Kyzylorda-news.kz Ақ халатты арындай таза ұстап, Гиппократ антына берік болып жүрген дәрігерлер қандай құрметке болса да ие. Жалағаштық жас дәрігер Жарқынбек Сыдықов аудан әкімінің үздік жастарға табыстайтын “Жалын” сыйлығын иеленді. “Бұл – маңдай тер мен табанды еңбектің, менің ғана емес, ұжымымның жемісі”, – дейді ол.
Дәрігер үшін әрбір минут алтынмен пара-пар. Секундта адам тағдыры шешілуі мүмкін. Осы ретте хирург Жарқынбек Сыдықовпен қауырт тірлік арасында сөйлесудің сәті түсті. Отадан шығып, отаға кіретін білікті маман үшін кез-келген марапат пен мадақтан халықтың алғысы маңызды.
“Медицинада жеті жыл білім алып, алған білім мен жиған тәжірибем арқылы 2009 жылдан бастап елге қызмет етіп, хирург-травматолог болып еңбек етудемін. Алдыма келген әрбір науқас маған өз бауырымдай. Талпына жүріп, халықтың тән жарасынан бөлек, жан жарасын таңып, мейірім көрсетіп, алғысын алудамын. Бұл – үлкен мәртебе”, – дейді ол.
Аудан халқы Жарқынбектей жарқын жүзді дәрігерін ұлықтап, аудан әкімінің жастар сыйлығына ұсынған болатын. Әрине, бұл марапатты ұжымның жеңісі, еңбектің жемісі деп ұғатын абзал жан алда да халыққа тоқтаусыз қызмет ететінін жеткізуде. Кеуде сарайындағы осынау елге қызмет ету деген басты міндеттің үдесінен жауапкершілікпен шығып жүр.
“Әрине, жауапкершілік деген медицинада, оның ішінде хирургияда бірінші орында тұру керек. Егемен елдің ертеңін, дені сау ұрпақ қалыптастырып, бүгінгі толқынға қызмет етудеміз. Адам өмірін құтқаруда секундтар маңызды рөлге ие. Қай жағдайда жауапкершілікпен қараймыз. Кез келген уақытта қызметке дайын болу – басты міндетіміз. Алда да халыққа қызмет тоқтап қалмайды. Ал марапатқа келсек, бұл – еңбекті елеу. Ұжымның еңбегін көре білу деп түсінемін”, – дейді ол.
Иә, қашан да қызметті алдыңғы қатарға қойып, тынымсыз тірлік пен ізденіс үстінде жүретін Жарқынбектің ерік-жігері мықты. Қазақтың осындай марғасқа ұлдары халық қамын ойлап жүр. Кейде тұғырға талпынып, жасанды қамқорлығымен көпшілік алдында жүргендердің мерейі үстем болып жатады. Тіпті, көп жағдайда десек болады. Сондайда Жарқынбек сияқты адал, еңбекқор азаматтар лайық еді ғой деп қаласың. Міне, Жарқынбектің әр қадамы жарқын болашаққа бастап, халқын құтқарып жүр. Мерейің үстем болсын, дәрігер!
Денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандар жауапты.Бүгінгі кейіпкеріміз де адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктегенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта да қастерлі мамандықтың қадірін арттыруға күш салмақ.