Kyzylorda-news.kz Таңның атысынан-күннің батысына дейін тынымсыз табиғатты көркейтіп, оларды тиімді пайдалануға ықпал ететін маман иелері – орманшылар.

Жергілікті жасыл желектің жайқалуына жауапты, өрттің алдын алу мен ағаштарды кесуге заңсыз жол бермей, алқаптар ахуалын анықтап, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға күш жұмылдыратын кәсіп иелерінің арнаулы мерекесі қарсаңында жұмысы мен тынысына бойлап көрдік.

Тарихы әріден басталады

Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің тарихы әріден басталады.

Ол 1947 жылғы КСРО Министрлер Кеңесінің Жарлығы, Қазақ ССР орман шаруашылығы Министрлігінің 1948 жылғы бұйрықтары бойынша құрылған. Орман шаруашылығы Министрлігінің Ленинград аэрофотоорман орналастыру бүкілодақтық «Леспроект» бірлестігінің аэровизуальды экспедициясы 1951 жылы мекеме аума­ғындағы  3483416 гектар жерге орман орналастыру бастамасын қолға алады.

1960 жылы «Леспроект» бірлестігі, Қазақ аэрофотоорман кеңсесінің 3-орман орналастыру партиясы арқылы 2267372 гектар жерге бірінші орман орналастыру жұмыстары жүреді.

1961 жылға дейінгі Қармақшы орман шаруашылығына қараған мекеме 1961 жылы Қазалы орман шаруашылығы» деген атауға ие болып, өз дербестігін алады.

Ұзамай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша Қазалы және Арал орманшылықтары біріктіріліп, төрт орманшылықтан тұратын Қазалы орман шаруашылығы болып құрылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы қаулысына сәйкес, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау Министрлігі жанындағы Орман, балық және аңшылық шаруашылығы  комитетінің бұйрығымен мекеме Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі болып қайта жасақталады.

2020 жылғы орман орналастыру жұмыстары кезінде мекеме Қарақұм, Қызылқұм, Сарыбұлақ, Жанқожа баба, Ұялы сынды бес орманшылыққа бөлінген.

Бүгінгі беталыс

Табиғи ресурстар – мемлекет байлығы. Елімізде орман шаруашылығына қамқорлық көлемі жыл санап артуда. Бағдарламалар аясында орман алқаптарын ұлғайту, жаңарту жұмыстарына ерекше маңыз беріліп отыр.

Аудандағы мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 1785550 гектар. Олардың 890724 гектары орман басқан алқапқа жатады.

Соңғы он жылда аймақ орманшылары арасында жүйелі жұмыс, жедел қимыл, ұтымды ұйымдастыру арқылы табысты көрсеткіштер көшінен көрініп келген флора мен фауна жанашырларының жыл басынан бері атқарылған жұмыстары да жүйелі.

Аудандағы 157490 гектар Қарақұм орманшылығы, 458959 гектар Қызылқұм орманшылығы, көлемі 413500 гектар Жанқожа баба орманшылығы, 462170 гектар жерді қамтитын Сарыбұлақ орманшылығы мен 293463 гектар көлеміндегі Ұялы орманшылығының әрбірінің өзіне тән табиғи ерекшелігі бар.

Тиесілі аймақтың ой-қырына дейін жақсы танитын 5 орманшылық басшысы, 5 орманшылық басшысының көмекшісі, 16 орман шебері және 75 орманшы инспектор орманды қалпына келтірумен бірге өсімдіктер мен екпелердің жай-күйінің нашарламауына жол бермейді.

Молықтыру – маңызды іс

Өскіндерді сақтау, көлемін көбейту үшін жергілікті мамандар оларды молықтырумен айналысады.

Молықтыру дегеніміз – орман дақылдарын өсіре отырып, табиғи түлеуіне септесу, күту мен сауықтыру ісі.

Он айда «Ағаш кесу және орман билет беру» мемлекеттік қызметі бойынша 36000 гектар жерден 96 адамға қысқа мерзімге билет беру арқылы, қазынаға 2768 900 теңге қаржы түсірген. Бұл кезеңде арыз-шағымдар мен мерзімдері бұзылған мемлекеттік қызмет түрі тіркелмеген.

Бүгінде қайраңдап, көлемі кішірейіп кеткен Арал теңізінің экологияға тигізіп жатқан залалы орасан. Көшкен құмды бөгеп, даладағы жол сорабын сақтауға сексеуіл өсімдігінің себі мол. Орманшылар көктем мезгілінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 15 000 гектар жеріне 4 500 000 дана сексеуіл көшеттерін отырғызған. Ал Қарақұм орманшылығының 1 гектар жеріне 40 мың дана Сыр талының қаламшалары тігілген.

Заңсыздыққа жол жоқ!

Бұл сөздер табиғат тамыршыларының әрбірінің ұран-ұстанымы ғана емес, өмірілік кредосына айналған. Жыл басталғалы мемлекеттік орман қоры учаскесінде орман заңнамасын бұзудың алдын-алу мақсатында 24 рейд ұйымдастырылған. Олардың 5-уі аудандық полиция бөлімімен бірлікте өтсе, табиғат қорғау полициясымен бірлескен 5 рейдте тұрғындарға ережелер мен түсінік жұмыстары жүргізілген. Заңсыз орман ағашын кеспеу және аң-құс ережесін бұзуға жол бермеу мақсатында елді мекендерге жоспар белгіленген.

Инспектор айналымдарына тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 8 азаматқа 382 баптың 1 бөлімімен хаттама толтырылған. Белгіленген тәртіпті бұзған бұл 3 азаматқа аң-құсты атпағаны үшін ескерту белгіленсе, табиғатқа залал келтірген 5 азаматқа әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілген.

Өртті болдырмау өзекті

Әдетте абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқ сынды қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, найзағай секілді табиғи құбылыстан да орман өрті пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ құрғақшылық жылдары, көктем мен күз қоршаған орта үшін қауіптілігі неғұрлым жоғары кезең саналады. Жыл сайын өрт қауіпі кезеңінің басталуына орай, орман өртін болдырмау және оның алдын алу үшін аудандық полиция, төтенше жағдай бөлімімен бірлескен, аудан әкімінің орынбасарының қолымен бекітілген іс-шара жоспары жасалады.

Биылғы көктемгі егін егу науқаны кезінде ауыл әкімдері мен шаруашылықтарға өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу мақсатында арнайы 100 дана «ескертухат» және 30 дана үнпарақ таратылған. Орман қоры жеріне орман аң аулау заңдылықтарын сақтау, өртті болдырмау тақырыптарына арналған жаңа 45 дана аншлаг орнатылған.

Жергілікті тұрғындар арасында орман өртін сақтау жайлы 8 рет үгіт-насихат әңгіме өткізіліп, орман қорғау қызметкерлері шалғайдағы 10 елді мекенде болып, түсінік жұмыстарын жүргізген.

Орманды өрттен қорғау мақсатында 1030 шақырым жердің көне минералды жолақтары жаңартылса, 65 шақырым жердегі минералды жолақтар жаңаланған.

Қарақұм орманшылығынан 2 бақылау мұнарасы бой көтерген.

«Орман және дала өрттерін алдын алу және жою жөніндегі іс- шаралар жоспарына» сәйкес, Қарақұм орманшылығының №69 орамында Қазалы аудандық төтенше жағдай, аудандық полиция, өрт сөндіру бөлімі, жедел жәрдем станциясымен бірлескен өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілген.

Салалық министрлік бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, өрт қауіпі жағдайын бәсеңдету мақсатында, 17965 гектар орман қоры және оған іргелес аумақтардағы шөптесін өсімдіктерді бақылап, өртеу жұмыстарының кестесі бекітілген.

Қызылқұм орманшылығындағы өртен­ген 2,5 гектар жерді мекеме құрамы өз күшімен сөндіріп, шарпуына жол бермеген.

Жыл ішінде орын алаған Сарыбұлақ орманшылығының №15 орам 16 теліміндегі оқиға да жұртшылық жадында. Отқа оранған аумақтың жалпы көлемі 2,8 гектар. Оның 1,5 гектары орманды жерлер болса, 1,3 гектары ормансыз жерлер екені анықталған.

Өрт тіркелген Қызылқұм орманшылығының №53 орамының №20 телімінде 0,05 гектар, №25 телімінде 0,69 гектар, 0,74 гектар жерге құрама апатты жағдайды дер кезінде ауыздықтау арқылы табиғатқа залал келтірмей, аман алып қалған.

Жалынды жою, бәсеңсітуге Сары­бұлақ, Қызылқұм орманшылығының орманшылық басшылары, орман шеберлері, орманшы инспектор, өрт сөндірушілер, ерікті өрт сөндірушілер және 2 дана ХТЗ-150 тракторы соқасымен, 2 дана Уаз автомашинасы қамтылыпты.

Қауіпті еңсерер қауқар қандай?

«Қамсызға қауіп көлденең» деген нақыл бар. Көкейдегі «Ықтимал жағдайлар орын алғанда, қандай қауқар бар?» деген сауалды да іркіп қалмадық.

Дала өрттерін өшіруге 2 дана ХТЗ -150 тракторы, 1 дана соқалы Беларус -1221 тракторы, 2 дана өрт сөндіру автокөлгі, 1 дана Уаз автомашинасы жасақталыпты. Сонымен бірге 50 күрек, 10 балта, 60 ұрғыш, 5 мотопомпа, 10 арқаға салып жүретін өрт сөндіруші құрал, 2 ағаш кесетін ара, 1000 литр жанар-жағар май, 500 литр бензин дайындалған.

15 қызметкерден ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған.

Аудандық полиция бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып, түсінік жұмыстарын тұрақты жүргізу жолға қойылған.

Медиа жоспарға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарына 3 тақырыптық мақала жарық көрген.

Орман қорғау шаралары Қызақстанда жыл сайын күшейтіліп, жаңа технологиялар енгізілуде. Салада жұмыс істейтін мамандар арнайы дайындықтан өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл мәселенің аудандағы ау-жайы туралы да білдік.

2020 жылы шыққан 5 жыл ішінде орман қоры жеріне 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш егу тапсырмасына сәйкес, облыстық бюджет есебінен Арал теңізінің су қайтқан ұлтанынан сексеуіл көшетін егу, тұқымын себу жұмыстарына 1 вахталық автобус, 1 борттық автокөлік, 10 мотцикл 60 рация, 4 орман отырғызу агрегаты, 4 спутниктік ұялы телефон, 5 навигациялық құрал, 1 Газ 27527 автокөлгі алыныпты.

Жаңарған техникалар қатарына жақында Уаз, доңғалақты трактор, тиеуші эксковатор, көшет қазатын агрегат, су таситын цистерналар да қосылған.

Бүгінгі таңда Бүкіләлемдік банктің қолдауымен, Арал теңізінің су қайтып қалған ұлтанындағы құм, тұз көшкінін тоқтату мақсатында сексеуіл көшеттерін егуге 33,5 гектар жерге тұрақты тұқым бөлімшелері ашылып, құрылыс жұмыстарын жүргізу ісі басталған.

«Орман экожүйелері адамдар үшін климатты қалыптастырып, экологиялық жағдайдың жақсаруына, су ресурстарын қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ жергілікті жануар мен өсімдіктердің мекені. Орманшылар жұмысы осы ресурстардың тұрақты сақталуын қамтамасыз ететін маңызды міндет.

«Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дегенді әр адам сезініп, қоршаға ортаға жауаптылықты өзінен бастайтын қоғамдық сана қалыптастырса, жағдай бұдан әлдеқайда жақсара түсер еді», – дейді мекеме басшысы Ардақ Кәдір.

Тәжірибелі табиғат сақшысы жастардың осы салаға бетбұрыстары баяулығы алаңдататынын да жасырмады.

Журналистік топтың нысаналы орындағы бір күні толық мағлұматтарға қанығуға аздық етті. Тәртіп пен талап сондай. Сұрақ қойды екен деп, аялдауға, аяңдауға бірінде уақыт жоқ. Тиісті уақытта тиісті орыннан табылып, тиімді, тындырымды жұмыс істеулері керек. байқағанымыз, «Еңбек сіңірген орман өсіруші» Тілепберген Мұхамбетов, «Қазақстан орман қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» белгісінің иегері Оңталап Сары, Серік Әміш, облысқа белгілі орман қорғаушылар Жеңісбек Бәшен, Құрманбек Таңат сынды мақтаулы мамандар ісіне жауапты, әріптестеріне үлгі.

Апат айтып келмейді. Қай кезде де қырағы қоршаған орта қорғаншылары өздеріне жүктелеген жұмысқа жұмылуға сақадай сай. Олардың табиғатты сақтау жолындағы ісі қоғамның назарынан тыс қалмауы тиіс. Себебі орман – мемлекет байлығы, өскелең ұрпаққа қалдырар маңызды мұра.

 

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

Фото:freepik.com

Тағы да оқыңыз: