Kyzylorda-news.kz. 1881 жылы англиялық дәрігер Джеймс Бланделл ауырлық күші арқылы қан құятын жабдық ойлап тауып, әйелге жәрдемдеседі. Осылайша тарихтағы алғашқы қан құю процесі сәтті орындалып шыққан. Бұл технология адамзат үшін денсаулық сақтау саласында ұлы төңкеріс тудырды.
Қан адам ағзасының маңызды компоненті. Түрлі жағдайда көп қан жоғалту – адам өмірі үшін қауіпті. Осындай сәтте тіршілік нәріне бір тамшы қанымен өмір сыйлаушы донорлар көмекке келеді. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 200 мыңнан астам қазақстандық қан тапсырады екен. Соның ішінде 18 мыңға жуығы үш және одан да көп рет қан тапсырушылар қатарында.
Мұндай жұмыс миллиондаған адамның өмірін құтқарумен қатар көптеген науқастың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті өтеусіз донорлар мен еріктілер, түрлі ұйымдар ел ішінде донорлықтың дамуына ерекше үлес қосып жатқанын мойындауымыз керек.
Донор болу – өзгеге өмір сыйлау бақыты. Ауыр хәлде азаптанып, жаны қиналғанға қол ұшын созу арқылы әрі қарай өмір сүруге мүмкіндік беруден артық қуаныш бар ма?! Донор болудың өзге де пайдасы жоқ емес. Адам денесінде 5 литр қан бар болса, соның 500 миллиграмын алғанда, ол сол көрсеткішке азаяды. Берілген қанды қалпына келтірмегенмен, жаңа жасушалар пайда болып, қайтадан толығады, яғни адам ағзасы өздігінен жаңарады. Дәрігер-трансфузиолог Гүлнәр Әлібекқызы «Орталықта күніне шамамен 30-40 адам қан тапсырады. Жасы 18-ден асқан әрбір азамат алдын-ала тексеруден өткеннен кейін донор бола алады. Ал қан тапсыру үшін алдымен дәрігердің қарауынан өтуі тиіс. Себебі оның денсаулығы жақсы болуы шарт. Ешқандай диспансерлік есепте тұрмайтын, созылмалы аурулары жоқ азамат қана донор болып қан тапсыра алады. Бұдан басқа қан тапсырар алдында да бірқатар дайындық бар. Бір күн бұрын майлы тамақ жемеу, соңғы екі күн ішінде ішімдік ішпеу, түнде жақсы тынығып ұйықтап келу қажет. Әрбір донордан 450 мл көлемінде қан алынады», – дейді маман.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған «Волонтерлар фронт офисінің» еріктілері облыстық қан орталығына барып, донор болуда. Дәрігерлердің сөзінше, қан тапсырушылар қатары әдеттегіге қарағанда 2-3 есе артқан. Тиісінше медицина ұйымдары уақытылы қан компонентерімен қамтамасыз етілуде.
