Kyzylorda-news.kz  Жас ғалымдар отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосуда. Алыс-жақын шетелдердегі ғылыми орталықта тәжірибе жинақтаған қызылордалық жастар да жаңа зерттеу жұмыстарымен, халықаралық рейтингтегі көрсеткіштерімен қуантуда. Ал оларға қандай қолдау бар?

2022 жылы елімізде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы бұл саланың дамуына, ғалымдардың нәтижелі еңбек етуіне серпін берді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева ғылымда жүрген жастарға мүмкіндік көп дейді.

– Министрлік тарапынан жыл сайын жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы аясында конкурстар өтеді. Бұл конкурстар жылына 3 рет ұйымдастырылуда. Мұнан кейін постдокторанттарға арналған «1000 жас ғалым» жобасы аясында гранттық қаржыландыру арқылы министрліктің ғылым комитеті тарапынан ғалымдарға қаржы бөлінбек. Докторантура бітірсе де диссертация қорғай алмай жүрген ғалымдар үшін постдокторантураға жолдама деуге болады. Сондай-ақ министрлік пен «Отбасы банк» АҚ алғаш рет жас ғалымдарға қолжетімді кредит берудің бірлескен бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама 2023 жылдың желтоқсанынан бастап күшіне еніп, елімізде жас ғалымдардың бірқатары пәтер алды, – деді Майнұр Әбілтайқызы.

Бұл пилоттық жоба Мемлекет басшысының 2023 жылғы сәуірде Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында берілген тапсырмасын орындау шеңберінде іске асып жатыр. Университет проректоры министрлік тарапынан талантты жас ғалымдарға арналған Д.Қонаев атындағы сыйақы барын да атап өтті. Жас ғалымдарды қуантқан тағы бір жоба бар. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ғылым саласын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.

– Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын, – деген болатын Президент.

Бүгінде «500 ғалым» бағдарламасы ғалымдардың әлемдегі беделді ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтіп, шетелдік зерттеушілермен ынтымақтастық байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Жас ғалымдарды қолдау жұмыстары жоғары оқу орындарында да жүзеге асуда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге арналған ректор гранты конкурсы 3 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Былтыр үздік деп танылған 8 жобаның авторына 1 млн 250 мың теңгеден грант сертификаты табысталды. Жас ғалымдарға арналған ішкі грант 2021 жылы – 4, 2022 жылы 6 жас ғалымға берілді. Конкурсқа қатысушылардың саны жылдан жылға артып келе жатқан соң келесі жылдан бастап грант қаржысы 20 миллионға дейін көбеймек.

Қызылордалық ғалымдар күріштің қауызынан биочар, целлюлоза алу технологиясын әзірлеп, Нова Лиссабон университетінің (Португалия) ғалымдарымен бірге Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін дәрі-дәрмек дайындауда.

Сондай-ақ, университет ғалымдары бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлейтін болады. Жобаның жалпы құны – 750 млн теңге.

Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының жүруіне жас зерттеушілердің қосқан үлесі зор. Жас ғалымдарға бөлек грант тағайындау, жеңілдетілген шарттармен пәтер алуға мүмкіндік берілуі – ғылымға серпін ала келетін жастарды қолдау деген сөз. Демек, отандық ғылымның көкжиегі әлі де кеңейе түспек.

 

Фото: Қорқыт ата университетінің медиа орталығы

Тағы да оқыңыз: