Kyzylorda-news.kz  Әлемдегі экологиялық жағдай қазіргі уақыттағы күрделі мәселенің бірі болып отыр. Оны шешу жолы барлық ғаламда, соның ішінде біздің елімізде өткір түрде жолға қойылып отыр. Қанша жерден табиғи қорларды тиімді пайдалануда, қалаларды, елдімекендерді көгалдандыруда, ұлттық парктер, көгалды аймақтар жасауда көптеген шаралар іске асырылса да, айналадағы ортаны қорғаудағы жауапсыздық, болашақты ескермеушілік орын алып отыр.

Арал теңізінің қазіргі жағдайы тек ауданның ғана емес, сонымен бірге әлем халықтарының біріге отырып шешімін табуы тиіс мәселе. Осы бағытта жасалып жатқан жобалардың тиімді тұсын бәріміз көріп келеміз.

Осы жылдын тамыз айында Аралда Орталық Азиядағы ең алғашқы «Geopark Aral» туристік маршруты жобасының ашылу рәсімі өтті.
Атаулы жобаның ашылу салтанатында Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж.Ерқосаев, аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов, қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов, «UNESCO» жаһандық геопарктер жөніндегі Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы, ҚР Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының директоры, қордың Қызылорда және Арал қаласындағы филиалдарының өкілдері, аудан бойынша қоғамдық бірлестіктер өкілдері және Қазақстан-Германия университетінің Орталық Азия және Ауғанстан елдерінің магистранттары, Моңғолия мен Нигерия мемлекетінің Чад көлінің өкілдері және басқа да сала мамандары қатысты.

Қатысушылар «Geopark Aral» туристік маршрутымен толығырақ танысып өтті. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысы Сәуле Темірбек көпшілікке геопарктің басты мақсаты мен ерекшеліктерін, жобадан күтілетін нәтижелерді баяндады.

Аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов Арал өңіріне арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, бүгінгі күннің тарихи маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге мемлекетіміздің Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуінің біз үшін зор мүмкіндік екенін айтып, Арал теңізінің мәселесі – әлемдік мәселе ретінде теңізді сақтап қалу және ондағы жұртшылықтың келешегін жақсарту басты мақсат пен міндет екендігін сөзге тиек етті.

Мұнан соң, «UNESCO» жаһандық геопарктер жөніндегі Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нигматова, Нигерия мемлекетінің Чад көлінің өкілдері мен қатысушылары жобаны қолдаған облыс әкімдігіне, аудан әкімдігіне және ұйымдастырушы өкілдерге өз ризашылығын жеткізді.

Шараға келгендер «Балықшылар» аллеясына барып, жергілікті қолөнершілердің  қолдан жасалған бұйымдарын, тауар өндірушілердің табиғи өнімдер ұсынылған көрмесін аралады. Ұлттық ойындармен танысып, аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.

«Geopark Aral» ашылуы Арал ауданы экономикасының дамуына, өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға, экологиялық жағдайдың оңалуына, өңірге туристерді тартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мол мүмкіндіктер туғызады. Геопарктың аясында келген саяхатшылар Арал өңіріндегі «Көкарал» бөгетін, «Қамыстыбас» көлін, «Ақеспе» жерасты суын, «Арыстан баб» қорымын, «Кердері» кесенесін, «Көкдомбақ» тарихи орны мен «Бегім Ана» кесенесін, «Аралтұз» зауыты және «Барсакелмес» қорығын көзбен көріп, археологиялық, геологиялық және тарихи ескерткіштердің мол мұрасымен танысатын болады.  

«Geopark Aral» қазіргі таңда Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы геопарк. Келесі жылы халықаралық критерийлерге сәйкестік тексеруінен өтіп, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркінің мәртебесін алады деп күтілуде.

Жоба Арал теңізі бассейнін оңалту бағдарламасының 4 кезеңінің экологиялық бағыттағы жобалар тізіміне еніп отыр.


Оңталап ЖОЛДАСОВ

Тағы да оқыңыз: