Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының орталығымен іргелес жатқан Ақсу ауылдық округінің бүгінде тірлігі түлеп, әлеуеті артып келеді. Ауылда кәсіпкерлік саласы қанат жайып, тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтар саны артқан. Ұлттық санаққа тіркеліп, вакцина алуда да ауыл халқы белсенді. Ақсулықтардың 86% онлайн санақтан өтсе, 93 пайызы індетке қарсы екпе салдырған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов елді мекендегі елеулі жұмыстарды баяндап, ауылда атқарылған жұмыстарды айтып берді.
Ауылдың шаруасын ширатуға кіріскен Қанат Қуанышұлы биыл «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінде жеңімпаз болды. Енді ауыл әкімі республикалық кезеңде үздіктер қатарынан көрінуге үмітті. Жеңімпаз болу үшін ауылда Қанат Қуанышұлының басшылығымен атқарылып жатқан ілкімді істердің септігі тиері анық.
Мәселен өткен жылы Ақсуда “Бірлік Агро” шаруа қожалығы тәулігіне 10 тонна күріш ақтау цехын іске қосқан. Қазір цех өз тиімділігін дәлелдеп, нәтижелі жұмыс істеп тұр. Ауылдағы “Толғанай” шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешені де жүйелі жұмыс істеп келеді. Бұл қожалық асыл тұқымды сиыр малын сатып алып, аудан орталығы мен қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынуда.
Ауыл әкімінің айтуынша ақсулық шаруалар биыл 2 мың гектардан аса аумаққа Сыр салысын егіп, жоспарға сай күріш жинауға кіріскен. Ауыл еңбеккерлері науқанды межелеген уақытта аяқтайды деп күтілуде. Су тапшылығы диқандарға қиынға соқса да мол өнім алудан үмітті.
Жыл көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ауылдағы 46 кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Нәтижесінде қосымша 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Облыс аумағында орын алған қуаңшылық кезеңінде Ақсудан Арал ауданына көмек ретінде 10 мың дана шөп жеңілдетілген бағамен жөнелтілген. Ерікті жастар және шаруашылықтың көмегімен 3 қамаз шөп қайырымдылық көмек есебінде тегін жеткізілді.
“Біздің ауыл бұрыннан өнерде де спортта өте белсенді. Ауылдағы батыр аналардан құрылған Асыл әжелер ансамблі Түркістан және Қызылорда қалаларында өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен ауыл ардагерлерін түрлі саяхаттарға, демалу орындарына баруына ықпал етіп келеміз. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу бағытында спорт түрлерінен арнайы командалар жасақталған. Ауылымыздың абыройын қорғап жүрген спортшыларымыз аз емес”, – деді ауыл әкімі.