Kyzylorda-news.kz. «Бас ауырып, балтыр сыздаса» ең алдымен көмекке келетін дәрігер деген жанашыр қауым бар. Жаныңа шипа дарытып, тіпті ажал құрсауынан арашалап алатын да солар. Осындай ақ халатты абзал жанның бірі, жас дәрігер – Әділет Бек. Қазір Әділет Өркендеу ауылындағы дәрігерлік амбулатория меңгерушісі.
Бұл ауылда 1983 жылдан бері фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Бертін келе, Өркендеу ауылдық дәрігерлік амбулатория болды. Қазір бұнда бір дәрігер, сегіз орта медициналық қызметкер және төрт жұмысшы еңбек етеді. Он төсектік амбулаторияда науқастар күндізгі стационарда ем алады.
«Денсаулық – байлықтан қымбат. Ол адам өміріндегі ең бағалы дүние болғандықтан, әр адам өз денсаулығына көңіл бөлуі қажет. Бәрі де денсаулыққа тіреледі. Осы орайда тұрғындар сергектік танытса екен», – деген амбулатория меңгерушісі Әділет Нұрланұлы Қожабақы ауылының тумасы. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған жас, мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде хирург мамандығын меңгерді. Қолына дипломы тиісімен туған жерге келіп, Қазалы аудандық орталық ауруханаға дәрігер болып орналасты. Әділеттің алғашқы еңбек жолы осылай басталды. Өзі қалаған салада еңбек еткеніне бес жылға жуықтаған Әділет қазір Өркендеу ауылдық дәрігерлік амбулаториядасында терапевт. Ол жауапкершілік жүгі салмағының қаншалықты жоғары екенін жүрегімен сезінеді. Уақытпен, күн-түн деп санасып жатпай, денсаулығы сыр берген жанның қасынан табылады. Құрақ ұшып, әр науқасты назардан тыс қалдырмайтын жас дәрігерге тұрғындар да дән риза. Ауыл халқы «Әділеттің біліктілігі өз алдына, кішіпейілділігі мен адамгершілігі адамды тәнті етпей қоймайды» дейді.
Күнделікті қарбалас жұмыстан уақыт тауып, бізбен сұхбаттасуға сәл ғана кідірген Әділет Нұрланұлы: «Күніне бірнеше адаммен кездесіп, тіл табысуға тура келеді. Бәрі де ауруы жанына батқасын дәрігер алдына баратыны түсінікті жағдай. Сол себепті, сырқаттарға дәрігерлік еммен қатар, бір ауыз жылы сөздің өзі ерекше әсер етеді. Әр мамандықтың қиыншылығы бар. Мамандығын сүйген жан қиын жағын көп көре бермейді. Алдына келген науқас айыққан сәт дәрігер үшін үлкен жетістік», – деп қалаған ісіне деген сүйіспеншілігін аңғартты.
Денсаулық туралы неміс философы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен. Иә, деннің саулығынан артық қандай бақыт бар. Дегенмен, адам болған соң, кейде ауырып қалып жатамыз. Осындайда шипалы қолы мен әсерлі сөзі-ақ ауруыңнан лезде айықтыра қоятын абзал жандар қатары көп болсын!