Kyzylorda-news.kz. Өз жанынан өзгенің денсаулығын артық қойып, күн-түн демей тікесінен тік тұрып қызмет атқарған медицина қызметкерінің бірі – Анфиса Семенова екенін тереңөзектіктер жақсы біледі.

Білікті маман Анфиса Петровна Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, ауданымыздағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектепті тәмамдаған екен. 2001 жылы Қызылорда медициналық колледжін қызыл дипломға бітірген маманды көпшілік ерекше құрмет тұтады. Бүгінде Сырдария аудандық жедел-жәрдем қызметінде фельдшер болып қызмет атқаратын ақ халатты абзал жанның қолы алтын. Бала күнінен әжесінің тәрбиесінде өскен Анфиса, ол кісінің көп ауырғандығын көріп өскеннен соң дәрігер болып, адамдарға көмек беремін деп армандаған екен.

Осы күні 19 жылдық тәжірибесі бар маман артериалдық гипертензия, инфаркт, инсульт алған ауыр жағдайдағы науқастарға бірнеше мәрте алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен. Жұмыс тәжірибиесінде осыдан 5 жыл бұрын үй жағдайында жүкті әйелді аман-есен босандырып  алған  Анфиса Петровна өз сөзінде:

Мен әрбір емделуші үшін қатты алаңдаймын, науқастың жағдайы жақсарып кеткенше дәрігерден халін біліп отыратыным рас. Ауыр жағдайдағы науқастар оңалып келе жатқанын естісем жүрегімде тыныштық орнап, ерекше қуанышты көңіл-күйде боламын. Шын мәнінде, денсаулықтың қадірін білген дұрыс. Қашанда көпшілік созылмалы дертіне мән беріп, емделіп тұрғаны маңызды рөл ойнайды. Көз алдымызда сырқат адам қиналғанда жанымызды шүберекке түйіп тұрамыз, – деді.

Осы сөздердің өзі Анфисаның өз ісін ерекше ықыласпен жасайтындығын көрсетіп тұрғаны мәлім. Маман ретінде елдегі қиын жағдай ке¬зінде аянбай қызмет етіп, адам жанын арашалап қалуға көмек бере отырып, өз мамандығына деген махаббатын тағы бір дәлелдей түскендей. Өткен жылдары ел көлемінде вирусты инфекция тарап жатқан шақта араға күн салып кезекшілік атқарып, 30-40 шақырту қабылдап, тәулік ішінде бірнеше адамның жанын ажалдан арашалап қалуға тырысқан Анфиса Петровна бұл жағдайдың өзі үшін де оңай болмағандығын жеткізді.

 Үй шаруасымен қатар халықтың мұң-мұқтажын арқалап жүру оңай болмағаны анық. Өзім де сол кезде вирустың жеңіл түрімен ауырған едім. Дегенмен, тұрғындардың өмірі маңызды екенін білгендіктен өзімді тез жинап алған жайым бар. Тәулік бойы тікемізден тік тұрып, жаздың ыстығына қарамастан ауа өткізбейтін сырт киімдер киіп, әрбір науқастың өмірі үшін күрескен едік. Жұмысқа жағдайдың жақсаруынан үміттеніп келетінмін. Мен үшін ең ауыры әріптесім Жанар Қостаевадан айрылып қалағандығымыз болды. Алайда соңына дейін үміт үзбей, мықты болу керек екендігін түсініп, жақсылықтың боларына сендім. Елімізде қазіргі уақытта вирус қарқыны сейіліп, жұмыс ауаны қалыпқа түсті – дейді Анфиса Петровна.

Анфиса ауданымыздың денсаулық сақтау саласына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан маман, сонымен қатар жары Петрмен екі бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Тұңғышы Анастасия тоғызыншы сынып оқыса, кішісі Даниил алтыншы сыныпта оқиды. Осындай өз ісінің маманы Анфиса Петровнаға аудан тұрғындарының да айтар алғысы бар екен.

 Менің қан қысымым 200-ге көтеріліп, жедел-жәрдем қызметін шақырған болатынмын. Сонда Анфиса Семенова маған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, нәзікжанды болғанына қарамастан зембілдің бір жағын өзі ұстаған болатын. Өз ісінің маманы болуымен қатар, мамандығын сүйіп жасайтын мықты медицина қызметкері деп сеніммен айта аламын және шын жүректен алғысымды білдіремін, – дейді Жанар Тұрсынбайқызы.

Науқасқа алғашқы көмектің дұрыс көрсетілуі өмірін қауіптен аман алып қалуға ықпал етері анық. Анфиса секілді халық алғысын алып, жанына араша түсіп, дертіне шипа тауып жүрген осындай қызметкердің ауданымызда болғаны біз үшін ғанибет.
 

Тағы да оқыңыз: