Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаев билік халықпен етене жақын болуы керектігін үнемі назарда ұстап келеді. Соған сәйкес аудан, ауыл әкімдері тоқсан сайын ауыл аймақтарды аралап, халықпен кездесуді дәстүрге айналдырды. Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы М-32 «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1248-1555 шақырымындағы орташа жөндеу жұмыс-тарын көрді. Ұзындығы 11 километрден астам автожолды «Қыран» ЖШС қалпына келтіруде. Оған республикалық бюджеттен 1 005,760 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары биыл қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жол жамылғысының ақаулары қайта қалпына келтіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Халықаралық маңызға ие транзиттік көлік дәлізінің аталған шақырымдар аралығындағы жол деңгейі сын көтермей келген еді. Жамау-жамау күйге енген 11 шақырымдық жолдың ендігі күйі талапқа сай болады деп күтілуде. Жол мәселесіндегі олқылықты уақытылы орнына келтіруді қолға алған облыс билігі бұл жолы да ел көкейіндегі елеулі істі қолға алуда.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын пәтерлерді көрді. Биыл бағдарлама аясында Арал қаласынан 84 пәтерлік 42 үйдің құрылысы жүргізілуде. Баспана қараша айында пайдалануға берілмек. Аудан тарихында болмаған ауқымды бастама баспанаға мұқтаж көптеген жанның қуанышына сеп болмақ. Қаз қатар тізілген еңселі үйлердің ендігі иелері халықтың әлеуметтік осал топтар санатына жатқылызған және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген жандар болмақ. Бұл қатар алдағы уақытта толықтырылуы да мүмкін. Еске салсақ, биыл аталған ұлттық жоба аясында облыста 1346 пәтерлік 26 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 322 пәтерлік 9 тұрғын үй және 1024 пәтерлік 17 несиелік тұрғын үй бар. Ал 842 пәтерлік 20 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында жалғыз тұрғын жайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен 6 млрд. теңге қаралып 34 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1000 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 9,6 млрд. теңге бөлінді.
Облыс әкімі аудан орталығындағы А.Сатаев және Төле би көшелерін жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мердігер мекеме «Арал құрылысы» ЖШС көшелердің астыңғы қабатын көтеріп, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 772,3 млн. теңгеге Арал қаласындағы 7 көшенің жолдары жөнделуде. Олардың жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайды. Бүгінде мердігер мекеменің жауапкершілігіндегі үш көшенің жол салу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ аталған көшелерге жарық бағаналарын орнатып, ақ самаладай етіп жарықтандыру жұмыстары да жүргізіледі. Стандартқа сай асфальт жабындысы С.Мұқанов сынды көшелерге екінші қайта жүргізіледі. Бастысы бұл жұмыста сын мен сапаға мән бәрілмек. Бұл тұрғыда аталған мердігер мекеме сенім үдесінен шығып келеді.
Аймақ басшысы бұдан әрі Арал қаласындағы теміржол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын көрді. Аспалы көпірдің құрылысын «РИТМ» ЖШС жүргізуде, ұзындығы - 940 метр. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталды, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қазір қажетті заттар және техникалар тасымалданып, нысан басы тегістелді, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Елдік мәселеден туындаған түйіткілді түйін ақыры тарқатылды. Енді аспалы көпірдің ел кәдесіне асар сәтін асыға күтетін ағайын көп. Жалпы бүгінде аудан орталығындағы көліктер бір ғана теміржол өткелі арқылы қатынайды. Өткел жабылғанда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болып, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары сияқты кезек күттірмейтін қызметтермен қоса, тұрғындарға да кедергі келтіреді. Көпір пайдалануға берілген соң осы мәселе түпкілікті шешімін табады деп күтілуде. Алдағы уақытта аудан жұртышылығы аспалы көпірдің игілігін көріп, тізбектелген кептелістерден арылатын болады.
Ел арасында ауыз су мәселесі де ауқымды жұмысқа айналған. Қазіргі таңда аудан орталығынан шалға орналасқан ауылдарды сапалы сумен қамтуда кешенді жұмыстар қолға алынуда. Бұл кезектілікте қыр өңіріндегі Тоқабай, Абай ауылдарына ауыз су тарту жұмыстары бар еді. Ауданға жасаған кезекті сапарында аймақ басшысы «Тоқабай – Абай» ауыз су желісі құрылысын бастау жұмыстарымен танысты. Бас мердігер «Сапа-құрылыс» ЖШС ұзындығы 169,1 шақырым сумен жабдықтау желісінің құрылысын 2025 жылдың сәуір айында аяқтамақ. Нұрлыбек Машбекұлы жұмысты сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Жоспарлы жұмыс нақ уақытында аяқталатын болса шақталық әдіс арқылы ауыз суды тасып ішкен ағайын шүмектен су пайдаланатын күнге жетер. Елге жағар бұл бастамадан ерімбетжағалықтар да құр қалмайды деген үміт басым. Алдағы уақытта Тоқабай тұсынан 20 шақырым қашықтықта жатқан Ерімбетжаға елді мекеніне де ауыз су желісін тарту үшін арнайы шүмек қалдырылады деп күтілуде.
Әрі қарай облыс әкімі Жақсықылыш кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Кешен құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде, жобаның келісім-шарт құны 192,7 млн.теңге. Белгіленген мерзімінен кешіктіріліп жатқан нысан болғандықтан облыс әкімі мердігер мекеме басшысына жұмысшы санын көбейтіп, жұмысы тұралаған құрылысты 15 қыркүйекке дейін аяқтауды жүктеді.
Одан әрі аймақ басшысы Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектептің құрылысымен де танысты. Мектеп апаттық жағдайда деп танылып, былтыр демеушілік есебінен жаңа ғимарат салына бастады. Облыс әкімі білім ұясын оқу жылының екінші тоқсанында толық аяқтап, ел игілігіне тапсыруды міндеттеді. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда Сыр өңірінде 100 млрд. теңгеден асатын қаржыға 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның 4-еуі Арал ауданында бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, оның екеуінің іргетасы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде қаланады. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Қазір Қызылжар, Бөген ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізілуде.
Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, Қамыстыбас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, Сыр өңірінде заманауи үлгідегі спорттық нысандар көптеп салынатынын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», - деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 100 млрд. теңгеден асатын қаржыға 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның 4-еуі Арал ауданында бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, оның екеуінің іргетасы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде қаланады. Өткен жылы Аманөткел ауылындағы кешен қолданысқа берілсе, жақын күндері Жақсықылыш кентіндегі дәл сондай денешынықтыру-сауықтыру кешенінің игілігін халық көре бастайды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада тыл ардагері Сейілхан Садақбаев та жерлестерін құттықтап, бата берді. Осылайша аймақ басшысының Аралға жасаған сапары ауқымды жұмыстарды қамтып, халық үшін өзекті деген мәселелердің тағы бір мәрте нақтылануымен түйінделді.