Kyzylorda-news.kz. Қазірде ағзаға тиер залал көп. "Бірінші байлық – денсаулық" дегендей, әрбірімізге саналы, жарқын өмір сүру үшін ең алдымен деннің саулығы қажет. 

"Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды" деп данышпан Баласағұнидің айтқанындай, әрбір жан белгілі бір ауруларды бастан өткеретіні анық. Бірақ медицина саласының қызметкерлері сондай дерттердің шарықтауына жол бермей, әрдайым кез келген аурудың ауыздықтау мақсатында білімдерін толықтырып, оған төтеп беруге даяр тұрады. Жаңашылдықпен түрлі жағдайларға әзір Қазалы теміржол ауруханасы халыққа бір ғасырдан аса уақыттан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ұжым құрамының ізденімпаздығы мен жылы қарым-қатынасының арқасында қаншама науқастың бетін бері қаратып, олардың алғысына бөленуде. Дегенмен бүгінгідей алмағайып уақытта ауру басқа кейіпте түрленіп, ағзаға нұқсан келтіруде. Осындайда оның алдын алу бағытында аурухана басшылығы заманауи жабдықтарға тапсырыс беру жағдайдың жылдам шешілуіне жол ашады. Өйтпесе жанға батқан дертті дөп басып диагноз қою қиынның-қиыны. Сондықтан Қазалы теміржол ауруханасы ақхалаттылардың ісі іркіліссіз жүруіне және медициналық зерттеу барысында септігін тигізетін бірқатар су жаңа құрылғымен жабдықталып, зерттеу орталығы ашылды. 

Атап айтқанда, былтыр халықтың көптен күткен ПТР зертханасы іске қосылды. Бұл тұрғындардың жағдайын жақсартып, уақытын үнемдеу аясында жүзеге асырылды. Бұдан бөлек құны 120 миллион теңгені құрайтын "Эксперт класс УДТ 3,4Д" аппаратына қол жеткізілді. Ал жансақтау бөліміне жаңа үлгідегі жасанды өкпе аппараты алынды. 

“Ауруханадағы тыныс-тіршілік, оның ішінде жансақтау бөліміндегі қызмет қауырт әрі зор жауапкершілікті қажет етеді. Организмнің тіршілік етуінде маңызды органдар қызметінің бұзылуын не тоқтауын қалпына келтіретін аядай жерде ең ауыр жағдайдағы науқастарға интенсивті көмек беріледі. Сондықтан да біздің бөлім толықтай қажетті жабдықтармен кезең кезеңімен жабдықталған. Соның ішінде жасанды желдету аппараты науқас өздігінен дем ала алмағанда өкпені қалыпқа келтіріп, оттегімен қамтиды. Бұдан бөлек 3 ИВЛ, 6 монитор – қан қысымы мен тамыр соғысын автоматты түрде өлшейді, дозатор – дәрі-дәрмекті дәл өлшеммен енгізетін аппараттар бар. Тәулік бойы қарбаласқа толы бөлімде 15 адам тікесінен тік тұрып қызмет етеді”, – дейді бөлім меңгерушісі Жасұлан Қуанышбаев.

Өткен жылы Қазалы теміржол ауруханасының білікті басшысы Құбыл Ршымбетов халықтың мұң-мұқтажын жеңілдету жолдарын қарастырып, арнайы "Полимеразды тізбекті реакция" зертханасын ашты. Қазір қазалылықтар оның игілігін көруде. Мәселен, бес айға жуық уақытта 4 мыңдай халыққа қызмет көрсетіліп үлгерген. 

Бүгінде мұнда жұмыс іркіліссіз жүруде. Күніге 25-30 адамның анализі қабылданады. Соңғы үлгідегі заманауи құрылғының құлағында шебер жұмыс істейтін маман зертханашы, дәрігер Гаухар Өмірзақ, зертханашы Ләззат Мұратбай, дезинфектор Бекарыс аманқос "COVID-19" инфекциясының ағзада бар-жоғын анықтайды. 

Тағы бір жағымды істің бірі – аудан әйелдерінің облыс орталығына барып жүгінетін "Эксперт класс УДТ 3,4Д" құрылғысы әкелінді. Бұл күні мамандар арнайы әзірленіп, қызметтеріне кірісіп кетті. Осы жабдықты түп-тұқиянына дейін меңгеруі үшін біліктіліктерін арттырып, алғашқы кеңестерін халыққа ұсынуда. "Voluson E10" маркалы аппараты Австрияда жасалған. Көбінесе жүкті әйелдерге арналған. Дегенмен басқа да ағзадағы дене мүшелерін бақылауға болады. Ерекшелігі іштегі өзгерістерді, мәселен, бауыр мен бүйректегі ақауларды анық көрсетеді. Осы сынды УЗИ құрылғысы облыста санаулы. Ал аудан бойынша алғашқы болып Қазалы теміржол емханасы жеке кабинетті жабдықтап қондырды. Соңғы уақыттары жас келіншектердің жүктілігі ауыр өтетіндіктен, іштегі сәбидің кедергісіз дамуын "Voluson E10" маркалы жабдығымен бақылайды. 

Қазалы теміржол ауруханасы алдағы уақытта қан тамыр ауруларының көбеюіне байланысты ота жасауды жеңілдететін және науқасты аман алып қалу мақсатында "Ангиограф" аппаратын алуды көздеп отыр. Бұл ендігі жерде ағзаның бір бөлігі салданып қалғанда осы құрылғының көмегімен қалпына келуіне септесеріне сенім мол.

Тағы да оқыңыз: