Kyzylorda-news.kz. Бүгін қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейіловтің төрағалығымен өткен жиналыста «Қызылорда облысының 2022-2024 жылдарға арналған салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша қосымша резервтерді анықтау алгоритмінің» сапалы орындалуы талқыланды.

Алгоритм негізінде жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, қосымша кіріс көздерін табу мақсатында салалар бойынша талдау және камералдық бақылау жұмыстары жүргізіледі.

«Мәжіліске қатысушы мекемелерге Алгоритммен бекітілген іс-шараларды сапалы әрі мерзімінде орындауды және жауапкершілікпен қарауды тапсырамын. Бұл өз кезегінде кіріс көздерінің ұлғаюын қамтамасыз етіп, шешімін табуды қажет ететін жобалардың жүзеге асырылуына септігін тигізеді, — деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Жиында Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқарамасының басшысы Берік Ниеталиев салық базасын ұлғайту және бюджет жоспарының орындалуы туралы хабарлама жасап, ұсыныстарын білдірді.

Айта кету керек, мәжіліске дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, басқа да салық базасын ұлғайту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуге мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары мен жауапты тұлғалар қатысты.