Kyzylorda-news.kz. Аудандық аурухананың Сара Ермағамбетова бастаған клиникалық-зертханалық бөлімшесі күн мен түнге қарамай жұмыс жасайды. Себебі, қай уақытта болса да емханаға келіп түскен науқастың қаны мен жалпы анализдерін зерттеп, нәтижесін дәрігерге ұсыну осы бөлімше қыз-келіншектерінің міндеті. Аталған көпсалалы қызмет бөлімінде бұл күнде барлығы 11 қызметкер абыроймен жұмыс атқаруда.
Денсаулығымыз сыр берсе, дәрігерге қарай ағылатынымыз анық. Десек те, «дәрігер» деп жалпылай атағанымызбен ақ халатты абзал жандар да өз кезегінде түрлі салаға бөлініп жатады. Ине салып, дәрі егетін– мейірбикелер болса, ем-шараға нұсқаулық беріп, ауырған жеріңді дөп басатын – дәрігерлер. Сонымен қатар, зертханалық бөлім бар. Ауруханаға бас сұқсаңыз, ең алдымен міндетті түрде жалпы қан сараптамасын тапсырасыз. Ал оны зерттеп, қорытындысын шығаратын – зертханашылар. Кейінгі еміңіз осы қан талдауының қорытындысына орай жүргізілетінін ескерсек, бұл бөлім мейірбикелерінің еңбегі орасан.
Медицина дейтін жауапкершілігі мен маңызы жоғары мамандық иесі Зухра Сақыбекованың осы салада еңбек етіп жүргеніне 15 жыл болған. 1987 жылы А.Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген ол бала күнінен дәрігер болуды арман еткен. 2005 жылы Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжіне оқуға түсіп, балалық арманына бір қадам жақындаған Зухра оқу орнын 2008жылы үздік аяқтап шыққан. Сол жылы аудандық аурухананың клиникалық-зертханалық бөлімшесінде жұмысқа қабылданып, осы саладағы қызметін абыроймен жалғастырып келеді.
Ауырып келген әр адамның жағдайын жасап, дұрыс диагноз берілуін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Сол байлық сыр берсе, адамдар оны дәрігерге сеніп тапсырады. Осы жерде біз адал әрі жоғары сапалы қызмет көрсетуге тиіспіз. Бұл алдымен – адамдық парызымыз болса, екіншіден – мақтан тұтатын мамандығымыз.
Зертханалық бөлімше бүгінгі таңда жаңа заман талабына сай компьютерлік технологиялармен жабдықталған.
Медицина деген қызығынан қиындығы мен жауапкершілігі жоғары сала ғой. Осындайда ұжымыңмен ортақ ауызбіршілікте болу да маңызды, – дейді жоғарғы санатты бактеролог-лаборант Зухра Бақытбекқызы.
Бүгінде бір әулеттің түтінін түтетіп отырған Зухра ата-енесі мен жолдасының бұл саладағы қызметіне ұдайы қолдау көрсететінін айтады.
Сегіз сағат, бітті дейтін жұмыс емес. Қай кезде науқас түссе де ең алдымен оның қанын зерттеу қажет болады. Сондықтан күн-түн демей жұмыс жасаймыз. Сондайда жолдасым қабақ шытпай, қолдап отырады. Бұл жағынан мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспедім, – дейді ол.
Жұбайы Ғ.Нұрланов екеуі бүгінде екі қыз, екі ұл тәрбиелеп, айрандай ұйыған шаңырақтың шаттығын еселеп отыр.
Айта кетейік, З.Сақыбекова медицина саласындағы қызметінен бөлек, он саусағынан бал тамған аспаз. Арнайы курстар оқып, ас үйдің қыр-сырын түгел меңгерген келіншек кәсіппен айналысып, қосымша табыс тауып отыр.
