Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн.га сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2024 жылдары барлығы 659,1 мың гектар алқапқа екпелер жасалды. Оның ішінде 332,5 мың гектары (201 млн. дана) облыстық деңгейде орындалды, қалған көлем, яғни 326,6 мың гектары, Орман шаруашылығы комитеті мамандарының көмегімен жүзеге асырылды.
Аталып отырған кешенді жоспарды жүргізу үшін барлығы 1071 мың гектар алқапқа топырақ зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өткен жылғы егілген екпелердің шығымдылығы төмен алқабының 26500 гектарына (облыстық деңгейде) толықтыру жұмыстары жүргізілді.
2025 жылы Орман шаруашылығы комитеті арқылы Арал теңізінің құрғаған табанына 340,9 мың гектар жерді орманға айналдыру мақсатында біршама жұмыстар жоспарланды. Сөйтіп биылғы көктемде 120 мың гектар жерге тұқым себілді. 11,8 мың гектар жерге көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Ал күз айында 60 мың гектар жердің табиғи өсіп-өнуіне ықпал ету үшін 30 мың гектар жерге тұқым себу жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Ал, облыстық деңгейде 100 мың гектар (15 мың гектар алқапқа сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың гектар (71,4 мың кг сексеуіл, 285,6 мың кг қарабарақ) алқапқа галофитті тұқымдар себу жұмыстары) алқапты ормандандыру мақсатында биылғы күзде атқарылуы тиіс біршама жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, бүгінгі күнге 15 мың гектар жерге көшет отырғызылып, 357 мың кг сексеуіл, қарабарақ тұқымдарын себу жұмыстары жүзеге асырылу үстінде, 64,6 мың гектар жерге тұқым себу жұмыстары жүргізілуде. Жинақталған тұқымдар «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік – Батыс аймақ филиалынан орман тұқымының өну сапасы арнайы тексерістен өткізілді.
Жоғарыда аталған фитоорманмелиорациялық жұмыстары ормандарды толықтыру мен орман өсіру саласындағы мемлекеттік бақылау Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бақылауымен жүргізілуде. Жоспарланған фитомелорация жұмыстары жыл соңына дейін толық орындалатын болады.
Фото: Арал ауданы әкімдігі
