Kyzylorda-news.kz Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған ауқымды жоба – Қызылорда қаласынан 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығын салу. Құны 215 млрд теңге болатын құрылысты Түркияның «Aksa Energy» компаниясы жүргізуде. Бүгінде орталық құрылысына 137 млрд теңгеден астам инвестиция салынды.
Жоба аясында қуатылығы 180 МВт болатын 2 газ-турбина қондырғысы (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) қойылады. Қазіргі кезде негізгі қондырғылар жеткізіліп, орнатылуда. Құрылыс жұмыстарының 70%-ға жуығы аяқталды.
Президент тапсырмасымен Қызылорда облысында салынатын, құны 800 млрд теңге, қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ қондырғыларының құрылысы – оңтүстік өңірлердің энергетикалық тәуелсіздігіне бағытталған мегажоба. «Самұрық Энерго» компаниясы Катар инвесторымен келіссөз жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Жаңа бу-газ қондырғыларын салу үшін облыс әкімдігі 280 гектар жер телімін бөлді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өте маңызды жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Оңтүстік өңірлерге табиғи газ тарту мақсатында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу көзделген. Ұзындығы 1500 шақырым болатын газ желісінің 843 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді деген болжам бар.
Фото: Нұрболат Нұржаубай