Kyzylorda-news.kz. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әлеуметтік кодекс өз күшіне енеді. Отандық сарапшылар жаңа кодекс әзірленіп жатқан тұста, бұл құжат ел ішінде қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді түгелдей қайта қарап, «әлеуметтік саладағы барлық заңнамаға ревизия жүргізіледі» деген болатын. Ол 5 бөлім, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оны әзірлеу барысында Еуроодақ тәжірибесі басшылыққа алынғанымен, өз елімізге тән ерекшеліктер жан-жақты ескерілгенін де  айтқан еді. Жалпы бұл кодекстің әлеуетке әсері қаншалықты? Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігі тие ме?

Әлеуметтік кодекстегі негізгі жаңалықтарының бірі – Отбасының цифрлық картасы. Бұл жайлы жұртшылық әлі біле бермейді. Сондықтан біз Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Төреахмет Жолымбетовпен жан-жақты талқылаған едік.

Әлеуметтік кодексті жалпы ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілген алғашқы біртұтас әлеуметтік құжат деп айтуға болады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Бүгінгі күні Әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыста 17 заңнама бар. Осы заңнаманың барлық нормаларын  біріктіріп, Әлеуметтік кодекспен қамтылмақ. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Ол туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі.

Төреахмет Сайлаубайұлының айтуынша, енді отбасы және әлеуметтік жағдай туралы барлық дерек бір жерге жинақталып, базаға енгізіледі. Демек, әр отбасының дербес дерекқоры болады. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылуда.  Ол не үшін қажет деп ойлап отырған боларсыз.

– Цифрлық карта халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді, яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Екіншіден – отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберілуде. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. SMS-хабарламаны министрлік арқылы әр отбасы туралы цифрлық ақпаратты зерттей отырып, күнделікті жіберіп отырады.

Айталық, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде  81 мыңнан аса азамат зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы бар екені туралы хабарлама алды. Бүгінде соның 53 мыңына мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалып, төленуде. Облыстағы мәліметтерге келетін болсақ, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін 13820 хабарлама жіберілді. Оның ішінде автоматты түрде тағайындалғаны – 1342. Сандар арасында неге алшақтық байқалады дегенге келсек, кейбір ақпараттық жүйедегі ақпарат ескі болады немесе белгілі бір салада цифрландыру кеш басталғанына байланысты отбасы туралы ақпарат болмайды. Мысалы, АХАЖ-ды цифрландыру 2008 жылы басталып, базаға осы уақыттан бастап туған балалардың деректері енгізілген. Сондықтан азаматтар мұндай қателіктерді жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы растап, цифрлық картаға өзгеріс енгізуіне болады. Қазір Цифрлық даму министрлігі осындай қателіктерді түзетуге мүмкіндік беретін сервистік қосымша даярлап жатыр. Осы жұмыс аяқталған соң өзгерістерді ұялы телефон арқылы хабарласып, енгізуге болады, – дейді Төреахмет Сайлаубайұлы.

Ресми деректерге сүйенер болсақ, бүгінде Қазақстанда 6,3 млн отбасы бар. Әрине, олардың бәрінің әлеуметтік жағдайы мемлекеттің араласуын қажет етеді деген сөз емес… Дегенмен мұндай кодекстің керегін өмірдің өзі дәледеді. Сонымен әлеуметтік кодекстің негізгі бөлімдеріне тоқтала кетейік.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманы трансформациялау

Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектікті белгілеудің сырттай немесе проактивті форматы заңнамалық түрде бекітілген. Мүгедектікті белгілеудің проактивті форматы кезінде адамға басқа инстанцияларға бармай-ақ, тек емханаға жүгіну жеткілікті болады. Бұл ретте, тиісті әлеуметтік төлемдер мен көрсетілетін қызметтерді сараптау, тағайындау Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде өтініш берушінің қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап мұндай жұмыс форматы нозологияның 22 түрі бойынша іске асырылатын болады және бастапқы куәландырудың жалпы санының 25%-ын  құрайды. Өткен жылы ол 22% болған. Сараптамаға азаматтарға бұрын көрсетілген медициналық көмек түрлерін ескере отырып, тиімді оңалту шараларын тағайындау үшін тәжірибелі практик дәрігерлер тартылатын болады. Тәуелсіз сарапшылардың Бірыңғай реестрі құрылады, оған конкурстық негізде біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілдері бойынша мамандар таңдалады.

Балалы отбасыларды қолдау

Балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өткен жөн. Мәселен, жүктілікке және босануға, сәбидің дүниеге келуіне, бала күтіміне байланысты төлемдер, көпбалалы отбасыларға, 6 және одан көп баланы босанған аналарға және мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақылар қарастырылған. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Сондықтан Әлеуметтік кодексте балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылған. Бұл жаңа параметрлер отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңейтуді көздейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы 18 жасқа дейінгі балаларға беріле бастайды. Бұл қадам балалар кәмелеттік жасқа толған кезде өмірге жолдама беретін бастапқы капитал іспетті қосымша қолдау болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылып, бұл аналарды қуантқан еді. Төлемді елімізде  2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1,5 жасқа толмаған балалары бар 760 мың отбасының алуы жоспарлануда. Бұл қызмет алушыларға проактивті форматта ұсынылады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істеймейтін аналарға республикалық бюджеттен, ал жұмыс істейтін аналарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленуде. 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша алушылардың саны 19,6 мыңға жетті, оның ішінде 3,5 мыңы бюджеттен бала санына қарай 19 мың 900 теңгеден 30 мың 700 теңгеге дейін алуда. Ал қалған 16,1 мыңнан астам аналар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде алуда. Әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 48 мың теңгені құрайды.

–    Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебені «Күміс алқа», «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі. Сондай-ақ наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алуда. «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артты. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төленетін болады. Республикада 90 мың наградталған ана болса,  облыс бойынша 16 мың 800-ге жуық ана бар, – дейді департамент басшысының орынбасары.

Зейнетақы жүйесінің тиімділігі артады

Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды. Біріншісі – аға буын. Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді.  Осы санаттағы адамдар базалық және еңбек зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен алады. Олардың басым көпшілігіне 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі аралықта зейнетақы төленеді. Екіншісі – бүгінгі буын. Бұл – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен азаматтар. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, олар да еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өз жинақтары есебінен жинақтаушы зейнетақы алады.

Бұл жерде бір мәселенің шеті қылтиып көрініп тұр. 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін шыққандардың жұмыс өтілі аз. Демек, мемлекеттен зейнетақыны алып отырған зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюы және болашақ зейнеткерлердің жинақтары жеткіліксіз болмақ. Сондықтан кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралуда. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ына дейін, ал жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады. Сондықтан биылғы жыл басынан бірінші және екінші буын зейнеткерлердің ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 54-60%-ға дейін көбейтілді. Бұл шара 2028 жылға дейін жалғасып, базалық зейнетақының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсетін болады. Зейнеткерлік жасына жеткен азаматтар үшін 1998 жылға дейін еңбек өтіліне сәйкес төленетін зейнетақының мөлшері 55 айлық есептік көрсеткішке тең келетін табыстың көлемінен  есептеледі. Нәтижесінде орташа зейнетақының мөлшері биыл 120 мың теңгеден асып, орташа еңбекақының 50%-ын құрап отыр. Бұл өзгерістер бүгінгі буын зейнеткерлері зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алатынын және толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді.

Үшіншісі – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады. Бұл санаттағы азаматтар мемлекет тарапынан базалық зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы қорынан өздері жинақтаған қаржының есебінен зейнетақы алады. Ал зейнетақысы өз жинақтары есебінен қалыптасатын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар да зейнет жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін (мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен – жинақтаушы зейнетақы) алады. Аталған шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Сондай-ақ салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.

Кейінгі жылдардағы бүкіләлемдік дағдарыс, пандемияның салдары расында халықтың әл-ауқатына біршама әсер еткені рас. Дегенмен мемлекеттік деңгейде бұл мәселе рет-ретімен қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Енді, міне әлеуметтік кодекстің де әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталғанын байқап отырмыз. Алдағы шілдеден бастап жұртшылық игілігін көрмек.

Тағы да оқыңыз: