Kyzylorda-news.kz.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші отырысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Стратегиялық маңызы бар мәселеде өте мұқият болуды міндеттеді. «Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды» деді Президент депутаттар алдында. 

Ендеше, әрбір тамшы суға жанашырлықпен қарап, оны ұқыпты пайдаланудың маңызы зор. Бұл мәселенің Сыр өңіріне де тікелей қатысы бар. Ертеден егін шаруашылығымен айналысатын жергілікті диқандар ала жаздай табаны судан құрғамайтын күріш дақылын егеді. Оның көзі – тек Сырдарияның суы.Кейінгі жылдардағы жағдай оңай болып тұрған жоқ. Су тапшылығы бар, әйтсе де өңір басшылығы диқандармен бірлесіп амалын жасауда. Оған Президент пен Үкіметтің тікелей қолдауы барын да айтуға тиіспіз.

Күріш көлемі кеміген жоқ

Жергілікті климаттың қыр-сырын білмейтін кейбір азаматтар күріш егісінің көлемін қысқарту мәселесін көлденең тартқанын жақсы білеміз. Ол тағы бір проблеманың туындауына алып келеді. Кезінде өңірде қыруар қаржы жұмсалып, инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егіс алқабы бар. Қарапайым диқан қауымының алдындағы негізгі міндет – сол бағалы байлықты тиімді пайдалану. Алтын қорды сақтап қалудың негізгі жолы ретінде күріш шаруашылығы айтылады. Себебі, бұл дақыл жердің тұзданып кетуіне жол бермейді. Кейбір азаматтар күріш егісін қысқарту арқылы су тапшылығын шешуге болады деген пікірде. Күріш егілген алқапқа тиісті кезеңде жоңышқа алмастырады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін сақтаудың өзіндік егіншілік мәдениеті қалыптасқан. Ал мұндай заңдылық сақталмаған жерде алқап тұзданып, тозуға көшеді.

Былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызметіне келген сәттен аталған мәселені Президенттен бастап құзырлы орындар мамандары назарына ұсынды. Нәтижесінде күріш көлемін қысқартпай, суды үнемді пайдалану жолдарын қарастыруға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда өңірде көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Күріш егу басталды. Биыл басты дақылдың көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. 
Сәл шегініс жасайық. Өткен жылы облыс әкімі «Хабар» теларнасына берген сұхбатында: 

– Біз – негізінен аграрлық өңірміз. Оның ішінде, басты дақылымыз – күріш. Ол суды көп қажет ететіні бәрімізге белгілі. Бізде суармалы жерлер өте көп. Кейінгі жылдары шынында да жоғарыдан келетін судың көлемі азаюда. Ол тек біздің өңірде емес, көп елдерде судың тапшылығы сезіліп жатыр. Өткен жылы да су тапшы болды. Қазір біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 10 жылдың көлемінде Аралға келетін судың өзі төмендеп кеткен. Қазір ондағы су 9 млрд текше метрге дейін азайды. Соңғы 12 жылда 7 млрд текше метр су аз келген. Мен қызметке келгенде күріштің көлемін 20 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланған екен. Біз тәуекелге барып, 20 емес, 5 мың гектарға дейін қысқарттық. Өйткені күріш – өңірдің ең негізгі дақылы. Халықтың да негізгі күнкөрісінің бірі. Осы күріштің айналасында қаншама адам жұмыс істейді. 20 мың гектарға қысқартсақ, төрттен бірі қысқарып кетеді. Сондықтан биыл 5 мың гектарға қысқартып, 78 мың гектарға күріш егіп, төкпей-шашпай жинап алдық, – деген болатын.

Жергілікті мамандар қолдағы мүмкіндіктерді саралап, биыл да күріш көлемін арттыруға мән бермекші. 

– Алдағы уақытта күріш егісінің көлемі 80-85 мың гектар аралығында тұрақталады деген жоспар бар. Оған қоса егін шаруашылығын әртараптандыру мәселесі жүзеге асып келеді. Айта кетсек, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғаяды. Осы мақсатта көкөніс-бақша майлы, мал азықтық дақылдарға басымдық беру ойластырылуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Сыр өңіріндегі инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалу мәселесін облыс әкімі жиі көтеріп келеді. Оны нақты тұжырым, дәлел-дәйекпен Үкімет басшылығына жеткізді. Бұл жөнінде Парламенттік тыңдауда депутаттар алдында ой-пікірін білдірді. Нәтижесінде іс-шаралар жоспары нақтыланып, қажетті жұмыстар қолға алынды.

Қысқы азығын қамдайды

Тоқсаныншы жылдарға дейін өңірде жергілікті тұрғындар көкөніс-бақша, картоп өнімдерін көбіне өздері егіп алатын еді. Өкініштісі, кейінгі жылдарда бұл мәселе ескерілмей келді. 
Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен осы мақсатта арнайы жер дайындалды. Алғашқы жылда 6802 отбасы 1433 гектарға еккен өнімдерден қысқы азығын молынан жинап алды. Бастама тиімділігін көрсетті. 

– Тоқсаныншы жылдарға дейін облыс тұрғындары қолы бос уақытта қажетті көкөніс-бақша дақылдарын егіп алатын. Немқұрайдылық салдарынан ол кейінгі жылдарда ұмыт қалып жатты. Өзімізде егін егуге қолайлы жағдай болғанмен, оларды сырттан тасымалдау базар бағасына да әсер ететіні белгілі. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған игілікті істің тиімділігі көп деп санаймын. Біріншіден, бұл азаматтарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Екіншіден, базар бағасының тұрақтануына жол ашады. Оған қоса көпшіліктің бос уақытын тиімді пайдалануына септігін тигізіп, еңбекпен айналысуына жағдай жасайды. Әрине, қазірге дейін оған ынта білдірген тұрғындарға жер бөлу мәселесіне назар аударылған жоқ еді. Кейбір азаматтар аталған тірлікті өз күшімен атқарып жүрді. Қолайлы жағдай жоқтықтан бұл шаруа кең ауқымда жасалмады. Өткен жылдың өзінде облыста 7 мыңға тарта отбасы еңбектің жемісін көргені қуантады, – деді облыстық фермерлер одағының төрағасы Омархан Пашкенов. 

Шынында, жерді дайындап берсе, оған қажетті дақылдарды егуге ниетті тұрғындар аз емес екен. Биыл олардың саны бірден екі есеге өсіп отыр. Қызылорда қаласы мен облыс аудандарында аталған мақсатта дайындалған 3 мың гектар алқап 13 мыңға жуық отбасы бөлініп берілмек.

Жаңашыл жобалар – ел игілігіне

Жылма-жыл өңірде су тапшылығы қайталанып жатқандықтан  аграрлық салада жаңа жобаларды қолға алу өзекті екенін байқатып отыр. Мәселен, кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Өңірде қант құмайы және соя секілді жаңа дақылдарды тәжірибеден өткізуге көңіл бөлінді. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары сынақ жасап көрді. Алғашқы нәтиже жаман емес.

Қант құмайының біздің өңірге өте қолайлы екені анықталды. Топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз.

– Негізінен Африкада өсетін дақыл суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жапырағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдаланған кезде екі-үш жылда өз шығынын толық ақтайды, – дейді институт ғалымдары.

Сондай-ақ, әлемде соя дақылына сұраныс өте жоғары. Қазақстанмен шекаралас Қытай бұл дақылды көп тұтынатын мемлекеттер қатарында тұр. Тіпті, оны сонау Аргентинадан ұшақ арқылы алдырады. Осыған байланысты Алматы облысында тиісті жұмыстар қолға алынған.  Бұрын мұнда соя өсімдігі 50 мың гектардан аспаса, қазір 3-4 есеге дейін өскен. Әрине, өнімді экспортқа шығарудың өз талабы бар.

Сондай-ақ, Шиелі ауданында «Тың өріс» ЖШС 10 мың гектар алқапта жоңышқаны жаңбырлатып суару әдісімен егуге мән беріп отыр. 
Институт ғалымдары бұл бағытта да тың ізденістер жасады. Одан мол өнімге қол жеткізуге болатыны дәлелденген. Десе де, әзірге аталған дақылдың көлемін арттыруға қолбайлау болып тұрған жағдайлар бар. Біріншіден, оны егетін және жинап алатын техникалар қолда жоқ. Екіншіден, тәжірибелі мамандар жетіспейді. Өзге де себептер жетерлік. Сондықтан бұған байланысты нақты жобалар жасау керек.

Қызылорда өнімі шетелге шығады

Кейінгі жылдарда өңірдің ауыл шаруашылығы саласы экспортқа өнім шығарумен таныла түсуде. Былтыр 112,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шетелге шығарылды. Олардың жалпы құны – 61,9 млн доллар. Әлемнің 23 еліндегі тұтынушылар күріш, балық, күріш қалдығы, қамыс, қауын-қарбыз, көкөніс, қызанақ, күнбағыс тұқымы секілді өнімдерге сұраныс жасаған. 
Сондай-ақ, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіп кешені саласындағы 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалар картасы бекітілді. Сол арқылы құны 55,9 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба қолға алынады. Ол 894 адамға жаңа жұмыс орны болмақ. Былтыр 601,9 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды. Биыл тағы 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. 

– Өткен жылы түркиялық  «КОQ Holding» компаниясы қызанақ пастасын дайындайтын зауыт салуға байланысты қызығушылық білдірді. Жобаның құны – 13,5 млрд теңге. Онда жылына 24 мың тонна өнім шығарылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 30 гектар жер телімі берілді. Биыл тәжірибелік негізде 10 гектарға тамшылатып суару әдісімен қызанақ егілді, – деді басқарма басшысы Т.Дүйсебаев. 

Өңірде ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру арқылы жаңа өндірістер ашуға көңіл бөлініп отыр. Сол арқылы елдегі ағайынның орташа табыс көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл бағытта Жамбыл облысында жүзеге асқан «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ойластырылған. Қазір жобаға қатысатын пилоттық негізде 24 ауылдық округ айқындалды. Ендігі кезекте осы бағытта 454 жобаны іске асыруға мән беріледі. Бұл бойынша аталған бағдарламаға 28 ауыл шаруашылығы кооперативі қатыстырылады. Олардың арасында 12-і бұрын жұмыс істесе, қалғаны енді құрылады. 

Аймақта жылдан-жылға мал басы өсіп келеді. Биылғы жылдың 1 наурызына дейінгі мәлімет бойынша 390,4 мың мүйізді ірі қара, 725,7 мың қой мен ешкі, 214,9 мың жылқы, 58,7 мың түйе және 124,2 мың құс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 6,1, қой мен ешкі 1,5, жылқы 14,1, түйе 7,5 пайызға көбейген. Есепті кезеңде 6,1 мың тонна ет, 11,4 мың тонна сүт, 0,7 млн дана жұмыртқа өндірілген. Нәтижесінде ет өндіру 2,7, сүт 1 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасындағы негізгі сала. Өңір халқының жартысынан астамы елді мекендерде тұрады. Сондықтан аймақтың тыныс-тіршілігінде аграрлық саланың орны ерекше. Жергілікті еңбеккерлер қаншама қиындықпен бетпе-бет келсе де, кәсіптің бабын жасап, несібесін алып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аграрлық сала үшін өте маңызды. Бұл тұрғыда аймақтың жаңа мүмкіндіктері қалыптасып отыр.

 

 

Тағы да оқыңыз: