Республикаға белгілі Нағи Ілиясов ауылы өзінің көрікті ажарымен, қаласыз бергісіз келбетімен танылған. Ауыл инвесторы Абзал Ералиев өткен жылы ауыл орталығынан "Еңбек аллеясын" салып, оған 355,0 млн теңге қаржы жұмсады. Даңқты батырды есімін иеленген ауылдың бүгінгі тірлігіне көз тояды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар "ауылдағы қаланы" бір көруге асығатиыны сөзсіз.

Ерте көктемнен басталатын ауылды абаттандыру жұмысына көз тояды. Жаз мезгілінде ауыл орталығы тіпті ажарлана түскен. Орталық алаңдағы бірнеше субұрқақтар атқылап, гүлзарлардағы әсем гүлдер алыстан менмұндалайды. Айналасы тап-таза, жасыл желекке оранған ауылдың саф ауасы тынысыңды аша түседі.

Бүгін осындай көркімен келбетті, тыныс-тіршілігімен үлгілі болған ауылдың әкімі Сағдат Нұрмағанбетовпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Сағдат Нұрмағанбетұлы, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігне, әлеуметтік хал-ахуалына тоқталсаңыз?

– Нағи Ілиясов ауылдық округінде береке-бірлігі жарасқан 470 отбасында 2250 халық тұрады. Ауылда орта мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі, кітапхана, спорт кешені және Қазпошта бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді.

Ауылда 11-тыл ардагері, 215-зейнеткер, 70-мүмкіндігі шектеулі, 1-Батыр ана, 21 Алтын алқа және 39 Күміс алқа иегерлері бар. Ауыл әкімінің осы халықтың барлығының әлеуметтік ахуалы назардан тыс қалған емес.

Өткен жылы ауыл әкімдігі бойынша 119 өкім және 38 шешім шығарылып, барлығы 157 нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. 2022 жылы жеке тұлғалардан 6, заңды тұлғадан 3 арыз-шағым түскен болатын. Олардың барлығына заңдылықтарға сәйкес зерделеніп, тиісті жауаптары берілді. Былтыр көктем және күзде 30 адам әскер қатарына шақырылса, 9 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.

Ауыл әкімдігі салық түсімдерінің орындалуына жауапты екені белгілі. Міне, 2022 жылы жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы 102 612 теңге болып 100,1 пайызға,   жер салығы 242 900 теңге болып, 105 пайызға, көлік құралдары салығы 2 840 000  теңге болып 104 пайызға орындалды.

– Ауылдың басты кәсібі ауыл шаруашылығы екені мәлім. Іргелі ауыл өткен жылды қалай қорытындылады?

– Ауылдық округ бойынша 2022 жылы ауыл тұрғындарының есебінде шаруа қожалықтарындағы малды қоса алғанда 2214 бас ірі қара,  350 бас уақ мал, 678 бас жылқы және 183 бас құс тіркелді. Барлық малға өз уақытысында қажетті егу жұмыстары жүргізілді. 

Ал егін шаруашлығы бойынша 4200 гектар жерге күріш егіліп, оның әр гектарынан 73,3 центнерден өнім жиналды. Астықтан тау тұрғызған ауыл диқандарының ала жаздайғы еңбегі ақталып, жоғары нәтижеге жеткендері марапатталды. Айту керек, шаруашылықтың қорытынды жиналысында жоғары нәтижеге қол жеткізген 5 озат маманды автокөлікпен және дипломмен, «Озат күрішші», «Озат комбайнер», «Озат жаткист», «Озат тасымалдаушы», «Озат бригадир» номинациялары бойынша дипломдармен және ақшалай сыйлықпен, 70 қызметкерді алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапаттады. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша барлық қызметкерлерге 248 551 342 теңге жылдық сыйақы есептелуі ауыл еңбеккерлерінің несібесі деуге әбден болады.

– Ауылдағы білім саласындағы жетістіктерге тоқталсаңыз?

– №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінде 2021-2022 оқу жылында оқушы саны 552-ге жетті. Оларға 86 мұғалім дәріс береді. Барлығы жоғары білімді. Жоғары санатты-11, бірінші санатты-37, екінші санатты-25. Өткен жылғы ҰБТ-ге қатысқан 22 түлектің 22-де мемелкеттік грант жеңіп алып, жоғарғы оқу орындарының студенттері атанды. Мектеп түлектері Қалыбекова Перизат пен Құрманғалиева Гүлфара «Алтын белгі» иегерлері атанды. Өткен жылдың жетістігі биыл да жалғасын табады деген үміттеміз. Түлектер білім сынағында жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп, грант иегері атануына шын көңілден тілектеспіз.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында «Мағжан және К» ЖШС-і аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балаларға, барлығы 20 оқушыға оқу құралдары мен сөмке алып берді. Сонымен қатар, осы санаттардағы 70 балаға жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. Ауылдағы «Балдырған» балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде. Ауылдық округ бойынша 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылған.

– Ауыл орталығында үлкен спорт кешені салынғаны белгілі. Мұнда жыл сайын түрлі деңгейдегі спорт жарыстары өтеді. Спорт салысының жұмысын айтып өтсеңіз?

– Мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік негізінде салынған Спорт кешенінде футбол, үстел теннисі, дзюдо, бокс спорт түрлерінен 4 үйірме жұмыс жасайды. Жыл сайын дзюдодан республикалық және үстел теннисінен облыстық «Абзал және К» жүлдесі үшін жарыстар өткізіліп, жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Спорт кешенін қалыпты жағдайда ұстап тұру, ауласын көгалдандыру және ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстарына, спортшылардың іс-сапар шығындарына «Абзал және К» толық серіктестігі 15,0 млн. теңге қаржы бөліп, демеушілік жасады. 

Спортшыларымыздың жетістіктеріне тоқталсақ, 2022 жылы мамыр айында Алматы қаласында жасөспірімдер арасында өткен түйіспелі жекпе жектен Найманов Нұрислам Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Тараз қаласында өткен жасөспірімдер арасында Грэплинг күресінен Кеңес Мағжан Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ақтау қаласында өткен Понкратион күресінен Ермеков Әділет Қазақстан Республикасының чемпионы кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, ең үлкен жетістігіміз Испания мемлекетінде өткен Грэплинг күресінен Карбозов Нұрдаулет әлем чемпионы атанды. 

– Ауылдағы денсаулық сақтау саласында биыл жаңалық болады ма? ауыл емханасының құрылысының басталуына мүмкіндік бар ма?

– Ауылдық дәрігерлік емхананың дәрігері мен медбикелері ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетіп келеді. Қазір емханада барлығы 13 адам жұмыс жасайды. 2022 жылы 6174 адам белсенді түрде қаралып ем алса, оның ішінде үлкендер 2387, балалар 903. Профилактикалық байқаудан өткен ересектер саны - 147 адам, балалар саны - 426.  2022 жылы ауылда 57 сәби дүниеге келді. Үйге шақырушылар саны - 609 адам. Диспансерлік есепте тұратын 308 науқастарға  тиісті медициналық көмектер көрсетіліп келеді. 

Қазіргі емхана ғимаратының тозуына байланысты және типтік жобада салынбағандықтан жаңадан салуды қажет етеді. Бұл бағытта 2022 жылы облыстық құрылыс басқармасы арқылы жобалық сметалық құжаты дайындалып, жаңадан салынатын емхананың жері белгіленді. Қазіргі таңда жоғары тұрған бюджеттерге өтінімдер жолданып, қаржы бөлуге жұмыстар жүргізілуде. 

– Ауыл мәдениеті де үлкен сала. Ауылға келген меймандар ауыл орталығындағы Мәдениет үйінің ғимаратына тамсаналды. Жалпы мәдениет үйінің атқарған жұмысы туралы айтсаңыз? 

– Өткен жылы мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен барлығы 52-мәдени іс-шара өткізілді. Мәдениет үйінде «Ән», «Би», «Көркемсөз», «Драма», «Ақ әжелер» ансамбілі, «ВИА» үйірмелері жұмыс жасайды. 2022 жыл басынан бері ақылы қызмет көлемі 460,1 мың теңге болып жоспарланып, аталған жоспар 100 % пайызға орындалды. Барлығы 39 байқау өтсе, оның ішінде 2 – халықаралық байқау саны, 3 – республикалық байқау, 4 – облыстық байқау, 28 – аудандық байқаулар. Жетістіктер де ауыз толтырып айтарлықтай: бас жүлде – 5, бірінші орын – 8, екінші орын – 4, үшінші орын – 9, Алғыс хат –13. 

«Абзал және К»  толық серіктесітігі 2022 жылы Мәдениет үйіне 15,0 млн  теңге қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Рухани орда – ауылдық кітапхананың кітап қоры – 22462 дана, оның ішінде 14242 кітап қазақ тіліндегі әдебиеттер. Кітапханада жыл бойына 52 іс-шара өтті. 

– Ауылда жұмыссыздық мәселесі қалай шешілген?

– Ауылдық округ бойынша 2022 жылы 963 экономикалық белсенді халық тіркелген. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 128 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 56 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 52 адам қоғамдық жұмысқа, 16 адам жастар тәжірибесіне, 4 адам алғашқы жұмыс орнына, 19 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 1 адам күміс жасқа жолданды. Жұмыссыздық деңгейі жыл аяғында 5,1 пайызды құрады. 2022 жылы ауылдық округ бойынша 6 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының субсидиялау тетігімен 1 жобаға 1,3 млн теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының кепілдендіру тетігімен 1 жоба 1,1 млн теңгеге, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ы арқылы 4 жоба 13,6 млн теңгеге, "Атамекен" МҚҰ-ы арқылы 1 жоба 4,7 млн теңгеге, "Өңірлік инвестициялық орталығы" МҚҰ ЖШС-мен 1 жоба 2,0 млн теңгеге, "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ы арқылы және жеке қаражат есебінен ауылш техникалары мен құрал-жабдық алған  10 жобаға 377,7 млн теңгеге, "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы бойынша грант беру (1225,2 мың теңге) көлемінде 25 жобаға 30,6 теңгеге қаржыландырылды. Ауылдық округі бойынша 90 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрғаны – 88. Жұмыс істеп тұрғандардың тіркелгендерге үлесі 97,7 пайыз. 

– Ауылдағы құрылыс қалай қарқын алды?

 – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша Нағи Ілиясов елді мекеніндегі көшелерді қайта жаңғырту жұмыстарына  525 942 мың теңге ҚР Ұлттық қорынан – 400 000 мың теңге, республикалық бюджеттен  125 942 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар Абай Құнанбаев көшесі мен Алдаберген Бисенов көшелеріне аяқ су лотоктарын орнату, 10 767 метр жаяу жүргіншілер жолдарын салу, күрделі жөндеуді қажет ететін 3,8 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу, 9 қуыс көшелер мен А.Бисенов көшесінің аяғына және Қ.Сәтбаев көшесінің бас жағына көше жарығын орнату жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарды «Дәнекер» ЖШС-гі жүзеге асырды. 

 «Абзал және К» ТС-нің демеушілігімен «Еңбек аллеясы» жаңадан салынды. Еңбек аллеясының құрылысына ауыл инвесторы 355,0 млн теңге қаржы жұмсады.

Есепті кезеңде ауылда  қоғамдық-саяси ахуал  тұрақты. Ауылда ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, қоғамдық кеңес үкіметтік емес ұйымдары белсенді жұмыс жасайды. Олар ауылда атқарылып жатқан барлық іс-шараларға қатысып, өз үлестерін қосуда. 

– Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барысына тоқталсаңыз?

– Аудандық бюджеттен жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылым жүргізу мақсатында бірінші кезекте жобалық сметалық құжатын дайындау үшін 3,2 млн. теңге қаражат бөлініп, ауылымыздың даму сызбасына сәйкес  4 км жол, ауыз су және электр жарығын жүргізу үшін 280, 7млн.теңгенің жобалық сметалық құжаты жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бұл жұмыстарға жоғары тұрған бюджеттерге өтінімдер беріліп, қаржы бөлуге жұмыстар жүргізілетін болады.

Сонымен қатар елді мекенді газдандыруға «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен жобалық сметалық құжат әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін, бұл жұмыстарға да жоғары тұрған бюджеттерге өтінімдер беріліп, қаржы бөлуге жұмыстар жүргізілетін болады. Алдағы жылы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебін күрделі жөндеуге, ауылдық емхана құрылысын жаңадан салуға, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады. Үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру, салық базасын кеңейту жұмыстарын жүргізу, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстау бағытында жұмыстар жалғасатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: