Kyzylorda-news.kz ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының күн тәртібінде су тасқыны салдарын жою және оның алдын алу мәселесі талқыланды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
«Облыс аумағында 2023-2024 жылдары қыс-көктем мезгілінде су тасқынының алдын алудың кешенді шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде оқыс оқиғалар мен қауіпті жағдай болған жоқ. Дегенмен, апат айтып келмейді. Алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, дайын болуымыз қажет. Сырдария өзенінің су шаруашылығы нысандарын зерттегенде жағалаудың осал тұстары анықталған. Бұл учаскелердің кейбіреуі республикалық меншікте.
Бұдан бөлек, облыс аумағында 4 стратегиялық маңызды су торабы бар. Олар арқылы мол суды қауіпсіз өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде 6 су қоймасының 3-ін жөндеуге облыстық бюджеттен 94,9 млн теңге бөлінді. Сырдария өзені бетіндегі мұзды өз деңгейінде қатырып алу бірінші кезектегі мақсатымыз болу қажет. Сондықтан ықтимал су тасқынына дайындықты қазірден бастап жүргізу керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиын қорытындысында Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасымен бірлесіп, өз аумақтарындағы учаскелерді қатаң бақылауға алу, аса қауіпті тұстарды нығайту тапсырылды. Ықтимал су басу аймақтарына арнайы техникалары бар жауапты мекемелерді бекіту қажет. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор жасақтау, эвакуациялық жинақтау және қабылдау пункттерін дайындау да маңызды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына «Қазсушар» Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп, магистралды каналдар мен көлдер жүйесін түгендеу, су алу кестесін әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі