Kyzylorda-news.kz.  Өткен аптада аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясы өтті. Жаңа депутаттық құрам сессия отырысында 2022 жылға арналған Арал ауданы бюджетінің атқарылуы жөніндегі жылдық есепті бекіту туралы мәселені қарады.

Аталған мәселеге байланысты алдымен аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі М.Сатлабаев, аудандық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрағасы А.Сауяев баяндама жасаса, одан кейін 2022 жылға арналған Арал қаласы бюджетінің атқарылуы жөнінде Арал қаласының әкімі Е.Талекенов хабарлады.

Мұнан бөлек 2022 жылға арналған бюджетінің атқарылуы жөнінде ауданға қарасты Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Аралқұм, Аманөткел, Атанши, Ақирек, Аққұм, Беларан, Бекбауыл, Бөген, Жетес би, Жіңішкеқұм, Сапақ, Райым, Мергенсай, Қамыстыбас, Қарақұм, Қосаман, Қосжар ауылдық округтерінің әкімдері мен Жаңақұрылыс, Сазды, Қаратерең, Құланды ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушылар баяндады.

Одан бөлек «Арал ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы аудандық комиссияның құрамын бекіту туралы» Арал аудандық мәслихатының  2019 жылғы 18 ақпандағы №225 шешіміне өзгерістер енгізу, Арал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, аудан әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және әріптестік жөніндегі аудандық кеңестің құрамын бекіту, «Арал ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Арал аудандық мәслихатының  2021 жылғы 22 шілдедегі №89 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудан әкімінің орынбасары К.Бержановтың, «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы» Арал аудандық мәслихатының 2021 жылғы 12 ақпандағы №13 шешіміне өзгеріс енгізу жайында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғ.Тоғысованың, аудандық жер комиссиясының құрамын қалыптастыру және ережесін  әзірлеу туралы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбановтың хабарламалары тыңдалса, Арал ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту  туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Есжанов пен «Арал аудандық (аумақтық) сайлау комиссиясын сайлау туралы» аудандық мәслихатының 2019 жылғы 9 қаңтардағы №216 шешіміне толықтыру енгізу жайында аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Турахметов сөз сөйледі. Сонымен қоса Б.Турахметов Арал аудандық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 наурыздағы «Арал аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін жыл сайынғы бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» №139 шешімінің күші жойылды деп тану, аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 наурыздағы «Арал аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін жыл сайынғы бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» №139  шешіміне өзгерістер енгізу туралы Арал аудандық мәслихатының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі №307 шешімін жою мәселелері жайында сөз қозғады.

Күн тәртібіндегі мәселелерді тыңдап, ортаға салған халық қалаулылары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының  1-тармағына және 19-бабына  сәйкес оң шешім қабылдады.

Тағы да оқыңыз: