Kyzylorda-news.kz Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының жаңарту және жаңғырту жұмыстары мен инвестициялық міндеттемесінің орындалуымен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырды.
Тур барысында екі нысанның жұмыс барысымен таныстырды. Сонымен қатар, қысқа дайындық жұмыстары пысықталды. Тиісті сала мамандары газға берешегі бар тұрғындардың саны жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті.
Жалпы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы жоғары және төмен қысымды таратушы құбыр жолдары арқылы газды тасымалдау қызметін көрсетеді және барлық санаттағы тұтынушыларға газды өткізу қызметін іске асырады.
– Табиғи газдың өзге отын түрлеріне қарағанда артықшылығы көп адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жеңілдететіні рас. Дегенмен тұтынатын табиғи газ адамдардың өміріне қауіп төндірмес үшін QAZAQGAZ AIMAQ компаниясының қызметкерлері алдағы жылыту маусымына дайындықты жан-жақты жүргізуде. Компанияның Қызылорда өндірістік филиалының мамандары алдағы қыс мезгіліне дайындық жұмысы аясында, жыл сайын "көгілдір отынға" қосылатын халық санының көбеюін ескеріп, тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз етуде. Департаменттің және ҚР Энергетика министрлігінің бірлескен бұйрығымен филиалға жалпы соммасы 99,492 млн. теңгеге 2020-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған бағдарламаны іске асыру барысында біршама жұмыстар жүрзілуде. Биыл 11 нысанға технологиялық жабықты ауыстыру көзделген. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін толық бітеді деп жоспарлануда, – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының орынбасары Бауыржан Әбдіқаппарұлы.
Бұл жұмыстың барлығы яғни күрделі салымдарды орындау авариялық жағдайлардың туындау тәуекелін азайтады және қауіпсіз, үздіксіз әрі авариясыз жабдықтауды қамтамасыз етеді екен.
"Шыны керек, қазіргі таңда газға берешек тұрғындар көп. Оның көп бөлігі жалдамалы пәтерде тұратындар. Үйіне барсаң есігін ашпайды, хабарлассаң жауап бермейді" дейді тиісті сала мамандары.
Қарызды өтеу жөнінде тұтынушыға сотқа дейінгі хабарлама беріледі. Тұтынушы қарызын 3 күн ішінде төлемесе қарызды өндіру бойынша материалдар нотариусқа жіберіледі. Нотариус сотқа дейінгі хабарламаның негізінде атқарушылық жазба шығарып, тұтынушыға жібереді. Егер тұтынушы 10 жұмыс күн ішінде нотариус жіберген атқарушылық жазбаға қарсы шағым жазбаса атқарушылық жазба күшіне енеді. «QazaqGaz Aimaq» АҚ осы нотариус шығарған атқарушылық жазбаны жеке сот орындаушыларға жібереді. Олар осы атқарушылық жазба негізінде тұтынушының жеке шоттарын бұғақтайды екен.
– «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филианының теңгерімінде (сенімгерлік басқару нысандарымен қоса алғанда) 3386,58 шақырым газ құбыры, 58 дана ГРП, ГРПШ/ШРП - 350 дана бар.
Регламенттік жұмыстардың орындалуы, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жүргізілуде, техникалық қарау жұмыстары айына 1 рет жүргізіледі, – деді газ жүйелерін пайдалану қызметінің басшысы Бауыржан Төлепов.
Айта кетейік, қыс мезгіліне дайындық жұмыстары толығымен аяқталып, күзгі-қысқы жылыту мерзіміне дайындық паспорты облыстық энергетика және тұрғын-үй шаршуашылығы басқармасымен келісіліп, бекітілді.
Сурет: Оrenburg.kp.ru
Мөлдір САБЫРЖАН