Kyzylorda-news.kz.  Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы қарапайым халыққа біршама көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. Мәселен, кәсіп бастаймын деген адамдарға арнайы қайтарымсыз гранттар беріліп, қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге жалғыз қаланы ғана емес, ауылдарды дамыту бойынша да көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Соның бірі ауыл халқының өмір сүру сапасы мен тұрақты дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» атты бағдарлама іске қосылған болатын. Бұл бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Осы тұста Арал ауданында көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өзге де «Нұрлы жол», «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламалары бойынша біршама жұмыстар жүзеге асырылуда.

Қай өңірдің болмасын тұрғындарына алдымен жол мен жарық сапасының жақсы болуы маңызды. Бұл ең алдымен сол жердің даму көрсеткішін айқындаса, екіншіден тұрғындар  игілігіне де жарайтыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай 2025 жылға жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы маңызы бар жолдар үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген еді. Аудан бойынша маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 615,383 шақырым болса, оның 256,45 шақырымы, яғни 41,8 пайызы жақсы, 129,14 шақырымы, яғни 20,9 пайызы қанағаттанарлық және 229,79 шақырымы, яғни 37,3 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайды құрап, 2023 жылдың 1 қаңтарына индикаторлық көрсеткіш жоспарланған 64 пайызға қол жеткізген.
Бүгінде аудан көлемінде 32 жоба іске асырылып келеді. Атап өтер болсақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 14 жоба, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 10 жоба, сонымен бірге «Моно және шағын қалаларды дамыту» бойынша 8 жоба.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 14 жобаның 12-сі толық аяқталып отыр. Ал қалған 2 жоба 2024 жылға өтпелі екен. Сол жұмыстардың нәтижесі арқылы аудандық маңызы бар автожолдар үлесін 64 пайыздан 80 пайызға жеткізуге мүмкіндік туады.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында10 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы жоба  ұзындығы 8,9 шақырым Сексеуіл кентіндегі 7 көшенің, сонымен бірге ұзындығы 3,39 шақырымды құрайтын Аманөткел елді мекеніндегі 3 көшенің автожолдарын жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. 

«Моно және шағын қалаларды дамыту» бойынша жоба құны 3 141,6 миллион теңгені құрайтын темір жол үстінен аспалы көпір және де жоба құны 772,3 миллион теңге болатын Арал қаласындағы 7 көшенің автожолдарының құрылысы жүргізіліп келеді. Темір жол үстінен аспалы көпір жұмысы бойынша қазіргі таңда свай бағаналары қағылуда, сонымен бірге коммуналдық қызмет көрсету мекемелері нысан ауласындағы желілерді ыңғайлы орындарға ауыстыру жұмыстарын жүргізуде.

Мұнымен қоса аудан бюджеті есебінен бөлінген қаражатты 1,8 шақырым болатын Бөген елді мекені көшелерін орташа жөндеуден, 14000 шаршы метрді құрайтын қала көшелері мен аудандық маңызы бар автожолдар да жөндеуден өткізіліп жатыр.

Бүгінде маңызды мәселелердің бірі – автожол екендігі сөзсіз. Аудан бойынша автожолдарды жақсарту мақсатында біршама жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін беруде. Бұл іске халық та риза.

Тағы да оқыңыз: