Kyzylorda-news.kz. Өңірдегі жедел – жәрдем станциясының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, мамандардың тапшылығын жою секілді мәселелер бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық Кеңес отырысында қаралды.
Жедел – жәрдем қызметіне көпшліктің көңілі толмай жатады. Бұған себеп те көп. Алайда бүгінгі күні облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бойынша өте күрделі қаржылық қиындықтар қалыптасқан. Яғни, стансаның тапқан қаржысы жалақы қорының өзін жабуға жетпегендіктен ағымдағы жылдың 1 қаңтарына 564,0 млн теңге кредиторлық берешек қалыптасқан.
Облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Ерділдә Нұртазаұлының айтынша станса бойынша қаржының жеткіліксіздігі 2018 жылдан бері тұрақты түрде орын алып келеді, дегенмен жыл сайын аймақтық коэффициенттерді жоғарылату есебінен реттеліп, қосымша қаржылар бөлініп келген.
«2020 жылы бұйрықпен бекітілген аймақтық коэффициент жыл басында 1,167 болса жыл ішінде өзгерістер жасалып 1,3444-ке артты. Ал 2021 жылы 1,1670 –ден 1,4852-ге өсті. Биылдан бастап аймақтық коэффициент мүлдем алынып тасталып, станса өзінің қызметін толық атқарғанымен тарифтің өте төмендігінің салдарынан қаралған қаражатты толық ала алмай қарызға әбден батып, тығырыққа тіреліп отыр. Қазіргі таңда, мамыр айының жалақысы төленгенімен сәуір айынан бері міндетті салықтық төлемдері мен жарналары төленбей келеді. Бүгінгі күні қызметкерлерге шілде, тамыз айыларының жалақысын төлеу мәселесі қиындық тудырып отыр»,- дейді облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары.
Атап өту керек, станса құрамындағы 4 қалалық және 9 аудандық барлығы 13 бөлімшеде 50 бригада және 7 аудан мен Қызылорда қаласына медициналық авиация бөлімшесі мен оперативті бөлім жұмыс жасайды.
Кеңесте мәселені шешудің жолдары талқыланып, облыстық мәслихат пен тиісті органдарға нақты ұсыныстар жолданатын болды.
Жиын барысында күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай өңірдегі үш ауысымды, апатты жағдайдағы білім беру нысандарының мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен арнайы және мектеп-интернаттарында оқитын балалардың оқуы мен тұруына жасалған жағдайларда қаралды.
Қазіргі таңда аймақта 6 апаттық және Қызылорда қаласында үш ауысымда оқытатын 6 мектеп бар. Бұл мәселені шешу «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарланып отыр. Нақты жұмыстарға тоқталсақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен апаттық мектептердің 4-еуінің мәселесі шешімін табатын болады. Олар Қазалы ауданындағы №94-ші, Қармақшы ауданындағы №105, 108 мектеп және Шиелі ауданындағы №45 мектеп. Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты мектептің құрылысы жеке демеуші есебінен жүргізілуде. Нысан биылғы жылы пайдалануға берілмек. Ал, Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысын «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаржыландыруға ұсынылған.
Ал үш ауысымда оқытатын білім беру ұйымдары мәселесін шешу мақсатында облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға лайықталған қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Қалған 2 білім нысаны биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық жаңа мектеп есебінен шешіледі. Бұдан бөлек, аудандардағы орын тапшылығын шешу мақсатында осы жылы Жаңақорған ауданында 300 орындық, Шиелі ауданы 250, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 жаңа 3 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша биылғы жылы үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешімін табады»,- дейді атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.