Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен Жалағаш кентінде кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті.
Бұл жолғы тазалық жұмыстары Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойында жүргізіліп, аумақ күл-қоқыстан, қураған шөптер мен тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды.
Акцияға аудандық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, еріктілер мен жастар жұмылдырылып, 60-тан астам азамат белсенділік танытты.
«Біз бұл акция арқылы экологиялық мәдениетті арттырып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндеуді мақсат етеміз. Тазалық қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. “Таза бейсенбі” – бұл бір күндік жұмыс емес, бұл – ортақ жауапкершілік пен тәрбие. Сондықтан да «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады», – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.
Жалпы, Жалағаш ауданында «Таза бейсенбі» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар әр сенбі сайын партия мүшелері «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстарын тұрақты жалғастыруда.
Бүгінгі акция барысында 3 шақырымға жуық көше аумағы тазаланып, 4 тоннаға жуық қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
