Kyzylorda-news.kz. Биыл Арал ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң серпін сақталды. Бес айда экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жобалар орындалды. Олардың негізгілері туралы кеңірек тоқталсақ.

Кейінгі жылдары аудан экономикасының даму динамикасы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Ауданның жергілікті атқарушы органдарының қызметі есепті кезеңде ҚР Президентінің Жолдауынан туындайтын мәселелерді, мемлекеттік, аймақтык бағдарламаларды іске асыруға бағытталды. Қабылданған іс-шараларды іске асыру барысында ауданның әлеуметтік–экономикалық дамуында біршама ілгерілеушіліктер байқалды. 

2023 жылдың қаңтар – наурыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 7345,0 млн теңге болды. Нақты көлем индексі 110,4 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 5298,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 112,4 пайызды  құрады.

Ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді

Арал ауданының ауыл шаруашылығы саласында соны серпін байқалады. Жыл басынан бері 1 950, 7 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,7 пайыз болды.
Ауыл шаруашылығы саласында 1 акционерлік қоғам, 26 кооператив, 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді және 1280 шаруа қожалығы тіркелген.
2023 жылдың қаңтар-наурыз айында 1000,0 тонна ет, 1199,2 тонна сүт, 10,3 мың дана жұмыртқа дайындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сүт 1,6 пайызға, ет 2,6 пайызға өсіп, жұмыртқа 2,0 пайыз орындалды. Мал басы бойынша мүйізді ірі қара 4,8 пайызға, жылқы 13,3 пайызға, түйе 7,7 пайызға, құс 7,8 пайызға өсіп отыр.

Байлықтың көзі – балық

Арал ауданының басты байлығы саналып келген балық шаруашылығы – бүгінде негізгі кәсіптің көзі. Елдің экономикалық дамуында бұл шаруашылық ерекше рөл атқарады. 
Аудан аумағында балық шаруашылығында маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Аралдағы балық шаруашылығының даму қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Осы теңіздің 18 учаскесімен 20 көлдің 18 көлін табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген, 2 көліміз резервте. Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 17 түрі ауланады.
Балық аулау кезеңі 1 шілдеден келесі жылдың 1 шілдесіне дейін есепке алынады. Сондықтан 2022 жылдан 2023 жылға дейін, Кіші Арал теңізінен 6924 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 477 тонна және Примор көлдер жүйесіне 60 тонна сонда аудан бойынша барлық лимит 7461 тонна болып бекітілген.
Балық өңдеу саласында аудан бойынша 31 балықшылар бригадасы болса, оларда 701 адам жұмыс атқарады, 256 өздігінен жүретін флот, 15 өздігінен жүрмейтін флот, 6 дана үлкен кеме СМБ-40, 2 дана БМК-130, 1 дана «Касатка-640» шағын кемесі және 9905 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше ау бар.

Әлеуметтік сала басты назарда

2023 жылдың қаңтар-наурыз айында барлық салық пен басқа да түсім түрлерінің болжамының орындалуы 1368,0 млн теңге немесе 104,0 пайызды құрады. Оның ішінде, аудандық бюджетке түсім 753,1 млн теңге (болжам 720,9 млн теңге), яғни 104,5 пайызға орындалды.
Құрылыс та жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Биыл аудан бойынша бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қантар-наурыз айында 6160 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға өскен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3364,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 есеге артты.
Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту орталығына 2222 адам хабарласса, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған азаматтардың саны барлығы 239 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 710 адам қоғамдық жұмыс орындарына тіркелді. Осылайша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендеді. 

2023 жылдың қаңтар-наурыз айында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген 234 отбасының 1397 отбасы мүшелеріне 22,8 млн теңге төленді (2022 жылы 352 отбасының 2631 отбасы мүшелеріне 33,7 млн. теңге). Сондай-ақ, 92 отбасының 314 отбасы мүшелеріне 2,2 млн.теңге тұрғын үй көмегі төленді (2022 жылы 128 отбасының 537 отбасы мүшелеріне 2,5 млн теңге).
Құт-береке дарыған, ырыс-баққа жарыған Сырдың қасиетті өңірінің бірі – Арал ауданы. Аудан бойынша білім саласында жұмыстар тиісті стандарттарға сәйкес атқарылуда. 

Ауданда 51 мектеп, (оның 40-ы орта, 6-ы негізгі, 5-і бастауыш мектептер), 20 мемлекеттік балабақша, 14 жеке балабақша, 19 толық шағын  орталықтар, 30 жарты күндік шағын орталықтар, 4 мектептен тыс мекемелер және 2 колледж жұмыс жасайды. Мектептерге 17745 бала оқуға тартылған. Сонымен қатар, 4946 бала шағын орталықтар мен балабақшаларға, мектептен тыс мекемелерге 1326 оқушы, колледждерде 742 оқушы қамтылған. 

Мәдениет саласы бойынша Арал ауданы халқына 72 мәдениет мекемелері, оның ішінде 32 мәдениет үйлері мен клубтар, 39 кітапхана қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ауданда 3 мұражай жұмыс жасауда.  
Қазіргі уақытта спорт саласындағы өзекті мәселелердің бірі – аудандарда спорт инфрақұрылымын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Денешынықтыру және спорт саласында 2 балалар мен жасөспірімдер мектебімен қоса әртүрлі деңгейдегі 236 спорт обьектілері (алаңдар) өз жұмыстарын жалғастыруда.

Аудан бойынша кәсіпорын құрамында 140 төсектік орталық аурухана, 40 төсектік жүйке аурулар диспансері, 25 төсектік Сексеуіл ауылдық ауруханасы, жалпы алғанда 230 төсектік тәулік бойылық стационарлар қызмет етеді. Аудандық емхана, 3 ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшер- акушерлік пункт, 36 медициналық пункт аудан халқы үшін қызмет көрсетуде.

 

Тағы да оқыңыз: