Kyzylorda-news.kz. Дәрігер – адам жаны мен тәнінің шипагері. Ақ халат кию мойныңа қаншама жауапкершілік жүктейді. Бұл жерде жүрек тазалығы мен мейірімділік аса қажет. Егер бойыңда осындай жақсы қасиеттер болмаса, мамандықты дұрыс таңдамасаң, көңілің ақ, жүрегің мейірім мен шуаққа толы болмаса, қанша жерден бұл мамандықты игергеніңмен, жоғары жетістік пен сәттілікке жете алмайсың. Бұл – біздің бүгінгі кейіпкеріміз қаладағы № 6 емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипованың пікірі.
Шынында, дәрігердің өмір жолына қарап, оның өте еңбекқор, өзіне де, өзгеге де талап қоя алатын білгір басшы екендігін жазбай танисың.
Жаннат Шайхысламқызы Қожарипова 1968 жылы 7 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Батыржан Шалғынбаев атындағы №217 орта мектепті бітірген соң 1986-1992 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіреді.
Алғашқы еңбек жолын №1 перзентханадан бастайды. Емдеу орнында 1992-1994 жылға дейін дәрігер болып жұмыс істеп, интернатурадан өтеді. 1995 жылдан 2002 жылдар аралығында №2 қалалық емханасында акушер-гинеколог қызметінде, 2002-2004 жылдары облыстық медицина орталығында дәрігер болады. 2004-2013 жылдар аралығында қалалық әйелдер консультациясының бас дәрігері, 2013 жылы облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері болып тағайындалады. Мұнан соң 2013-2014 жылдары «Интертич» клиникасы бас директорының орынбасары, 2014 жылдың қаңтарынан желтоқсан айына дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары, 2014 жылдан 2015 жылға дейін облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері, 2015-2017 жыл аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары болып, абыройлы қызмет атқарады. 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін №6 емхананың бас дәрігері қызметінде.
«Дәрігер – деген мен үшін ең құрметті атақ. Мансап, қызметтен жоғары адамгершілік, адалдық деген ұғым бар. Өмір жолымда мені жетелеп келген ата-анамнан берілген осынау ұғымдар. Дәрігер болу үшін тер төгіп, тәуліктің 24 сағатында да жаныңды аямай, ұйқысыз түнді өткіздік. Басқа мамандық иелері жұмыс орнынан шыққанда бүкіл жұмыс барысындағы күйзелісті жұмыс бөлмесіне тастап кетеді. Ал біз, біздің әріптестеріміз жұмыстың проблемасын үйге алып келіп, науқасты үйде де уайымдап, жаның жай таппай қиналасың. Бізде сенбі, жексенбі деген болмайды. Аяқ астынан шақыру түссе түн мезгілінде шақыртуға барып, үздіксіз жұмыс істеп, әскерилер секілді қырағылық көрсетеміз. Оның үстіне маған еңбек жолымда жауапкершілік артып, түрлі қызметтің тұтқасын ұстатты. Халық алдындағы жауапкершілік, ұжым алдындағы абырой үнемі маған қажымас қайрат, талмас қанат береді. Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі мен өз мамандығымды шексіз сүйемін. Сондықтан барлық ауыртпалық пен қиындығын мойымай көтеремін», – дейді бас дәрігер.
Шынында дәрігер болу жүректің батырлығы мен шексіз шыдамдылық пен сабырлы болуды талап етеді. Жаннат Шайхысламқызы – өз мамандығының білгірі. Ерен еңбегі еленіп, алған марапаты да еңбегінің жемісі деп білеміз.
2006 жылы денсаулық сақтау министрінің Алғыс хатымен, 2008 жылы денсаулық сақтау министрінің құрмет грамотасымен, 2021 жылы «Халық алғысы» медалімен, сол жылы «Шапағат» медалімен марапатталған. Отбасылы, бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған абзал ана.
Қазақта кәсіп таңдауда қателеспеу керек деген сөз бар. Жаннат Қожарипова кәсібіне адал, қол астындағы қызметкерлерге сыйлы, халқына қалаулы жан. Үлкен жүректі дәрігерге деген елдің риясыз ықыласы да өміріне шуақ сыйлайды. Елдің ақ батасын арқалаған жанға біз де табыс тілейміз!