Kyzylorda-news.kz Жаны ізгі, жүзінен тек мейірім шуағы төгіліп тұратын тәжірибелі медбике Роза Сағындық әркез емделушіге шад-шадман көңіл-күй сыйлай біледі. Іргелі ұжымда орнықты ойымен, нақты ұстанымымен қызмет ететін медбикенің медицина саласындағы айтарлықтай қызметін әріптестері ерекше бағалайды.
Жалпы, Роза Жаппарқызы осыдан 55 жыл бұрын дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргеннен денсаулық сақтау саласына қызығушылығы артқан сала маманы 1984-1987 жылдар аралығында Қызылорда медицина училищесінде оқып, мамандық алып шығады. Сырдария аудандық ауруханасының медстатист маманы ретінде 20 жыл қызмет етсе, қазіргі уақытта көз аурулар кабинетінің медбикесі болып жұмыс атқаруда. Күніне көптеген науқастың денсаулығын дәрігер Сәния Оразалиева екеуі жіті тексеріп, арнайы диагноз қойып, сан түрлі ем-шара қолдануға жолдама береді.
– Бүгінде медицина саласында сан бағытта реформа жүргізіліп, біршама өзгеріс орын алуда. Сала маманы ретінде заман көшіне ілесіп, жергілікті халық үшін тынымсыз еңбек етіп келеміз. Әрине, адамның көз жанары әркез сау болғанда қалыпты өмір сүруге икемделеді. 20 жыл статистика саласында нақты мәліметті келтіре отырып, ақпарат қорын толықтыруды үйлестірсек, осы күні көз ауруларына шалдыққан азаматтардың жағдайын саралауға мүдделіміз, – деді білікті медбике.
Аяулы жан 2 перзенті мен 6 немересіне үнемі өмірден түйгенін, көргенін айтып отырады.