Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын әлемде қатерлі ісіктен 9 млн адам көз жұмады. Онкологиялық науқас саны бойынша Қазақстан алғашқы 50 елдің қатарында. Елімізде қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында скринингтің 3 түрі, яғни, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және тоқішек обыры бойынша жүргізіледі. Алайда жыл сайын 2,5 млн-нан астам қазақстандық қана скринингтік зерттеуден өтеді. Соның ішінде жатыр мойны қатерлі ісігінен қайтыс болатын әйелдердің саны артуына байланысты биыл 9 жастағы оқушы қыз балалардан бастап әйел адамдарға да обыр түріне қарсы екпе салынбақ. Ата-аналар екпенің ем боларына сене ме? Неліктен жатыр мойны обырымен науқастанатындар саны артуда? Қатерлі ісіктен емделу мен алдын алудың жолдары бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Жатыр мойны обыры екінші орында тұр
Аталған обыр жатыр мойны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік түрі. Қазақстанда әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, аурудың 95 пайыздан астамы адам папилломавирусынан (HPV) туындайды.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, жыл сайын бұл диагноз 1800 қазақстандық әйелге қойылса, 600-і осы аурудан қайтыс болады. Ең жоғары деңгейі 40-44 жастағы әйелдер арасында кездеседі және оның алдын алуға болады. Әлемде жыл сайын шамамен 600 000 әйелге қойылады, ал шамамен 340 мыңы осы аурудан қайтыс болады.
– Жатыр мойнының обыры 16, 18, 31, 33, 35 немесе 39 түрге жататын адам папилломасының вирусынан туындаған цервикалды интраэпителиалды неоплазия (CIN) нәтижесі болып саналады. Көбіне 45-50 жастағы әйелдер шалдығады. Алайда соңғы уақытта бұл ауру жас әйелдерден де анықталып жатыр.
Себептеріне тоқталып кетсек, бей-берекет төсек қатынасы, иммундық жүйенің әлсіреуі, бұрын болған немесе ағымдағы хламидий және жыныс жолымен берілетін басқа да инфекциялар, онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойнының обырына тұқымдық бейімділік, жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау, ерте басталған жыныстық қатынас, – дейді облыстық онкология орталығының директоры Нұржамал Мырзағалиева.
Қатерлі ісіктің белгілері қандай?
Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурудың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адам бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Алайда қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік беріп келеді.
Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Әрі оның пайда болуы адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тікішек секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сон-дықтан оны уақытылы емдеткен дұрыс.
Нұржамал Мырзағалиеваның айтуынша, обыр жасушасы тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Сөйтіп жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адамның өмірін жалмайды. Онкологиялық аурулардың деңгейі әр ағзада орналасқан ісік көлемі мен зақымдану деңгейіне байланысты ҚР емдеу протоколына сәйкес қойылады.
Ал қай ағзада пайда болғанын ісік түріне байланысты бірнеше белгілері арқылы білуге болады екен. Мәселен, асқазанның бұзылуы ішек, ұйқы безі, бауыр обырымен ауыратын науқастар үшін онкологияның алғашқы көріністерінің бірі саналады. Ұзақ уақыт бойы емделуші және оның емдеуші дәрігері дұрыс диагноз қоя алмай, гастрит және эрозия деп ойлауы мүмкін.
Тағы да белгілеріне тоқталып өтсек. Аз мөлшерде тамақ ішкеннен кейін де асқазанның толып кету симптомы асқазан мен ұлтабардың обырына тән. Ешқандай себепсіз салмақ жоғалту да аурудың басталғанын білдіруі мүмкін. Егер пациент ешқандай күш салмай, килограмдап салмақ жоғалтса, бұған да сақтықпен қарау керек.
Онкологияға тән тағы бір белгі – жөтел немесе ентігу. Бұлар өкпе обырының алғашқы симптомдарының бірі саналады. Кеудедегі тұрақты ауырсыну және күйдіру сезімі гастро-эзофагальды рефлюкс симптомынан туындайды, яғни асқазан қышқылы өңешке көтеріледі. Бұл жағдай асқазан, өңештің қатерлі ісігіне тән. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы оған жақын орналасқан органның қатерлі ісігінің әлеуетті белгісі десек болады. Себепсіз көгеру және қан кету қан обырының көрінісі болуы мүмкін. Әлсіздік пен шаршау онкологиялық аурулардың барлық түрі үшін ортақ симптом ретінде қаралуда.
Нәжістегі қан, дефекациядан кейінгі қан геморрой кезінде ғана емес, тік ішек обырында да кездеседі. Зәр шығарудың қиындауы простата обырының симптомы болуы мүмкін. Кеуде немесе емізік ауруы сүт безі обырының симптомы ретінде ерлерде де пайда болып жатады. Бірақ бұл өте сирек кездеседі. Терідегі өзгерістер, нақтырақ айтсақ, сүйелдердің, гипер немесе гипопигментация учаскелерінің пайда болуы дәрігерге баруға себеп болуы тиіс. Әйелдерде етеккір арасындағы қан кету, климактериялық кезеңде қан жоғалту эндометрий обырының белгілері болуы мүмкін, – дейді аймақтағы онкология саласының бас маманы.
Физикалық күш – ісіктің жауы
Ғалымдар қатерлі ісік ауруының пайда болу қаупі көбінесе тұқым қуалаушылықтан емес, өмір сүру жағдайынан болатынын дәлелдеуде. Зерттеушілердің жалпы қорытындысы бойынша, тұқым қуалау жағдайы қатерлі ісік ауруы кезінде онкологиялық аурулардан болатын өлімнің 15 пайызын ғана құрайды, яғни қатерлі ісікке бейімділік гендерінің тасымалдаушыларын салауатты тамақтану және салауатты өмір салтын ұстану арқылы қорғауға болады.
Мәселен, Монреаль университетінде әйелдердің сүт безі ісігіне зерттеу жүргізді (BRCA-1 және BRCA-2 гендерінің қалыпты өзгеруі). Олар әр апта сайын тамақ рационына 27 түрлі көкөніс пен жемісті енгізіп, нәтижесінде қатерлі ісік ауруларының даму қаупін 73 пайызға азайтқан. Бұл қауіпті гендерді қорғауда ұстау керегін айтқан алғашқы зерттеу емес. Егер ген белсенділік танытса, құрылымы өзгеру мүмкін. Обыр гені бар адамдар белсенділік танытқан жағдайда ғана ауруы дами бастайды. Геннің белсенділігіне көптеген факторлар әсер етеді, оның ішінде дұрыс тамақтану және дене белсенділігі ең маңыздысы саналады. Салауатты тамақтану және тиісті физикалық күш салу – онкологиялық аурудың дамуын тудыратын ген белсенділігін «ұйықтау» жағдайында ұстап тұратын маңызды және тиімді құрал.
Қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін пациентті дәрігер-отбасы тізбегі бойынша қолдап, психологиялық көмек көрсеткен абзал. Себебі пациенттердің бұл ауыр диагнозға шалдыққаннан кейін жауабы жоқ сұрақтары көбейіп, толыққанды жазылудың жолын іздестіре бастайды.
Облыстық онкологиялық орталықта дәл осы сұраққа байланысты психологиялық кабинет жұмыс атқаруда. Білікті психолог дәрігерлер пациенттерден бөлек олардың отбасыларымен біріге белсенді жұмыс істейді. Кез келген ауруды жеңу ең бірінші кезекте пациенттің осы сырқатты қабылдауы мен күресуінен басталады. Психологиялық тұрғыдан күресіп, сырқатты жеңу арқылы қайта өмір бастауы да осы диагнозды қабылдай білуінде, – дейді психолог Бағдагүл Ибрашева.
Жаппай екпеге елдің көзқарасы
ҚР ДСМ бас штаттан тыс онкологы, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы, профессор Диляра Қайдарова атап өткендей, жатыр мойны обыры (ЖМО) – алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру түрі. «АПВ вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Аустрия, Швейцария, Франция, Аустралия және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. АПВ вакцинациясы Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Әлемнің 42 елінде қыздарды да, ұлдарды да вакцинациялаумен гендерлік бейтарап тәсіл енгізілді», – деді бас онколог.
Шынында да солай ма? Аустралия тәжірибесіне сүйенсек, АПВ-ның 4 түрінің таралуы Аустралияның Ұлттық вакцинациялау бағдарламасы енгізілген соң 9 жылдан кейін 18-35 жас аралығындағы әйелдерде жатыр мойны обыры 90%-дан астам төмендеді. Ал АҚШ-та 2015-2018 жылдар аралығында әйелдердің арасында АПВ-ның 4 түрінің таралуы 14-19 жас аралығындағы әйелдердің арасында вакцинациялауға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 88%-ға азайған.
Жыл басындағы талқыланған шешім бойынша, Қазақстан HPV-ға қарсы вакцинациялау науқанын қайта бастамақшы. Вакцинациядан өткізу туралы шешім ата-ананың таңдауында, яғни ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында күзде мектептегі медициналық қызмет көрсету кабинеттерінде толығымен тегін алуға болады. Ал жаппай екпе алатын тұрғындардың негізгі бөлігі – 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл кезең қыздарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай егу мақсатында таңдалған, өйткені жыныстық белсенділік 10 жаста басталған жағдай орын алған. ДДСҰ вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынса, АҚШ-та вакцинаны 45 жасқа дейін алуды ұсынады.
– Биылдан бастап жатыр мойны обырына қарсы екпе салынатынын жаңалықтардан көргенбіз. Өзіміз обырға қарсы екпе алған емеспіз. Шынымды айтсам, 9 жастағы қызыма салдыруға қорқамын. Осыған дейін елде коронавирус кезінде жаппай екпе салу науқаны жүргені белгілі. Сол кезде де екпеден кейін жағдайы нашарлағандар, түрлі оқиғалар болды. Жасөспірімнің ағзасы екпені көтере ала ма білмеймін.
Бірақ екпе алдағы 10 жылға дейін обырға қарсылық білдіре алатынын естіген соң тағы да ойланып қалдым. Әзірге нақты шешім қабылдамадым. Мүмкін, қызымның сыныптастары салдырған соң мен де салдыратын шығармын, – дейді қала тұрғыны Арайлым Серікова.
Зерттеулер көрсеткендей, вакцинаның қорғау мерзімі ұзаққа созылады. Нәтижесіне келсек, екпенің иммуногенділігі вакцина енгізілгеннен кейін 10 жыл ішінде төмендемеген. Шетелдік тәжірибе бойынша, екпені салдырғандарда ешқандай елеулі жанама әсер табылмаған. Ең жиі кездесетін жанама әсер ретінде тек инъекция орнында қызару, температураның жоғарылауы, бас айналу және жүрек айнуы болыпты.