Kyzylorda-news.kz. Жер бетінде ең көп тараған ауру түрлерінің қатарына буын аурулары да жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, әлемдегі адамзаттың әрбір үшіншісі буыннан зардап шегуде. Алдын алмаса, соңы мүгедектікке соқтыратын қауіптің қарқындауына себеп не?
Буын ауруларының түрлері қандай? Аурудың алдын алу үшін не істемек керек? Осы және тақырып турасындағы өзге де сұрақтарды Қазалы аудандық емханасының ревматолог дәрігері Жанар Қожағұловадан сұрап, білдік.
– Жанар Жаңабергенқызы, буын аурулары біртіндеп дендейтін ауру түріне жатады. Көзге көрінбейтін өзгерісті алғаш қалай байқауға болады? Жалпы, буынның ағзадағы қызметі туралы айтып өтсеңіз…
– Буын сүйектердің ағзадағы бір-бірімен байланысатын басты жері. Буынның бұзылысы әдетте қалыпты қозғалысқа кедергісін келтіріп, қиындық тудырады. Буын ауруының белгілеріне қозғалыс қиындауынан өзге қызу қимылдаған уақытта аурудың қозуы, ісініп қызаруы, температура көтеріліп, асқа тәбет жоғалуы, таңертең тұрғанда, буындардың қақсауы, әлсіздік, дене салмағы азаюы, бұлшық еттер ісініп, буындар қара, қызыл түске енуін жатқызуға болады.
Қазір бұл сала зерттелген. Жағдайы мен салдарына орай түрліше жіктеледі, топтастырылады. Оларға нақты мына нәрсе себеп болады деп дөп басып айту қиын. Мәселен, буындардағы шеміршекаралық майдың таусылуы, сүйектердің қисық бітуі, жарақат салдарынан сынған сүйектердің дұрыс бітпеуі, ревмотологиялық аурулар негіз болуы мүмкін. Артық салмақ және шамадан тыс желінген ас, тұтынатын су сапасыздығы да ауруға соқтыруға себеп бола алады.
Аяқтың ауруы, қолдың қақсауын салқын тигенге балап, дер кезенде мән бермей жүретіндер қатары қалың. Немқұрайлық салдары неге ұшырататынын көбі біле бермейді. Сондықтан уақытылы тесеруден өту кез-келген адамның ертеңгі күніне септесетінін айтудан жалықпаймыз.
– Статистикаға жүгінсек, бұл аурумен ересек адамдардың 50 проценті ауыратын көрінеді. Сіз айтып отырған тексеруден өткен тексерілушілердің үштен бір бөлігі буындардың қатты ауырғанынан және олардың ісінуінен, қисаюынан зардап шеккенін айтып шағымданады екен. Бұрын бұндай белгілер үлкендерге тән болатын. Қазіргі жағдай қандай?
– Оныңыз рас. Буын аурулары бейжайлықты көтермейді. Қазір ауру түрлері жасарып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкендер шағымданса, соңғы кезде жасы жиырмадан асқан жандардың арасында да белең ала бастады.
Мәселен, остеоартроз, коксартроз, остеохондроз секілді аурулар кезінде адамның жүруі қиындайды. Жамбас, тізе буындағы буынаралық шеміршек майы азайып, қос сүйек бір-біріне қажалады. Алғашқыда аздаған ауырсыну еленбегенімен, кейде ауыр жұмыс істегенде, көп жүргенде, бір жерде ұзақ отырғанда, баспалдақпен жоғары көтерілгенде, сырқырап, бел мен жамбас сүйектерде ауырсынулар болады. Бірақ демалғаннан кейін, ауырғаны басылады. Сүйектер қажалған сайын ауырсыну күшейіп, адам тізесін бүге алмайды, ақсаңдайды. Бірте-бірте ауру үдеп, тіпті қарыс қадам жүрудің өзі мұңға айналады. Өкініштісі, аурудың соңғы сатысында дәрі-дәрмек те, жақпа май да көмектеспей, буын ауыстыру, яғни эндопротез салдыруға апарады.
– Сандарды сөйлетсек…
– 2019 жылы бізге 608 науқас тіркелсе, 2020 жылы – 654, 2021 жылы 681 адам есепке алынған.
Остеоартроз ауры көп таралған. Ол жастар арасында да жиі кездеседі. Ревмотойдты артрит екінші орында. Сондай-ақ жүйелі қызыл жегі (СКВ), жүйелі склеродермия (ССД), дерматомиозит, анкилоздаушы спондилоартрит (Бехтерев ауруы) бар.
Жыл басынан бері 88 адам жалпы ем алса, 48 науқас күндізгі бөлім қызметін тұтынды. 40 емделуші ауруханаға жатты. Жыл санап еліміздегі басты орталықтарға тексерілу, емделу аясы ауқымын кеңітіп келеді. Бұл бізге белгілісі. Ал өздігінен ем қабылдап жүргендері қаншама.
– Буын ауырмас үшін оның алдын алу және бастапқы сатысында қандай қарапайым ережелерді қолданған дұрыс?
– Буын ауруынан құлан-таза айығып кету қиын. Бірақ сырқатқа шалдыққан адамдар барынша ауыр салмақты зат көтермей, биік өкшелі аяқ киімнен бас тартып, тым ұзақ жаяу жүрмеуге мейлінше көңіл бөлгені дұрыс. Басты ескеретін нәрсе, дұрыс тамақтану. Мәселен, тәтті бұрыш, сарымсақ пен пияз, шпинат пен ақжелек секілді көкөністер буынға өте пайдалы. Буынға ыстық басу да зиян. Егер қабынған болса, кері әсерін тигізуі мүмкін. Салауатты өмір салтын ұстану буын ауруларының алдын алуға көмектеседі. Әрдайым жаттығулар жасап, рационыңызға табиғи нәрлі тағамдарды қосу маңызды. Дене жаттығуларын жасап, құрамында дәрумендері мол табиғи тағамдарды пайдаланған дұрыс.
– Сөзіңізде «құлан-таза айығып кету мүмкін емес» деп қалдыңыз. Бүгінде «Буын ауруынан бір аптада арылтамын», «Үш күнде буын қиындығынан құтыласыз» деген сынды жарнамадан көз сүрінеді. Осы туралы тереңірек түсіндіріп өтсеңіз…
– Аурудың алғашқы сатысында жағдайды біршама қалыпты күйге жақындатуға мүмкіндік бар. Ал созылмалы сипат алғанында, біз барынша сол қалпында ұстап қалуға күш жұмылдырамыз. Соңғы сатысында ағза ауыстырылуға жіберіледі. Бірақ науқасының созылмалығын естіп: «Менің буыным ауырады. Бәрібір кейіннен мүгедек болып қаламын» , – деп жерінуге болмайды. Қазір түрлі жаңалықтар, жаңа дәрі-дәрмектер шығуда. Олардың денсаулықтағы кінәратты түбегейлі жоймаса да, жақсартуға атсалыса алатынын тәжірибе көрсетіп келеді.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!