Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «КазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Жақып Марабаевты қабылдады. Басқосуда Сыр өңірінің даму бағытында бірлесіп атқарылатын жұмыстар сараланды.
Облыс әкімі мұнай компаниясының өңір экономикасын дамытудағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, мұнай компаниялары өңір дамуының локомотиві болып табылады. Биыл өңірде 4,2 млн. тонна мұнай өндірілетін болса, оның ең жоғарғы үлесі – 35,2 пайызы «КазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» серіктестігіне тиесілі. Компания – елімізде алғашқылардың бірі болып кеніштерді игеруге, сол арқылы еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін ақылды технологияларды енгізді. Сонымен қатар, аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кәсіпорын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар жиында Жақып Марабаев «КазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» серіктестігінің Бас директорының орынбасары Мұрат Мұстафаев жаңа қызметке ауысуына байланысты жаңа қызметкер Нұржан Әбдірахмановты таныстырды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мұрат Мұстафаевтың өңірімізде жемісті еңбек еткеніне алғысын білдіріп, Нұржан Әбдірахмановтың жаңа қызметіне табыс тіледі.