Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау саласы – қай елде де, қай қоғамда да ең ауқымды сала. Өйткені ол саланың қызметі адам өміріне тікелей қатысты. Бұл салада күні-түні жұмыс бір сәт тыншымайды. Медицина саласындағы қызметкерлердің мойынында адам өмірінің жауапкершілігі бар. Сондықтан бұл салада жұмыс істейтін мамандар білім алып, тәжірибе жинаудан бөлек, сырқаттанған әрбір науқастың алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сол үшін де олар аяулы, құрметті.
Сондай аяулы, құрметті ақ халатты абзал жанның бірі – Сандуғаш Рахымбекқызы. Сандуғаш Жетісай қаласындағы медициналық оқу орнынан білім алып, еңбек жолын 2003 жылы Жалағаш аудандық ауруханасында бастапты. Бес жылға жуық уақыт аудандық аурухананың қабылдау бөлімінде мейірбике болады. Өзінің мамандығына аса сүйіспеншілікпен қарайтын Сандуғаш Рахымбекқызы басы ауырып, балтыры сыздап келген науқастарға дәрігерлік қызметінен бөлек, адами жүрекпен көмек көрсетіп, көптің алғысын алып, құрметіне бөленді. Осылайша басшылық құрам ақ халатты абзал жанды 2007 жылы «Хирургия» бөліміне кезекші мейірбике етіп ауыстырады. Бас дәрігердің бұл бөлімге Сандуғашты кезекші мейірбике етіп тағайындайтындай жөні бар, себебі мұнда көбіне ауыр жағдайдағы науқастар түсетін, ал оларды дертінен айықтыруға жұмыс жасайтын мамандар бойында бірінші кезекте біліктілік пен жауапкершілік болуы керек. Бүгінгі сұхбатта оның бойында бұл қос қасиеттің барын аңғардық. Сөзі нық, жұмысы жүйелі, арнайы отырып сұхбат беруден де бас тартты және қарсы болатындай реті бар. Себебі, науқастарға дәрігер тағайындаған күнделікті ем-домын жасайтын уақыт еді. Бөлімдегі науқастардың бірінің қан қысымын өлшесе, енді біріне кеңес беруде. «Дәрігердің сөзі де шипа» деген нақылдың мағынасына кезекші мейірбике мен науқастар арасындағы диалог барысында тағы бір мәрте көз жетті.
Сандуғаш Байкенова – жалағаштықтардың денсаулығын түзеуде уақытпен санаспай еңбек ететін абзал жандардың бірі де бірегейі. Оның жұмысы таңғы сағат 7:30-да әріптесінен кезекшілікті қабылдаудан басталады. Содан кешкі 20:00-ге дейінгі уақыты мұндағы науқастарға ем-дом жүргізумен өтеді. Кейде ауыр жағдайдағы науқастар бір күнде көптеп түсіп жатса, оның бір минут тізе бүкпей жұмыс істеуіне тура келеді. Солай бола тұра антына адал жан «менің уақытым таңнан кешке дейін» деп бұлданып көрмепті. Керісінше, «Дәрігер қай уақытта да қиын жағдайға дайын болуы керек» дейді ол.
«Иә, дәрігер расында қай уақытта да қиын жағдайға дайын болуы керек. Себебі біз адамдарды ауруынан айықтырып, сырқатынан сауықтыруға жұмыс істейміз. «Хирургия» бөліміне қандай науқастар түсетінін айтпаса да жақсы білесіздер, біз оларды тексеріп, ем-дом жүргіземіз, күрделі жағдайдағы науқастарды отаға да біз дайындаймыз. Бастысы, жасап жатқан еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біз үшін науқастың дертінен айыққанын көруден асқан бақыт жоқ. Науқастың сауығып, отбасына аман-есен оралғанын көргенде өзіміздің еңбегімізге марқайып қаламыз. Олардың бізге жаудырған алғысы жауапкершілікті еселейді», – дейді Сандуғаш Рахымбекқызы.
2013 жылы бөлімге 4 науқастың күрделі жағдайда түскені кезекші мейірбикенің әлі күнге дейін көз алдында. Ақ халатты абзал жан барлығының өмірін ажалдан арашалағысы келеді, бірақ іште мейірбикеден бір өзі, алайда барлық науқасты отаға дайындау қажет. Абырой болғанда күндіз кезекшілікті тапсырған әріптесі де оның қасына көмекке келеді. Осылайша бірігіп 4 науқасты отаға дайындайды. Барлығына ота сәтті жасалып, кейін науқастар аман-есен отбасына оралыпты. Бұдан олардың бойындағы жауапкершіліктен бөлек ұжымның ауызбіршілігін де аңғарасың. Міне, осылайша көлік апатына түскен жерлестеріміз аман қалыпты.
Кейіпкеріміз жайында толығырақ білу үшін әріптестерін де, ондағы науқастарды да әңгімеге тарттық. Бәрінің айтатыны бір сөз. Абзал жандар оның бойындағы жауапкершілігін, науқастарға жанашырлығын тілге тиек етсе, ем алушылар оның қолы жеңіл деп мақтай кетті. Кез келген адамның артынан мұндай жақсы әңгіме ермейді, елдің берген бағасы оның абыройын арттырады, жұмысына шабыт береді, өзі де жоғары бағаға лайық еді.
Қазір Сандуғаштың жетістігін бірер сөзбен айтып тауысу мүмкін емес, аудан әкімінің, «Amanat» партиясының бірнеше рет Алғыс хатымен, Құттықтауымен марапатталды. Сондай-ақ былтыр аудан бойынша мейірбикелер арасында «Ең үздік мейірбике» номинациясын иеленді.
