Kyzylorda-news.kz Өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында Ақжарма ауылдық округінің әкімі саттар Әбдіреев қала әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг берді. Жалпы бүгінгі күні Ақжарма ауылдық округінің халық саны 2386 адамды құрайды. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 1071 адам. Оның ішінде тұрмысы төмен төмен отбасылар саны – 30, зейнеткерлер – 205, жұмыссыздар саны – 9 адам. Жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында тұрақты жұмысқа 33 адам орналасқан. Өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар саны – 519 адамды құрап отыр.
Өткен жылы ауылдық округтің бюджеті 157 миллион теңгені құрап, оның 152 миллион 5 мың теңгесі яғни 97,1 проценті игерілген. Сонымен қатар 2023 жылғы салықтық түсімдердің жоспары 7,1 миллион теңге болса, нақты түсім 7,8 миллион теңгені құрап, жоспар 110 процентке орындалған.
2024 жылға Ақжарма ауылдық округінің бюджетіне 152,2 миллион теңге қаралған, оның ішінде салықтан түсетін түсімдер 7,1 миллион теңге, салықтық емес түсім 0,1 миллион теңге. Жыл бойында атқарылатын жұмыстар, қызметтер мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес ашық конкурс және баға ұсынысын сұрату тәсілі бойынша кезеңімен жарияланып, қадағалаумен орындалады.
Ауыл экономикасының өсуіне ондағы кәсіпкерлік саланың дамуы да серпін беруде. Ауылдық округте 164 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Өткен жылы 25 кәсіпкерлік субъект тіркелді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында яғни «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 5 жоба ұсынылып, соның 1 жоба - 8 миллион 600 мыңтеңгеге қолдау тапқан. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» «Жастарды қолдау» бағдарламасы арқылы (2,5 пайыздық несие беру) 4 миллион теңге болатын мал шаруашылығы бағытында 1 жоба қолдау тапса, Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымы арқылы 3 миллион 500 мың теңгеге 1 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа 8 адам құжат тапсырып, 2 адам комиссия шешімімен оң қорытынды алған.
Бұдан бөлек, өткен жылы ауыл тұрғыны Ғ.Ерназаров өз қаражаты есебінен 200 шаршы метр көлемінде бір жылыжай ашып, өнім шығаруда.
Енді 2024 жылға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 5 жоба құжат дайындау барысында. Оның ішінде 2 жоба мал шаруашылығы бағытында болса, 3-еуі өндірістік бағыттағы жобалар.
Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымы арқылы (РИЦ) – 4 жоба құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Ауылдың инфрақұрылымдық жүйесінде былтыр «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 33 миллион 300 мың теңгеге Баймұрат батыр ауылынан ұзындығы 2,85 шақырым болатын 3 көшеге (Тоғай, Тоғай2, Қырман) түнгі көше жарық бағаналарын орнату үшін мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, анықталған женімпаз «Ai-Sultan Compani» ЖШС-сі анықталып, түнгі көше жарық жұмыстары жүргізілді. Одан басқа «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде екі көшенің аяқ жақ бөлігіне (М.Мәметова, А.Құнанбаев) құны - 1 миллион 500 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес анықталған «Стройинвест ГС-Кызылорда»ЖШС-мен ұзындығы 0,5 шақырым болатын түнгі көше жарығы орнатылды.
Ақжарма ауылдық округінің елді мекендеріне 5 аялдама орнатуға мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, жеңімпаз ЖК «Гүлім» анықталып, 3,0 миллион теңгеге Баймұрат батыр ауылына 3 аялдама, Талдыарал елді мекеніне 2 аялдама орнатылды.