Kyzylorda-news.kz Бүгінде Жалағаш ауданында 1 орталық аурухана, 1 емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет пен 2 медициналық бекет бар. Аудан тұрғындарына 21 жалпы тәжірибелі дәрігер медициналық қызмет көрсетеді. Бұл туралы аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Индира Нағашыбайқызы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте баяндады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2022-2023 жылы Жалағаш ауданына қарасты Ақсу, Таң, Мырзабай ахун және Есет батыр ауылдарында жаңа емхана салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Қаракеткен елді мекенінде дәрігерлік емхана салынуда. Сондай-ақ биыл ауданға 7 санитарлық автокөлік берiлiп, елді мекендерге таратылған. Жыл соңына дейін 5 санитарлық автокөлік беріледі деп жоспарлануда.
Аудандық аурухананың «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 32 189 адам тіркелген, оның 12 429-ы – бала. 8 айда 10 162 алғаш аурушаңдық жағдай тіркелген. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырсақ, алғаш тіркелген аурушаңдық көрсеткіші 5,9 пайызға жоғарылаған. Атап айтқанда, алғаш рет тіркелген аурулардың ішінде І орында тыныс алу жүйесінің аурулары тұр. Бұл кеселмен 2 241 жағдай тіркеліп, былтырғымен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен.
Ал ІІ орында жүйке жүйесінің аурулары тұр. Мұндай 1032 жағдай тіркеліп, былтырғымен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Үштікті ас қорыту жүйесі аурулары түйіндейді, мұндай 830 жағдай тіркеліп былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыс¬тырғанда 3 пайызға көбейген.
– Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту және медициналық тексерулер қолжетімді болу үшін профилактикалық медициналық қарап тексеруге жататын нысаналы топтарға қызмет түрін жақсарту мақсатында «Автобус» маркалы жыл-жымалы медициналық кешенімен 11 392 адам медициналық тексерулерден өтті. Жылжымалы медициналық кешен консультациялық-диагностикалық қызметтер көр-сету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Осы «дөңгелекті емхананың» арқасында ең шалғай елді мекендердің тұрғындары кардиограмма, УДЗ, скринингтік тексерулерден өтіп, сонымен қатар дәрігерлерден кеңес және ауруханаға жатқызуға, жеке медициналық мекемелерде емделуге жолдамалар алады. Меди-циналық көмекті терапевт, офтальмолог, оториноларинголог, гинеколог, хирург, невропатолог, стоматолог, эндокринолог, психолог, рентген лаборант және басқа мамандар жүргізді, – дейді И.Нағашыбайқызы.
Айта кетейік, бүгінде Жалағаш ауданында 93 дәрігер бар. Биыл 10 дәрігер жұмысқа қабылданған. Алайда әлі де кадр тапшылығы 4 маманды құрайды. Тарқатып айтсақ, 1 рентгенолог дәрігер, 1 УДЗ дәрігер, 1 балалар хирург дәрігері және фтизиопедиатр дәрігері жетпейді.
2021 жылы жаңа аурухананың халық игілігіне пайдалануға берілуімен қатар хирургиялық оталарды жасауда дәрігерлер жылжымалы рентгендиагностикалық «Radius» аппаратын қолдана отырып, травматология-ортопедиялық оталарды кіші инвазивті тәсілмен кең көлемде жүргізуде. Сонымен қатар хирургия бөлімі де қажетті құрал-жабдықпен жарақталды. 2020 жылдан бастап Жалағаш аудандық ауруханасы құрамында оңалту бөлімі қызмет атқаруда. Аталған бөлімде балалар мен ересектерге арналған травматология, кардиология, нейрохирургия, неврология төсек бейіндері жұмыс жасайды.
Жыл басынан бері аудандық ауруханаға 4 771 науқас түскен. Сондай-ақ 222 ота жасалса, оның 98-і – хирургиялық ота. Бүгінде 4 138 науқас емделіп шыққан. Оның 1102-сі жоспарлы түрде, 3058-і шұғыл түрде жатқызылған. Емхананың күндізгі стационарында 140 төсек орын жұмыс жасайды. Кент аумағында 45 төсек орын болса, 12 дәрігерлік амбулаторияда 95 төсек орын бекітілген. Мұнда жыл басынан бері 2 979 адам емделіп шыққан.
Жыл басынан бері Жалағаш аудан бойынша 125 өлім жағдайы тіркелген, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 4 пайызға жоғарылаған. Оның ішінде 28 науқас ауруханада қайтыс болған, үйде қайтыс болғандар саны – 82, өзге де себептермен өмірден озғандар саны – 15.
Өлім-жітім көрсеткішіне талдау жасасақ, жүрек қантамыр аурулары бойынша 30 адам, жүйке жүйесі аурулары бойынша 20, кәрілік бойынша 20, қатерлі ісік аурулары бойынша 11, тыныс алу жолдары бойынша 11 адам өмірден өтсе, қалғаны өзге де себептермен қайтыс болған.
Хабарламашының айтуынша, ауданда ана өлімі соңғы рет 2006 жылы орын алған. Баяндамашы тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша да атқарылған бірқатар шараға тоқталды. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдерінің де бірқатар сауалын жауапсыз қалдырмады.
Жарқын жобалар ауылды түлетеді
Жалағаш ауданында ауылдық елді мекендерді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, жалпы ауылдардың екінші тынысын ашу мақсатында нақты жобалар жүзеге асуда. Қуантарлығы, бүгінде олардың жергілікті жұрт игілігін көріп отыр. Әсіресе Аққұм, Мәдениет, Мырзабай ауылдық округтерінде нәтижелі жұмыстар атқарылған. Ауыл әкімдері елді мекендердің бүгінгі тынысымен таныстырып, ел еңсесін тіктеуде жүзеге асырып жатқан жаңа жобалар барын жеткізді.
Аққұм ауылында бүгінде 380 отбасы, 1845 тұрғын бар. Тұрғындар ауыл тазалығын басты назарда ұстап, көркейту-көгалдандыру жұмысына жұмыла кіріседі. Ауылдағы Желтоқсан, І.Доспанбетов көшесіндегі 14 бағанадағы түнгі жарықшам за-манауи шамдармен ауыстырылды.
Мұнан бөлек 143 млн 340 мың теңгеге Аққұм және Жастар көшесі толық асфальтталып, М.Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға «Бірлік-А» шаруа қожалығының жеке қаражаты есебінен 1,2 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.
Ауыл жастары да елді мекен келбетін көркейтуде белсенділік танытуда. Мәселен, мектептің 20 жылдық түлектері ауылға тарту есебінде «Тайман қари» ме-шітіне 2 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ ауыл азаматтарының жинаған 1 млн 200 мың теңгеге А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің ауласына типтік жобадағы жылыжай орнатылған.
– Былтыр елді мекендегі ауылішілік 2 көшені асфальттау жұмысы жүргізілді. Ал биыл 8 көшеге асфальт салу жұмыстары жүріп жатыр. Аққұм көшесі мен орталық алаңға «Бақдаулет 57» шаруа қожалығы жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ауыл азаматтары орталық алаңға 8 млн теңгеге Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта орнатты, – дейді ауыл әкімі Алтынбек Асанбеков.
Ауылда кәсіп ашып, қолдан ке¬летін іспен айналысамын деген азаматтар қатары артқан. Алтынбек Асанбековтың айтуынша, жыл басынан бері 20 кәсіпкерлік субъектісі кірістер басқармасына тіркелген. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Майра Смайлова «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан мал шаруашылығына 5 млн теңге несие алса, 4 ауыл тұрғыны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 пайызбен несиеге құжат өткізіп, қаржыландыруын күтуде.
Мәдениет ауылында 394 отбасы бар, 2 мыңға жуық адам мекен еткен елді мекенде 1 ЖШС, 5 кооператив, 48 шаруа қожалық, 85 жеке кәсіпкерлік субектісі тіркелген. 9 ауыл тұрғыны биыл қайтарымсыз грант алған, олар мал шаруашылығы бағытында жұмыс жасауда.
Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Ардақ Оразбаевтың айтуынша, тұрғындар биыл көктемгі күріш орналастыру науқанында 1157 гектар күріш, 269 гектар жаңа жоңышқа, 615 гектар ескі жоңышқа, 139 гектар мақсары еккен.
– Ауылдағы №32 орта мектеп лицейі биыл 402 оқушыға құшағын айқара ашты. Қазіргі таңда білім ошағында 70 мұғалім сабақ беруде. Мұғалімдердің 84,7 пайызы – жоғары білімді мамандар. Сондай-ақ ауыл жастары спортқа бейім. Ауылдағы №14 балалар жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінде 90 бала қазақ күресі, дзюдо күресі және бокспен шұғылданады. Аталған спорт мектебінің түлектері «Азия» біріншілігінің жүлдегері атанып, республикалық сайыстарда да жүлделі орындарға қол жеткізуде, – дейді Ардақ Дәулетбайұлы.
Оның айтуынша, аталған елді мекенде келер жылы келелі жұмыстар жүргізіледі. Яғни ауылдағы 4 көше жарықтандырылып, Ж.Жабаев көшесіне жаңадан тас төселіп, Жаңақоныс көшесі асфальтталмақ.
Бүгінде Мырзабай ахун ауылында 210 отбасында 1244 адам тұрады. Оның ішінде 121 зейнеткер, 53 батыр ана, 19 алтын алқа, 34 күміс алқа иегері бар. Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында «Балдихан» шаруа қожалығы 4 млн 200 мың теңге, «Керейт» фермерлік шаруашылығы 27 мың теңге, жеке кәсіпкер Нұржан Әлимаш 70 мың теңгеге оқу құралдарын және жағдайы төмен отбасылардың балаларына демеушілік жасады. Бүгінде ауылда 2 ЖШС, 11 шаруа қожалық, 84 кәсіпорын бар.
– Биыл өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ауылда 2 млн 200 мың теңгеге Колхоз көшесіне 15 түнгі жарықшам орнатылған. Елді мекеннің кіреберісі мен орталығына 4 бейнебақылау камерасы қойылды. Мектептің 20 жылдық түлектері ауылға тарту есебінде елді мекенге кіреберіске арка орнатса, 10 жылдық түлектер «Менің сүйікті ауылым» белгісін орнатты. Биыл ауылда көктемгі науқанда 1326 гектар күріш, 159 гектар жаңа жоңышқа, 516 гектар ескі жоңышқа, 29 гектар бидай егілді. Ауылда 2005 жылдан бері клуб жоқ. 2014 жылы жоба сметалық құжаттары жасалған. 2021 жылы да 2 рет ЖСҚ дайындалып, қаржысы күтілуде, – деді Ғалым Тауыпбаев.
Ауыл әкімінің айтуынша, келер жылы К.Оспанов пен Жаңақоныс көшелері асфальтталады, мұнан бөлек ауылдық клуб ғимаратын салу да жоспарда бар екен.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұрсұлу Маратқызы кент және ауылдық округтер бюджеттерінде оң өзгерісбарын айтады.
– Кент, ауылдық округтердің нақтыланған өз кірістерінің жылдық болжамы – 228 млн 578 мың теңге, 8 айда дербес бюджеттің кірістері 201,5 млн теңгеге жос-парланып, 213,1 млн теңгеге орындалды. Ауылдық округтердің биылғы жылдық түсімдер болжамына да талдау жүргізілді. Нәтижесінде кент, ауылдық округтер бойынша кірістер болжамын 8 666,8 мың теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Түсімдер жоспары 8 666,8 мың теңгеге ұлғайтылып, сәйкесінше аппараттың ағымдағы шығындарына еңбекақы төлемдеріне, іс-сапар шығындарына, көше жарықтарының төлемдеріне бағытталады, – деді Н.Маратқызы.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға ерекше қолдау білдіруде. Тіпті ондағы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар да жұмыс жасап тұр. Ал жалағаштықтар оны өз мүмкіндігіне жаратып, ауылдарда кәсіпкерлік саласын дамытуға ден қойған. Бұл бір жағынан жұмыссыздық мәселесін тұсауға да үлкен қолғабыс болып отыр.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ