Kyzylorda-news.kz. Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Себебі, аталған мамандық иесінің ең негізгі міндеті адам өмірін құтқару болып табылады. Ауырған адамдардан өз жүрегіне ұялаған дәрігердің ең жақсы қаиеттерін сұрағанда олар: жылы сөзін, адамдарды топқа бөлмей бәріне бірдей қарайтын қарапайымдылығын, жауапкершілігін айта бастайды.
Осы қасиеттер бойынан табылатын білікті дәрігерлердің бірі – Жалағаш аудандық ауруханасының тәжірибелі травматолог-хирургтарының бірі Жарқынбек Сыздықов. Гипократ антына адалдық танытып жүрген азамат бүгінгі күнге дейін көптеген адамдардың өмірін ажалдан арашалап, үлкен алғысқа бөленіп жүр. Қолы жеңіл хирургтің біліктілігін жоғары бағалайтын көпшілік дертіне дауа іздеген сәтте маманның көмегіне жүгінеді.
Қай заманда болсын өзіне міндеттелген талаптардың маңыздылығына сай, дәрігер мамандығы – басқа мамандықтарға қарағанда ең қиын және ең ізгілікті мамандық болып саналады. Денсаулық сақтау саласына келген әрбір маман тек күнкөріс қамы деп емес, адам өмірінің арашасы екенін жете түсініп келуі керек. Аудандық аурухананың травматолог-хирургі Жарқынбек Сыдықов «Бір науқасты емдеп, аман-есен үйіне оралуына көмегім тисе, мен үшін соның өзі – үлкен бақыт» дейді.
Кейіпкеріміздің күнделікті қауырт жұмыс арасындағы азын-аулақ әңгімесінен көп ой түйдік. Жарқынбек Алтынбекұлы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде жоғары білім алып, алғашқы еңбек жолын Қарағанды қаласы, Х.Ж.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия ауруханасында резидент ординатор болып бастаған. Одан кейін Теміртау қалалық ауруханасында травматолог-хирург, 2019 жылдан бастап аудандық ауруханада травматолог-хирург қызметін атқарып келеді. Жұмыс барысында бас, дене жарақаттарынан бастап күйік, үсік, іріңді жарақаттарға дейін ем-дом жасайтынын айтқан ақ халатты абзал жан сынық жарақаттарын және балаларға да дәрігерлік көмек көрсетеді екен. Жарқынбектің жауапкершілігінің ең қиын тұсы әсіресе адам денесінің барлық бөлігінің сынығын қарау екен. Дегенмен қанша ауыр ота түрлері болса да адам өміріне араша болудың өзі мамандығыңа деген сүйіспеншілігіңді одан ары шыңдай түседі дейді.
– Жұмыстың қиындығы да, қызығы да қатар жүреді. Медицина саласына қалауыммен келдім, бала кезгі арманым болатын. Мамандық таңдаудан қателеспедім деп айта аламын. Өйткені қызметім қаншалықты жауапкершілікті талап етсе, менде соншалықты ынта-жігер бар. Сондықтан ерінбеймін, әрқашан табандылық танытуды, ізденуді, білім жетілдіруді назарда ұстаймын. Көптеген ауыр жарақаттарға ота жасаймыз. Кейде ауыр жағдайлар да болып жатады. Бірақ сол отадан аман шығып, өмірге қайта келгендей қуанған әрбір науқастың жанарындағы ризашылықты көргенде, алғысын естігенде марқайып қаласың. Міне, біздің еңбегіміздің еленуі осы жерде деп білемін, – дейді кейіпкеріміз.
Жас та болса травматолог-хирург, өз ісінің маманы атанып үлгерген Жарқынбек алдыңғы буын ағаларының біліктіліктері, ота кезіндегі, емдеу уақытындағы ақыл-кеңестері үнемі еңбек жолында үлкен тәжірибе болып келе жатқанын да жасырмады. Осындай қиын да ауыр оталарды өткеретін, дененің түрлі жарақаттарын, сынған бөліктерін қайта қалпына келтіруде дәрігерлік көмек бере алатын медицинаның күрделі саласында еңбек етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан үшін адам өмірі ең қымбат, денсаулық ең үлкен байлық. Біз де өз кезегімізде адамзатты аялы алақанымен жылыта алатын маман иелеріне тек қана абырой тілейміз.