Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық инвесторлармен кездесіп, өңірде шыны талшық өндіру зауытын және күн электр станциясын салу жобаларын талқылады. Аймақ басшысы облыстың бұл бағытта айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті.
«Облыс аумағында шыны талшық өндірісін толық көлемде іске қосу үшін қажетті минералды шикізаттың бай қоры бар. Бұл өндіріс үшін кварц құмы, бор ангидриді, сода, натрий сульфаты, калий, әктас, доломит, магнезит, глинозем, қорғасын оксидтері сияқты шикізаттар қажет. Осы минералдардың барлығы облыс аумағында қолжетімді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақтың географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы күн мен жел энергиясын молынан өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінде облыста жалпы қуаты 89 МВт болатын 9 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Қуаттылығы 201,5 МВт болатын тағы 6 жоба қолға алынған.
Мамандардың айтуынша, облыста күн энергиясының әлеуеті жылына 32 триллион кВт/сағат, ал жел энергиясы 2,7 триллион кВт/сағат. Күн сәулесінің түсу ұзақтығы орта есеппен 3000 сағатқа дейін жететінін ескерсек, бұл бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға өте қолайлы жағдай қалыптасқан.
Аймақ басшысы қытайлық инвесторларға жобаларды орналастыру үшін «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын ұсынды. АЭА қатысушыларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі. Оларды корпоративтік табыс салығы, кедендік баждар, жер және мүлік салығынан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босату қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекет жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді және кейіннен сатып алу құқығымен жер учаскесін тегін жалға береді.
Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі