары адамды тез жалықтырып жіберетін еді. Әкем Пернебек Алиакбаров ғылымнан гөрі өндірісте жұмыс жасағанымды құп көріп, Абзал ағамен таныстырған еді. Сол кезде Абзал аға маған бірден ауылдан жұмыс ұсынып, «өндірісті дамытуға атсалыс» деп өз ұсынысын айтқан болатын. Алайда қаланың өміріне үйреніп қалған мен ауылға аса қатты барғым келе қоймады. Одан қала берді «тәжірбиесіз өндірісте қалай жұмыс жасаймын» деп біраз ойланып жүрдім. Тұп-тура бір айдан соң өмірімдегі маңызды шешімдердің бірін қабылдап, Н.Ілиясов ауылына ат басын бұрып, жұмысқа бірден кірісе кеттім. Міне содан бері 14 жыл уақыт өтіп кетіпті. Сол кездегі жас Асқардан агроном Асқарды тәрбиелеп шығарған – Абзал аға және ол кісінің ұжымы. Ел ағасына Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін, – дейді Асқар Алиакбаров өзінің еңбек жолы туралы сөз қозғап.

    Асқардың әкесі де аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жемісті еңбек еткен азамат. Ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, абыройлы қариялық жасқа жеткен Пернебек Алиакбарұлының есімі аудан жұртшылығы мен Асқар Тоқмағамбетов ауылы тұрғындарына етене таныс. Кезінде совхоз директоры қызметін де атқарған. Негізгі мамандығы – инженер-механик. Адал еңбегінің жемісін көрген ақсақал «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алған. Ал анасы Надежда Алиакбарова – инженер-технолог. Ер азаматының бабын келтіріп, бала тәрбиесін бәрінен биік қойған ана қазақтың салт-дәстүріне берік, қазақ тіліне құрметі өте жоғары. Ардақты ана еңбекке де араласып, кезінде ауыл асханасында меңгеруші болған. Берекелі отбасының шамшырақтары кезінде Н.Ілиясов ауылында 15 жыл қызмет жасаған. Қазір­ А.Тоқмағамбетов атындағы берекелі ауылға қоныс теуіп, ауылдың ардақтысы болып отырған жайлары бар. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, біздің мақаламызға арқау болып отырған Асқардың ауылшаруашылығы саласында өнімді еңбек етуіне әкесінің ықпалы мен бағыт-бағдары зор болған. Қос қазына екі ұл, екі қызды өсіріп, баптап, үлкен өмірге қанаттандырған. Өкінішке орай, үлкен ұл мезгілсіз дүниеден озған. Қалған екі қыз бен ұлдың барлығы жоғары білікті маман иелері, өмірден өз орнын тапқан жандар. Қыздың үлкені Айгүл Астана қаласындағы №3 мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болса, Айнұр С.Сейфуллин атындағы университетте тарих пәнінен сабақ береді. Асқардың келіншегі Мөлдір де – агроном. Жас отбасында Айзере, Әмина, Алтынбек есімді ұл-қыз өсіп-өніп келеді.

    Асқар Пернебекұлы – өте қарапайым әрі айналасындағыларға әзіл-қалжыңмен жақсы көңіл-күй сыйлай жүретін өте жомарт жан. Өзі үлкен өмірге қанат қаққанында ағаларының бағыттауымен аяққа тұрған ол бүгінде өзінен кейінгі буынға ағалық ақылын айтып, білгенін үйретіп жүр. Ұрпақтар жалғастығын осылай сабақтап, аудан, облыс экономикасы мен әлеуетінің артуына өзіндік әрі елеулі үлесін қосып жүрген азамат адал еңбегінің лайықты бағасын да алып келеді. Әрдайым ата-анасына мейірімді, отбасына сыйлы азаматтың еңбегінің жемісті, қызметінің табысты болуын тіледік.

    2022 жылдың 14 желтоқсанында елімізде еңбек адамының мерейін арттыру мақсатында арнайы қаулы қабылданған болатын. Оған сәйкес қоғамдағы еңбек құнының идеологиясын насихаттаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған. Еңбек адамының беделі мен мәртебесі туралы Мемлекет басшысының әр жолғы Жолдауында да кеңінен айтылып келеді. Шынында да, еңбек – бәрін жеңуші күш екені сөзсіз белгілі. Еңбек еткенге бақыт басын исе, еңбектің кімді де ер атандырары анық. Еңбек еткеннің еңсесі де биік келеді. Ал айналамыздағы еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетіп, оларды көпшілікке насихаттау кезек күттірмейтін шаруалардың бірі.

Тағы да оқыңыз: