Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы облыста 188,5 мың гектар егін егілді. Оның ішінде күріш 78,6 мың гектарға себілді. Су тапшылығын төмендету үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 1,8 пайызға артып, 180,1 млрд теңгеге жеткен.
Биылғы меже – жалпы егін көлемін былтырғыдан 7,1 мың гектарға (барлығы 195,6 мың гектар) арттыру. Оның ішінде күріш алқабы – 5,4 мың гектарға (барлығы 83,9 мың гектар) ұлғаятын болады.
Облыс әкімінің тікелей бастамасымен әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға өткен жылы ынталы тұрғындар үшін арнайы жер телімдері қарастырылды. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектар жер дайындалып жатыр.
Сырдария мен Арал теңізіне қатысты жағдай өзекті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды облыс әкімі Парламент, Үкімет мінбелерінде көтеріп келеді.
«Бүгінгі күні «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының 1 кезеңі аясында салынған «Көкарал» бөгеті бұзылу қаупінде. Егер бөгет бұзылған жағдайда 27 млрд текше метр су көлемі бар Кіші Арал теңізінен айырылып, экологиялық апат орын алады.
Бұл мәселені мен өткен жылы болған Сенаттағы Парламент тыңдауында көтерген болатынмын. 2022 жылы «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаралса, биыл 1,2 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Жоба 2025 жылы аяқталады. Біз осыған барынша күш салып, тиянақты түрде әрекет етуіміз қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.