Kyzylorda-news.kz.  Таяуда «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттаған болатын.

Тәуелсіз сарапшылардан құрылған комиссия шешімімен «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үшінші орынды Арал ауданының Аманөткел ауылы жеңіп алды. Тиісінше аталған елді мекенге әмбебап тиегіш трактор табыс етілді.

Сыр өңіріндегі халқы көп, іргелі ауыл Аманөткел елді мекені тоғыз жолдың торабында орналасқан, географиялық орналасу жағдайы қолайлы болуынан елдің әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіншілігі жоғары, өсу қарқыны бар, өсіп-өркендеп келе жатқан елді мекен.
1921 жылы Сартай, Ақшатау, Мырзас, Шеңгелді, Сарыкөл, Кәрібөгет елді мекендері негізінде №17 Аманөткел ауылдық кеңесі ашылды. Шекаралары белгіленіп, 20 мың гектар жер берілді.

Аманөткел ауылдық кеңесі көлемінде 1928 жылы Аманөткел, Шеңгелді, Арғынбай, Табанқұдық серіктестіктері ұйымдастырылып, 1929 жылы серіктестер біріктіріліп, Аманөткел балық колхозы болып құрылды. 1928 жылы Балықшылар одағы мен жұмысшылар кооперативі ашылды. Кейін Балықшылар одағы Аралға, Бөгенге көшірілді.

Аманөткел колхозынан Ақшатау елді мекені негізінде 1937 жылы Ақшатау балық колхозы бөлініп шықты. 1938 жылы майда серіктестер іріленіп, «8 Март» және «Социализм» атындағы ауылшаруашылық артелі болды.

1957 жылы Ақшатау колхозы қайтадан Аманөткелге қосылып, Аманөткел ірілендірілген колхоз болып құрылды. 1962 жылдың 15 наурызында Аманөткел колхозы Бөген мемлекеттік балық аулау базасына қосылып, олар Аманөткел, Ақшатау балық аулау бөлімшелері болып қалды. 

1966 жылы Ақшатау балық аулау бөлімшесі Аманөткел балық аулау бөлімшесіне біріктіріліп, 1974 жылға дейін Аманөткел балық аулау бөлімшесі болды. Аманөткел ауылдық округі көлемінде ауылдық кеңес төрағалары, колхоз төрағалары, бөлімше басшылары болып төмендегі адамдар қызмет атқарды.

Аманөткел елді мекенінде 1964 жылдан бастап Арал қаласын сумен қамтамасыз ететін су жүйесі мекемесі жұмыс істейді. Мекеме тұрақты түрде Арал қаласын және айналасындағы елді мекендерді, сондай-ақ қаладағы әскери мекемелерді ауыз сумен қамтамасыз етіп отырды. Су жүйесі мекемесінде 70-ке жуық адам жұмыс істеді. 

Мекемеге еңбегі сіңген жұмысшы-қызметкерлерді атап айтар болсақ, олар: Қолғанатов Қолаңбай, Қазиев Беғалы, Өтеғұлов Ерали, Тлеуішов Бимырза, Сариев Әбдікерім, Ибраев Теңізбай, Жалмағанбетов Балтабай, Сералиев Бибіт, Қиынбаев Балтабай, Сүлейменов Сахитжан, Ибраев Әбілқайыр, тағы басқа азаматтар елеулі қызмет етті.

Су жүйесі 1987 жылға дейін Арал қаласына су берді. Кейін Арал қаласына Сарбұлақ суы келуіне байланысты Арал қаласындағы әскери мекемелерге, жақын елді мекендерге 1993 жылға дейін су берілді.  Соның арқасында ауыл жақсы көгалданған. Аманөткел елді мекеніне Сарбұлақ суы 1997 жылы келді.

1976-1990 жылдары Аманөткелдің әлеуметтік жағдайының артуына сол кездегі ауылдан шыққан азамат, балықшыдан министрге дейін көтеріліп, балық министрі болған Саржанов Құдайбергеннің көп еңбегі сіңді. Ол министр болып тұрғанда Аманөткелден тоғанды балық шаруашылығы мекемесі және ПМК-4 құрылыс мекемесі ашылды.

1976 жылы Арал рыбпромға қарасты тауарлы көл балық  шаруашылығы ұйымдастырылды. Онда сапалы балық түрлері өсіріліп, жылына 3000 центнерге жуық балық ауланды. Сонымен қатар мал, құс фермасы ұйымдастырылып, өнімдері Қызылорда, Ақтөбе облыстарына дейін таратылды. Шаруашылықта қосымша арнайы жеміс ағаштары да өсірілді. Мекемеде 60-қа жуық адам жұмыс істеді.
Мекеме басшысы болып Жалмағанбетов Балтабай, кейін Жаймағанбетов Кемал атқарды. Мекемеде еңбегі сіңген инженер-техник Маханбетжанов Қалыбай, бригадирлер Әбілов Жұман, Досаев Ідіріс, жұмысшылар Ермекбаев Нұртай, Ерімбетов Әбжәли, Қайберенов Қайырбол, тағы басқа азаматтар қызмет атқарды.

1984 жылы Аманөткелден Шымкент қаласындағы ПМК-2 мекемесінің бөлімшесі ашылды. 1986 жылы өз алдына дербес ПМК-4 құрылыс мекемесі болып құрылды. Мекемеде 150-ге жуық адам жұмыс істеді. Жұмысшы-қызметкерлерге арнап 50-ге жуық үй салынды. Мекеме жаңа құрал-жабдықтармен және жаңа техникалармен жабдықталды.

Мекемеде бөлімше бастығы, мекеме бастықтары болып қызмет жасағандар: Байсалбаев Ақмырза, Талапбаев Еділ, Шыманов Ұснадин, Махатов Лайық, Кенегесов Жолдас. Қуандықов Елубай – жабықтау бөлімі бастығы, Кенжеғұлов Мырзахан – бас механик, Иманалиев Шалабай – бас есепші,  Ералиев Махсұт – механик, Үсенов Құндақбай – мастер, Тәуекелов Қылышбай – қоймашы. Басқа да механизатор, құрылысшы болып ауыл азаматтары қызмет атқарды.

Аманөткел ауылдық округіне 4 елді мекен қарайды. Округ орталығы - Аманөткел ауылы аудан орталығынан 120 шақырым, облыс орталығынан 415 шақырым жерде Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. Жалпы жер көлемі 17822 га. Ауылдық округі 1921 жылы құрылған. Ауылдық округі құрамында Аманөткел, Хан, Аққұлақ, Ақшатау елді мекендері бар. Барлығы 414 отбасында 2507 адам тұрады. Халыққа қызмет көрсететін 1 жанұялық емхана, 2 фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, халық театры, клуб, кітапхана қызмет жасайды. Орта мектеп, орталау бастауыш мектепте 550 бала оқып, білім алады. 75 орындық балабақша, 17 балалық мектеп интернат, музыка мектебі филиалы, ветеринарлық пункт жұмыс істейді.

Ауыл тұрғындарына «Арал-Сарбұлақ» су тарату бөлімшесі, почта, күнделікті барлық бағытта көлік қатынасы қызмет етеді. Аманөткел ауылдық округі бойынша 33 шаруа қожалығы, 57 кәсіпкер патент негізінде қызмет жасайды. Аманөткел қала тектес ел тіршілігіне қолайлы, жасыл желек жамылған іргелі елді мекен.

Хан ауылы Аманөткел елді мекеніне іргелес 6 шақырым жерде орналасқан. Халық саны 108 адам, 14 отбасы тұрады. Хан елді мекеніндегі «қалқымалы көпір» орналасқан, сол көпір арқылы Қазалы ауданы елді мекендеріне, Жаңақұрылыс және басқа да елді мекендермен қолайлы қатынас орнатылған.

Аққұлақ та тарихи елді мекен. Ауыл атауының шығу тарихы туралы нақты мәлімет жоқ. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ат үстінде жүріп, дүз кешкен батыр Арыстанбаб туралы ел ішінде «Жолбарыс алған Арыстанбаб батыр» деген сөз болған, руы Кешубай. Ол кісінің құлақтары жүдә үлкен, ерекше ақ болған. Сол себепті жеңгелері «аққұлақ» деп атаған. Кейіннен ауыл Аққұлақтың ауылы деп атанып кеткен дейді. Аққұлақ ауылы 1964 жылға дейін Бөген ауылдық кеңесіне қараған, кейін ұйымдастыру кезеңінде Арал қаласында орналасқан «Приарал» совхозының №2 фермасы болып 1964 жылы құрылған. «Приарал» совхозы Сайғонды ауылдық кеңесіне қарады, орталығы Арал қаласында болды. №2 ферма мал өсіру және мал азығын дайындаумен айналысты. 1993 жылы «Приарал» совхозы тарағаннан кейін №2 ферма «Бірлік» кооперативі болып құрылды. 1997 жылы Сайғонды ауылдық кеңесі таратылғаннан кейін жер шекарасы жақын орналасқан Аққұлақ елді мекені Аманөткел ауылдық округіне қарады.

Аққұлақ елді мекені аудан орталығынан 140 шақырымда, округ орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Аққұлақ елді мекенінің кіре берісі қақпасынан кейін екі қабатты, бүгінгі заманға лайықталып салынған тоғызжылдық №76 білім ордасы бой көтерген. Ауылда медициналық дәрігерлік пункт, су айдау стансасы, кітапхана бөлімшесі, клуб үйі ел игілігі үшін жұмыс жасап келеді. Аққұлақ елді мекенінде 47 отбасы, 263 жан тұрады. Елді мекен тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады, 5 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Ақшатау ауылында 26 отбасы, 160 жан тұрады. Халыққа қызмет көрсететін фельдшерлік пункт, бастауыш мектеп, су айдау стансасы, балық питомнигі бар. Негізгі тұрғындар балық және мал шаруашылығымен айналысады.

Тағы да оқыңыз: