Kyzylorda-news.kz Ата-әжесінің ерке қызы Жұлдыз мектепті беске бітірді. Ол Қазалы ауданының Бозкөл ауылының тумасы. Мектептен соң арман қуып, Алматы қаласына келді. Колледж, университетте білім алып, қызыл дипломмен тәмамдады. Үнемі үйренсем, білсем, білімімді одан әрі жетілдірсем деп алға ұмтылатын ару магистратуралық білімді жалғастырды. Ай артынан жыл келіп, уақыт жылжи берді. Қуанышты сәттер, жетістікке толы бақытты күндердің бірінде Германия елін көруді де, Алла нәсіп етті. Осылайша, жайраң қағып, жадырап жүрген Жұлдыздың жүзін әп-сәтте мұң торлады. Оған себеп – дәрігерлердің «Өкпенің қатерлігі ісігіне шалдыққансыз» деген сөзі.

Бұны алғаш анасы Сарбиназ естіді. Емтихан алдында дәрігерлік тексерістен өткен қызының өкпесінен онкологиялық аурудың белгісі табылды дегенде төбесінен жай түскендей болды. Өзі де, медицина саласының қызметкері болғандықтан ауру туралы жете түсінді. Егіле жылап, Алладан ғана, жәрдем сұрай берді. Қызына қалай жеткізерін білмей жүрегі қан жылаған ана уақыт оздырмай дәрігерлермен бірлесе отырып, Жұлдызға мән-жайды айтты. Алайда, қайсар қыз бұл ауруға алғашында көндіге алмады. Тіпті, өзіне хабарласып, хал-жағдай сұраған жақындары әңгіме ауанын сырқатына қарай бұрса, сөйлескісі келмей, телефон тұтқасын тастай салатын еді.

Алайда, уақыт өте келе ем-дом алудың керектігі айқын сезілді. Жұлдызды жиі жөтел қысып, бойын әлсіздік биледі. Аяғы домбыға ісіп, көңіл-күйі де пәс еді. Ота жасайтын сәт те жетті. Санасын түрлі ой торлап алды. «Жарық дүниенің сәулесін енді көре алар ма екенмін?» деп іштей сан мыңдаған сұрақпен арпалысты. Үйдің үлкені болған соң, атасы Оңдаш пен әжесі Қалаудың қызы атанып, әке-шеше тілін көп алмағандығы ойына оралды. Анасын атымен атайтын. Еркеліктен болар, кейде ауыр сөздер айтып, ана жүрегін жаралаған кездері де жоқ емес. Балалық, жастық шағы көз алдынан кино лентасындай көлбеңдеп өте берді. Іштей өкініп, қынжылған қыздың жанарына жас үйірілді. Жанына жалау болып, қай кезде де қасынан табылған анасының алақанына басын қойып: «Мен сізді ренжіткен сәтім болса кешіріңізші!», – деп мұңлы жанарын төмен салды.

«Алла, баламның жанын аман қалдыр» деп күн-түні дұға тілеген ана: «Алтыным, мен саған ешқашан ренжіген жоқпын. Барлық қылығыңды кешірдім, ештеңе ойлап, уайымға берілме», – деп тұңғышын бауырына қысты.

Дәрігерлер тікесінен тік тұрып, тоғыз сағат бойы ауыр сырқаттан өмірін сақтауқаракетімен айналысты. Өкпенің обыр жеген үштен бір бөлігін алып тастады.

– Бір кезде біреу бетімнен шапалақпен тартып жібергендей болды. Бір дауыс: «Болды, Жұлдыз тұр!» дейді. Көзімді ашып, жан-жағыма қарадым. Не екенін түсіне алар емеспін. Сәлден соң есімді жидым. Ояу екенімді біліп, «Аллаға шүкір, мен тұрдым» деп қуанғаным есімде, – дейді Жұлдыз Самалбекқызы бізбен әңгімесінде.

Бір ай дегенде нәтижесі белгі берді. Алайда оншалықты көңіл қуантпады. Дегенмен аурудың төртінші сатыдан үшінші сатыға түсуі көңілге демеу. Ендігі үміт – химия-терапияда. Алғашқы химиялық емнен кейін, үш күннен соң Жұлдыздың шашы, қас-кірпігі түсе бастады. Тамаққа тәбеті қашып, су ішіудің өзі мұңға айналды. Он келідей салмақ тастады. Осы сәтте Жұлдыздың үміті үзілуге шақ қалды. Жұлдыз: «Айналамдағы жандардың бәрі маған мейірімін төгіп, қамқор қолын созуда. Мен неге өмір үшін күреспеймін. Мен мықтымын, бәрін жеңіп шығамын!», – деп өзін жігерлендірді. Күні-түні ем қабылдап жатса да, қанша қиын тисе де, түнде тұрып, намазын оқып, Алла Тағалаға мінәжат етті. Дұрыс тамақтануға аса мән беріп, санасын сәулелендіруге күш жұмсады. Ауру меңдеп, өңі қурап, көркі тайса да, күнде айна алдында отырып: «Мен әдемімін. Мен жазылған соң, ауруды қалай жеңгендігім туралы әлі-ақ, көпшілікке айтып беремін», – деп өзіне уәде берді.

Бүгінде жүрек түкпіріндегі сенімі сырқатын жеңуге жетелеген ару аурудан құлан-таза айығып, қатарға қосылды. Әрқашан күлімсіреп жүретін Жұлдыз Оңдаш:

– Өмірдегі ең қиын нәрсе – ол өліммен бетпе-бет келу. Атақ-мансабың, байлығың, барың бәрі-бәрі көмектесе алмайды. Адамдар кішкене қиыншылыққа кезіксе, көтере алмай, сынып кетіп жатады. Аурухана төсегіне таңылып, үміттен күдігі басым аурумен арпалысқан сәтте мен осыны ұқтым. Көп іздендім, жан-жақты мәлімет жинадым. Адамдармен, тіпті әлеуметтік желі арқылы болсын байланысты үзбедім. Ештеңеден, ешкімнен қымсынбай, ауруымды ашық айттым. Адамдардан ақшалай емес, рухани қолдау сұрадым. Аллаға шүкір, қайта қатарға қосылдым. Менің ең басты арманым – қолымнан келгенше, адамдарға жақсылық жасау, көмек қолын созу, – деген Жұлдыздың жігерлілігі мен қайсарлығы тәнті етті.

Тағы да оқыңыз: