Kyzylorda-news.kz Медицина саласында біліммен қатар, тәжірибе мен ұйымдастырушылық қабілет – маңызды рөл ойнайды. Соңғы 2 жылда емханаға қарасты «Жалпы тәжірибелік» бөлімге жетекшілік етіп келе жатқан Ақтоты Жақсылықова жемісті жұмыс жасауда. Аядай ғана бөлімшеде 7 аймаққа бөлінген 70 маман халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Қашанда халық денсаулығын жақсартуға күш салатын бөлімде жұмыс әрқашан қауырт.
«Жалпы тәжірибелік» бөлімнің меңгерушісі Ақтоты Мейрамбекқызы Шаған ауылының тумасы. Тәжірибелі маман ауылдағы білім ошағында ұстаздардан тәлім алып, кейіннен С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде «Педиатр» мамандығын алып шыққан. Ақ халатты абзал жан ең алғаш Ақжарма ауылында жалпы тәжірибелік дәрігер бойынша еңбек жолын бастайды. Сонымен қатар аудандық емханада психиатр-дәрігер, «Жалпы практика» бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарады.
– Осыдан 11 жыл бұрын Шаған ауылындағы ауруханаға жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде ауысып, елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсете білдім. Ал 2022 жылы аудандық емханаға қызметке келіп, «Жалпы тәжірибелік» бөлімнің қызметіне жауапты атанудамын. Күнделікті дәрігерге қаралуға келген тұрғындардың мәселесін шешуге барын саламыз. Әрине, халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, диагнозы бойынша мамандарылған дәрігерлерге жолдама береміз, – деді білікті маман.
Біздің кейіпкеріміз медицина саласында қыжырлы еңбек ете жүріп, жолдасы Еркін Сәтпаевпен бірге 3 ұл тәрбиелеуде.