Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғанда буын аруымен шағымданып күніге 25-30 адам келіп қаралса, ревматоидный артритпен диспансерлік есепте 150 адам, балалар артритімен 11 жасөспірім есепте тұрады. ХХІ ғасыр індеттерінің бірі буын аурулары. Бұрын жасы үлкен ата-әжелеріміздің қол-аяғы сырқырап, буындары мазаласа, қазір алпысты алқымдамақ түгілі, қырықтың қырқасына ілінбестен аяғы ақсап, буын ауруынан зардап шегіп жүргендер аз емес. Мамандардың айтуынша, буын сырқаты қазір бүкіл аурудың алдын орап, алдыңғы қатарға шыққан. Үлкендердің көпшілігі аяғын баса алмайтынын, түнде аяқ-қолы сырқырап ұйықтай алмайтынын, күндіз тізесі бастыртпай ауыратынын жиі айтады. Тіпті белі көтертпей, таяққа сүйеніп жүретіндер бар.
Қазақстанда 200 мыңға жуық адам буын ауруының зардабын тартып келеді. Ал әлем халқының 2 миллионы осы дерт бойынша арнайы тізімге алынған. Бұрын аталмыш дертке алпыс жасқа аяқ басқандар шалдығатын болса, бүгінгі статистикаға зер салсақ, 10-15 жастағы жеткіншектің де буыны ауыратынын дәрігерлер алға тартып отыр. Алаңдатарлық жағдай. Біз көпшілікті мазалаған сұрақтың жауабын білу үшін аудандық емхана ревматологы Мадалиева Нұрбану Раушанбекқызымен тілдескен едік.
– Ия, ауру жасарып бара жатыр. Тіпті отызға толмаған жастардың жамбас, тізе буындарына ота жасалып жүр. Ревматология бойынша буын ауруы ревмотойный ортрит және остеотроз болып екіге бөлінеді. Көпшілігі осы екеуін ажырата алмай жатады. Остеотроз тізе буындарының зақымдануынан болса, ревмотойный ортрит буындардың ісінуімен болатын ауру. Остеоартроздың даму себептері: вирустық, инфекциялық аурулардан кейін, жарақаттан кейін, артық салмақтан кейін, әйелдердің постменапаузалық кезең, яғни етеккір тоқтағаннан кейін организмде зат алмасу бұзылуына байланысты пайда болады. Бұл ауру дендегенде мүмкіндігінше артық салмақ қоспау қажет. Балық, холодец, сәбіз, асқабақ өнімдерін тұтынған дұрыс. Адамның сан сүйегінің төмен бөлігі мен ортан жіліктің тізеге бекіген қос сүйектің ортасында буындардың қозғалысын ұстап тұратын сұйықтық болады. Жылдан-жылға ол да тозып, ауыр салмақтан бір жағына қарай ығысып, шеміршек жалаңаштанып қалады. Ұстап тұрған сұйықтық болмағаннан кейін шеміршек қажала бастайды. Тізе ауруы аяққа түгел беріліп, отырып-тұрған сайын сырқырап, күшейе түседі. Аурудың алғашқы кезеңінде, яғни күш-қуаты барында әркім бұған аса мән бермейді. Әрі мұның өзі де өмірге қауіпті емес. Алайда уақыт өте келе адам аяқтан қалып, өмір сапасын қиындатады. Кесел кеулеп, үшінші кезеңіне өткенде ота жасайды. Аурудың пайда болу себебі әртүрлі. Көп жағдайда адамның аз қимылдауы, суық тию, экология, кальцийдің жетіспеуінен туындайды. Адам 25 жасқа дейін-ақ кальцийді өз ағзасынан шығара алады. Ал 25 жастан кейін міндетті түрде ағзаның кальций қорын толықтырып отыру керек. Сондықтан әр азамат өз денсаулығына аса үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Бізге келетін науқастардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Жастар келгенде жанымыз ауырады. Дегенмен қолдан келген бар мүмкіндікті жасап, аяқтан тұруларына көмектесу міндетіміз. Бұл дерт бүгінгі күннің басты мәселесіне айналғандай. Себебі дәл осы дертке шалдыққандардың саны күн санап артуда, – дейді ол.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Мәселен, бізде көбі дәрігерге өз еркімен көрінбейді. Ауру жанына батқанда немесе төсек тартып жатқанда ғана ақ халаттылар еске түседі. Уақытылы емделмейді. Соның салдары дерттің асқынуына әкеп соқтырады.
Дәрігердің айтуынша, аурудың алдын алмаса, соңы мүгедектікке соқтыруы мүмкін. Аурудың қауіптілігі де осында. Буындардағы шеміршекаралық майдың таусылуы, сүйектердің қисық бітуі, жарақат салдарынан сынған сүйектердің дұрыс бітпеуі, ревматологиялық аурулар түрлі буын сырқатына әкеліп соғады. Артық салмақ және жейтін ас, ішетін судың сапасыздығы да ауруға соқтырады. Мәселен, остеоартроз, коксартроз, остеохондроз секілді аурулар кезінде адам жүре алмайды. Жамбас, тізе буындағы буынаралық шеміршек майы азайып, екі сүйек бір-біріне қажалады. Алғашқыда аздаған ауырсынуды адам елемей, жүре беруі мүмкін. Кейде ауыр жұмыс істегенде, көп жүргенде, бір жерде ұзақ отырғанда, баспалдақпен жоғары көтерілгенде адамның буынбуыны сырқырап, бел мен жамбас сүйектерде ауырсынулар болады. Бірақ демалғаннан кейін ауырғаны басылады. Осылай жалғаса береді. Бірақ сүйектер қажалған сайын ауырсыну күшейіп, адам тізесін бүге алмайды, ақсаңдап жүретін болады. Бірте-бірте ауру үдеп, тіпті қарыс қадам жүрудің өзі мұңға айналады. Аурудың соңғы сатысында дәрі-дәрмек те, жақпа май да көмектеспейді. Тек қана буын ауыстыру, яғни эндопротез салу керек екен. Сонымен қатар тізе сыр бергенде емдік жаттығулардың пайдасы көп екен. Егер күмән болса, емханадағы реабилитолог-дәрігерге көрініп, тиісті жаттығуларға машықтанып, аяқтың бұлшық еттерін сауықтыруды жиі қайталап, күнделікті әдетке айналдырған жөн. Жаттығудың ең қарапайым түрі – шалқасынан жатып екі аяғын велосипед айдағандай айналдыруы тиіс екен.
Осы ретте кент орталығыныңдағы «Әмина» емдеу орталығының дәрігері Қамажай Мұратқызының да ойын білген едік.
– Бүгінде буын ауруларының ішінде ең жиі кездесетіні ортроз десек болады. Бұл біздің елімізде ғана емес, бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған өзекті мәселе. Ол адам ағзасындағы қан айналымы бұзылған кезде буындардағы зат алмасу процесінің өзгеріске ұшырауынан туындап жатады. Яғни, шеміршектегі өзгерістің салдарынан дерт дендей бастайды. Бұрындары бұл ауру көп емес еді. Өйткені біздің ата-бабаларымыз құнарлы тамақтанып, қимыл-қозғалысқа ерекше мән берген. Оның үстіне, бүгінгі күні экологиялық ахуал нашар, ішіпжеген тағамдарымызда химикаттар, жасанды дүниелер басым. Бұл дерт біздің ағзамызға қажетті элементтер жетіспегенде туындайды. Салдарынан денсаулығы сыр беріп, дерті дендегеннен кейін көпшілігі ота жасатып жатыр. Осы тұста дәрігер ретінде кеңесімді бергім келеді. Күнделікті ішер асыңызға мән беріп, түрлі газды сусындардан бас тартқан абзал. Байқаймын, жасы үлкені де, кішісі де кола, пепси сынды сусындарды ішіп жатады. Бұл ағзадағы калий, натрий, магний сынды элементтерді сыртқа шығарып тастайды. Егер адам тамақтануға мән бермесе, қанша жерден ем қабылдаса да ол емнің әсері болмайды. Негізі, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын сақтау арқылы көп дерттің алдын алуға болады. Сонымен қатар жас ұлғайған сайын ерекшелігіне қарай комплексті дәрумендерді қабылдау қажет. Әсіресе, коллаген, кальций, д3, омеганы жылына бір рет тұтынған жөн. Егер ағзада барлық элементтер жеткілікті әрі дұрыс тамақтанатын болсақ, отаға жүгіне қоймас едік. Біздің «Әмина» емдеу орталығында еммен қоса тамақтануды да жүйелі жүргіземіз. Қандай ауру болсын алдын алған жөн. Ол үшін жыл сайын жоспарлы тексеруден өтіп, керекті анализдерді тапсырып, әркім өз денсаулығына мән берсе, көп қауіпті дерттің алдын алатын еді, – дейді Қамажай Мұратқызы.
Расында, денсаулықтың қадірін кеш біліп жатамыз. Деректерге сүйенсек, әлемде әрбір үшінші адам буын ауруына шалдығады екен. Ең қиыны, аталмыш аурулар кең тараумен қатар талай жандардың мүгедек болуына тікелей ықпал етіп отыр. Осы жағынан да алдыңғы орында тұрмыз. Ал әлемдік статистикаға келсек, жер бетіндегі бүкіл адамзаттың 25%-ы, буын ауруларымен ауырады екен. Буын ауруларына көпшілік мән бермегенімен, жер бетіндегі ең көп тараған ауру түрлерінің бірі болып отыр. Ол – ағзадағы зат алмасу процесі бұзылғанда, қатты травма алғанда пайда болады. Өйткені қатты соққыдан тізе майы ағып кетеді де, тізенің өзінің май шығару қабілеті төмендейді. Салдарынан, майы жоқ екі сүйек өзара жақындап, бірін-бірі қажай бастайды. Көпшіліктің осы аурумен ауыратынын байқадық. Еуропа елдерінде бұл сырқаттың алдын алу, оны емдеу үшін түрлі әдіс-тәсілдер қарастырылған. Кейінгі жылдары заманауи емдеу әдістері отандық медицинаға енгізіліп жатыр. Медициналық орталықта пышақ тигізбей, инвазитті емес әдіспен емдеу тәсілдері жиі қолданыла бастады. Мәселен, бұрын тізе буын аурулары кезінде тізені кесіп, содан кейін барып қана нақты диагноз қойылатын. Ал соңғы әдіс бойынша, дәрігер үшкір құралмен тізені тесіп, арнайы аппаратпен қарайды. Бұндай әдісті артроскопия деп атайды. Артроскопияның бір тиімді жері, бір сәтте нақты диагнозды анықтауға және буын ішіндегі кейбір ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, адам өміріндегі ешбір байлықтың құнына тең келмейтін асыл қазына – денсаулық.
Деннің саулығы, жанның тазалығы ұзақ өмірмен жарқын күндердің себепшісі болып табылады. Шыны керек, денсаулықтың қадірін жете бағалаған біздің атабабаларымыз халал асты тұтынып, нашар әдеттен бойды аулақ ұстаған. «Басты байлық – денсаулық» деп, бекер айтып кетпеген болар.