Kyzylorda-news.kz Тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауының салдарынан өңірдегі өрт оқиғаларының саны азаймай тұр. Тіркелген өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторларында, автокөліктер мен орман қоры аумағында орын алуда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков өрт қауіпті кезеңде қауіпсіздік қағидаларын сақтау туралы айтып, сақтық шараларына ерекше назар аударуға шақырды.
– Өрт оқиғаларының басты себептерінің бірі – адамдардың немқұрайлы қарауынан туындап жатады. Нақтырақ айтқанда, қоқыстарды өртеу кезінде бақылаусыз қалдыруынан, ақаулы тұрмыстық электр жабдықтарын қолдануынан, автокөліктерге уақытылы күтім жасамауынан, тұрмыстық газ қондырғыларының және газ баллондардың ақаулығынан, балалардың оттықпен ойнауы себептерінен пайда болуда, – дейді Асхат Оразбеков.
Адамдар сақтық шараларын толық түсінген уақытта ғанакүнделікті өмірде сақтанып жүре алатын болады. Сол үшін ТЖД тарапынан тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды.
– Осы себепті департамент тарапынан халық арасында күнделікті профилактикалық шаралар мен әртүрлі акциялар, рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек өрттің алдын алу және жою алгоритмдер мен іс-қимыл жоспарлары бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл басынан бері мобильді топтармен 134 рет рейдтік шара жүргізілді. Шара барысында әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336,367,410-баптарына сәйкес 35 тұлғаға 1 553 410 теңге айыппұл салынды. Облыс аумағындағы өрт қауіпті кезеңі тұрақты бақылауда, – деді өрт бақырау басқармасының бастығы.
Көркем ТӨЛЕБАЙ
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті 1-курс