Kyzylorda-news.kz. ХХ ғасыр обасының ең көп дерегі аудандар арасында Шиеліде тіркеліп тұр. Мәселен, өткен жылы көршілес Жаңақорған ауданында 18, Аралда 15, Қармақшыда 12, Қазалыда 16 адамнан сырқат анықталса, Қызылорда қаласының өзінен 125 адам індет жұқтырған. «Адам қорқатын бұл статистика жыл сайын артпаса кемімей тұр» деп дабыл қағуда мамандар. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі ауданындағы филиал меңгерушісі А.Сәдуақастың мәліметіне сүйенсек, ауданда тіркелген 21 адамның 5-уі жұмысшы, 1-уі әскери қызметкер, 9-ы жұмыссыз, 1-уі зейнеткер, 4-уі жүкті әйел, 1-уі бір жасқа дейінгі сәби. Бұл ауру жасқа да, әлеуметтік статусқа да қарамайды дейді ол.

Бүкіл дүниежүзілік дерт ЖИТС індетіне қарсы күрес вакцинасын іздестіру үстінде. Дегенмен, әзірше сырқаттың белгілерімен ғана күресуге тура келеді. Дәрігерлер бәрінен бұрын тәуекелді топқа 15-49 жас аралығындағы жастарды енгізіп отыр. ЖИТС-қандай да бір белгілері бар сезілмейтін науқас. Сонда да осы мәселемен айналысып жүрген мамандардың айтуынша, тыныс алу жолдары: асқазан, орталық жүйке жүйесі барынша осал келеді. Көз бен құлақтың зақымдалатыны да байқалады. Орталық жүйке жүйесінің зақымдануының салдарынан ақыл-ес кемістігі бой алдыруы ықтимал. Соңы азапты өлімге ұласады дейді олар.

Бізде өз кезегінде ғасыр дерті жайлы толығырақ зерттеу мақсатында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі аудандық филиалының меңгерушісі Анафия Сәдуақасты сөзге тарттық. Маманнның айтуынша, АИТВ жұқпасы – қоздырғышы АИТВ болып табылатын антропоноздық созылмалы жұқпалы ауру. АИТВ жұқпасы кезінде иммундық жүйе біртіндеп бұзылып, оппортунистік жұқпалар бас көтеріп, ақырында ЖИТС пайда болады. Ал, ЖИТС дегеніміз – 1 немесе бірнеше СПИД индикаторлық аурулар пайда болған АИТВ жұқпасының ең соңғы терминалдық сатысы.

«Негізінен АИТВ – инфекциясы білінбей өтетін дерттің түрі. Вирус адам ағзасына ауыз қуысы сілекелейлері, тері арқылы, инфекция жұқтырған адамдармен жеке гигиена заттарын бірге пайдаланған жағдайда жұғады. Бұдан бөлек жұғудың бірнеше түрі бар. Олар; қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы, АИТВ жұқтырған нашақормен бірге тамыр арқылы есірткі тұтыну кезінде. АИТВ жұқтырған жүкті әйелдің ішіндегі ұрыққа не жүктілік кезінде сәбиге жұғуы мүмкін. Одан бөлек, бүгінгі таңда сән салоны көптеп ашылуда. Мұнда татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасату кезінде стерилденбеген құралдар пайдалану кезінде жұғу ықтималдығы жоғары», – деді меңгеруші. 

Сондай-ақ, ғасыр індеті саналатын дерттен сақтанудың, алдын-алу жолдарын түсіндіру мақсатында түрлі іс-шаралар мен ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп жатқандығын тілге тиек етті.

Хош. Енді АИТВ – инфекциясының індеттік ахуалы мен аймақта таралу көлемі мен ерекшелігіне тоқталсақ. Ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, 2021 жылдың 31-қазанына дейін елімізде 45887 АИТВ жұқпасы тіркелсе, оның 2497-сі шетел азаматтары. Ал, Қызылорда облысы бойынша 244 адам тіркелсе, оның 34-і шетел азаматтары екен. Енді осы жылғы дерекке зер салайықшы. Биыл республика көлемінде 49839 АИТВ жұқпасы тіркеліпті. Ал Сыр елінде 286 дауасыз дерттің дерегі анықталып отыр. Яғни былтырғы дерекпен салыстырғанда 11 жағдайға өсіп отыр.

Індеттен сақтанудың жолы

АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып жүр. Соған қарамастан осы сырқатқа шалдыққандардың қатары көбейе түскен. Не себепті? Мамандардың пікірінше, мұндай ақпаратқа көпшілік: «маған қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды екен. Осындай немқұрайлылық ауру­дың тара­луына бірден-бір себеп болып отыр. 

«Біз әлі күнге «АИТВ жұқ­пасы есірткіқұмарлар мен жезөкшелерде ғана болады» деген жаң­сақ ойдан арыла алмай келеміз. Статистикаға көз жүгіртсек, керісінше, осы топтағы адамдарда АИТВ жұқпасы көп таралмаған. Өйткені, есірткіқұмарлар, жезөкшелер дерттен сақтанудың жолын жақсы меңгерген. Ал, басқалар қарапайым сақтанудың жолын есіне ала бермейді. Сондықтан әр адам өзін, жақын адамдарын ғасыр індетінен қорғағысы келсе, АИТВ туралы біле жүргені артық болмайды», – дейді А.Сәдуақас.

Сонымен дерттен сақтанудың жолы қандай? Бірінші, өзіңізге жете таныс емес, кездейсоқ біреумен жыныстық қатынас жасаудан аулақ болыңыз. Біреудің қолданған шприцін, қырынуға арналған заттарын қолданбаңыз. Татуировка, персинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде инелердің залалсыздандырылуына айрықша мән беріңіз. Тіс емдетуге барған кезде де құрал-саймандардың тазалығын қадағалауды ұмытпаңыз.

Айта кетейік АИТВ жұқпасы жәндіктер шаққанда, қол алысып құшақтасқанда, монша, ванна, бассейн, дәретхананы бірге қолданғанда, төсек-орын, ыдыс-аяқ сынды тұрмыстық заттарды бірге пайдаланғанда және түшкіріп жөтелгенде жұқпайды екен.

Талай тағдырды шарпыған тажал дерті

ХХ ғасырдың індеті атанған Вич/Спид, яки, адамның иммунитет тапшылығының вирусы және жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы төңірегіндегі қорқыныш уақыт өткен сайын үдей түсуде. Емі табылу былай тұрсын, жыл сайын оның шырмауына миллиондар шырмалуда. Өрімдей жастар, сан мыңдаған тағдырлар тажал құрбанына айналу үстінде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, 40 млн-нан астам адам ЖИТС ауруын жұқтырған. Көбінесе бұл дертке 19 бен 49 жас аралығындағы жандар шалдығады екен. Ендеше, жоғарыда айтып өткендей атынан адам үркетін тажал тарихы қайдан басталғанын, жалпы, емі жоқ дерттен сақтану жолдарын біле жүріңіздер.

Бір кездері Рашид Нұғымановтың «Ине» киносы қазақ көрермені арасында біраз талас-тартыс туғызған еді. Дегенмен, режиссердің негізгі ойы қоғам дерті – нашақорлықты көрсету еді. Сондай бір көркем шығармаға сұранып тұрған тағы бір проблема – СПИД. Уақытында «Қара құрлық» – Африка мен шеткері аралдарда ғана таралған бұл дерт қазақ арасын да жайылып кетті.

Тақырыпты түйіндей айтқанда, аты жаман ауру қаладан далаға да келді. Яғни, ауыл-аймақтарда тіркелу дерегі орын алуда. Бұл салауатты өмір салтын серік етіп, сақтық шараларына барынша қырағылық таныту керектігін айғақтайды.

Тағы да оқыңыз: